Мәселе

Есек бизнесі: Терісі үшін қазақтар жазықсыз хайуанды қырып жатыр

  • https://sn.kz/

    https://sn.kz/

Ауылдарда «еті арам, еңбегі адал» деп жүрген есегіміз қалмай барады. Өйткені, бүгінде елімізде «есек бизнесінің» көрігі қызып тұр. Оған басты себеп – Қытайда қазір қазақстандық есектерге сұраныс өте жоғары, деп жазады sn.kz ақпарат порталы, БАҚ деректеріне сүйене отырып.

Мысалы, «Қазақ» газеті ғаламторда есектің терісін сатып алушылардың хабарландырулары қаптап тұрғанын алға тартады. Оларға хабарласу барысында анықталғаны, есек терісінің құны – 15-20 мың теңге тұрады екен.

«Есекті өзіңіз бауыздауыңыз керек. Бізге тек терісі қажет. Құр тері емес, теріде есектің құлағы мен құйрығы міндетті түрде болуы шарт. Ондай тері көп болған жағдайда өзіміздің алып кетуге мүмкіндігіміз бар. Ал құлақсыз, құйрықсыз терінің құны – көк тиын», – деп анық-қанығын айтты теріні сатып алушы.

«Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, елде оның терісіне сұраныс көп болғандықтан, қорадағы есектерді еншілеп кететіндердің қатары көбейген. Айталық, Түркістан облысының бір ауылында бір түнде 22 есек қолды болыпты. Полицейлер ұрыларды құрықтады. Есектерді ұрлаумен бес адамнан құрылған топ айналысқаны анықталды.

Олар есектің терілерін Қытайға жөнелтіп отырыпты. Ал «аспан асты елінде» есектің терісінен эцзяо желатині (желатин – мал сүйегінен шығарылатын дәмі, иісі жоқ мөлдір желім) алынады екен. Яғни, одан жасалған препарат қытай медицинасында кеңінен қолданылады. Ол препарат иммунитетті көтереді, теріні жасартады, ұйқысыздықты, бедеулікті жояды.

Есек терісінен жасалған препараттар әлем елдерінде де үлкен сұранысқа ие. Демек, Қытайда есекті табудың өзі оңай шаруа емес. Ал ет тартқыштан өткізілген есектің еті фарш ретінде базарда сатылады. Көрші ел базарындағы құны бүгінде қой-ешкінің бағасынан қымбат болуы сондықтан.

Америкалық «New York Times» газетінің дерегіне сенсек, Қытайда жылына 4-5 тонна эцзяо желатині үшін 1 миллионнан астам есектің еті мен терісі өндіріледі. Есек тапшылығына байланысты, олар бұл жануарды Үндістан мен Пәкістаннан тірідей тасымалдаса, Ресей, Украина, Тәжікстан, Қазақстан мен Қырғызстаннан тек терісін «импорттайды».

Ал «Замана» газетінің жазуынша, тері жасы 3-тен асқан есектікі болуы тиіс. Одан кіші есектерді союға рұқсат жоқ. Ересек есек терілерінің бағасы бірдей. «Размер» өлшенбейді екен.

Енді Қытайдағы «Конфуций» институтының Минчжоу Линин есімді қызметкерінің «Азаттық» радиосына берген сұхбатына келсек, ол елде есектің еті мен терісі ежелден шипалық қасиеті бар деп саналады екен. Терісінен дәрілік заттар алынса, еті витаминдер мен минералдарға бай құнарлы азық саналады.

Жалпы, жоғарыда аталған эцзяо Қытайда шығарылатын өсімдік шайларының көбінің құрамында болады екен. Ал оны өндіру үшін Қытайда көптеген есек фермалары ашылыпты. Алынған өнім Шығыс Азия, Еуропа елдеріне, АҚШ-қа көптеп экспортталады. Сондықтан бұл елде есек басы кеміп кеткен. Осыған орай, оның құны да артқан. Мысалы, Қытайда қазір бір есектің құны 3 мың юань (463 доллар) тұратын көрінеді. Сол себепті, бұрын жылқы, сиыр өсірумен шұғылданып келген біраз фермалар енді шаруашылық бағытын өзгертіп, есек бағуға көшкен. Олар тері өткізуден бөлек, есек еті мен сүтін өңдеуді де жолға қоюда.

Ал іргеміздегі Қырғызстанда есек шаруашылығымен үш фирма арнайы айналысуда, оның екеуі – қытайлық кәсіпкерлерге тиесілі.

Былтыр әлемді біраз дүрліктірген «жарқанаттың ұясы» сияқты алыпқашпа әңгіме болып жүрмесе, мына жаңалықты естіген қазақтар да төрт түліктен гөрі, есек шаруашылығын дамытып әкетуі мүмкін-ау...

 




Көрілген: 2847    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 15.01.2020, 12:38

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29