"Еш ескертпестен атты": Талдықорғанда тал түсте оққа ұшқан Нұрлан Тілеповтың жақындары істің ақ-қарасын анықтауды сұрады

20 қаңтар 2022, 10:21

Талдықорған қаласының тұрғыны Нұрлан Тілепов тал түсте басына оқ тиіп қаза тапқан. Онымен бір көлікте отырған достары полиция қызметкерлері ескертусіз атты дейді. Алматы облысының полиция департаменті оқиға лаңкестік топтардың Талдықорған қаласындағы тергеу абақтысына жасаған шабуылы кезінде болғанын айтады. Ал оқ атты деген күдікке ілінген арнайы жасақ қызметкерлерінің үстінен тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

7 қаңтарда 27 жастағы Нұрлан Дәулетбайұлының басына оқ тиіп қаза болған. Оқиға Талдықорған қаласының Медеу көшесінде күндізгі сағат 12-де болыпты. Жақындарының сөзінше, оны полиция қызметкерлері террорист деп ойлап атып тастаған.

"7-сі күні таңғы 10 жарымда магазинге шығып кеткен дос баласымен. Содан қайтып оралмады. Өтінемін, осы істің ақ-қарасын біліп беріңіздер. Баламның лаңкестікке қатысы жоқ. Балам террорист емес, жұмыс істеп жүрген адал адам еді. Жазықсыздан жазықсыз атып кеткен", - деді марқұмның анасы Дина Сапуанова.

Нұрлан мінген көліктің ішінде өзге тағы 3 азамат болған. Шетімізден жарақат алдық деген Талдықорған қаласының тұрғыны Самат Дүйсенбеков полиция еш ескертусіз оқ атты, артынша ішкі істер басқармасына алып кетті дейді. Оның сөзінше, полицейлер басқармада түнгі сағат бірге дейін темекінің тұқылымен күйдіріп тергеген. 

"Көлікке арнайы жасақ еш ескертпестен оқ атты. Тіпті тұр, отыр деп айтқан жоқ, ауаға бір рет болсын алдын-ала оқ атпады. Абдырап қалдық, қарапайым тұрғынбыз дегенімізге қараған жоқ. Нұрлан Тілепов деген досым қаза тапты. Андрей, Мәди және мен жарақат алдық. Олар бізді қорқытып, содырларсыңдар деп бір құжаттарға қол қоюымызды талап етті. Ішкі істер басқармасында әбден ұрды", - деп мәлімдеді Талдықорған тұрғыны Самат Дүйсенбеков. 

Алматы облысының Полиция департаменті бұл істің тіркелгенін растады. Оқиға лаңкестік топтар Талдықорған қаласындағы тергеу абақтысына шабуыл жасаған кезде болғанын деді. Қазіргі таңда Өзіндік қауіпсіздік басқармасы арыз қабылдап, тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

"Қазір оқ атқан полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғап жатыр. Демек полиция қызметкерлері азаматтарды заңсыз атқан болса, оларды жазаға тартуы тиіс деп ойлаймын. Атар алдында азаматтарда қару бар-жоғын көруі керек, тоқтатып, бейбіт азамат па, соны тексеру қажет", - дейді заңгер Ғабит Өмірбеков. 

Самат Дүйсенбеков жарақат алған Андрей мен Мәди деген екі досын әлі таба алмай жатқанын айтады. Ешқандай медициналық көмектің көрсетілмегенін айтқан ол басымды сырып өткен оқтың орнын үйде емдедім дейді.