Мәселе

«Ет сасыса тұз себеміз...» немесе темекі өнімін жақтаған қазақ ғалымдарын қалай түсінуге болады?

  • «Ет сасыса тұз себеміз...» немесе темекі өнімін жақтаған қазақ ғалымдарын қалай түсінуге болады?

    «Ет сасыса тұз себеміз...» немесе темекі өнімін жақтаған қазақ ғалымдарын қалай түсінуге болады?

Баяғыда біреу «әке-шешесін сабағанды көрсек те, арбаға байлап қойып сабағанды бірінші көріп тұрмын» деген екен. Сол сияқты Ай мен Күннің аманында ақты қаралап, кір жаға салушыларды білсек те, көзге көрініп тұрған қап-қараны «мынау қара емес ақ, тек жөндеп қарау керек» деген сияқты ДАЛБАСАНЫ бұрын-соңды естіп көрдік пе осы? Көрмесеңіз айтайық, осыдан бірер күн бұрын, нақты айтсақ, 14 мамырда С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің сайтында «сұмдық» материал жарық көрді. Тақырыбы: «Қазақстандық ғалымдар табакты қыздыру жүйесі арқылы пайдалану, кәдімгі темекіден гөрі әлдеқайда зиянсыз екенін анықтады» деп аталады.




11 ғалымның «жаңалығы»


Сонда зерттеу қалай жүргізілген дейсіздер ғой? Қазақстандық 11 ғалым 2018 жылдың ақпан айына дейін жарық көрген шетелдік ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жинап, оларды шолып шыққан. Сөйтіп, электронды темекі мен қалыпты темекіні салыстыра қарастырған олар «қыздырылып шегілетін темекі құрамындағы қоспалар біршама төмен және ағзаны ластау жағынан әлдеқайда қауіпсізірек» деген нәтиже шығарған. Олар әсіресе темекінің құрамындағы ең қауіпті зат формальдегидке тоқталып, әлгі аталған қыздырып шегетін заманауи темекіде ол 93% пайыз төмен дегенді алға тартуда. Ғалымдар оны неге сүйеніп айтып отыр? «Беделді ұйымдар өткізген түрлі зерттеулер нәтижесіне! Бұл жайлы мақала 14 мамыр күні informburo.kz сайтында жарияланған. Міне, сілтемесі: https://informburo.kz/novosti/kazahstanskie-uchyonye-vyyasnili-chto-vred-ot-nagrevaniya-tabaka-menshe-chem-ot-sigaret.html

«Біз көптеген әр түрлі жұмыстарды зерттедік. Мәселен, қыздырып шегетін темекі ауыз қуысына қалай әсер етеді деген тұрғыдан алғанда, тіс жегі мен ауыз қуысының болмашы дәрежеде ғана өзгеріске ұшыраған. Ал темекі түтіні әсерінен айтарлықтай өзгерістер мен зиян байқалатын. Демек, бұдан СНТ қалыпты темекіден қаншама есе қауіпсіз деген қорытындыға келуге болады», – дейді Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің ғылым мен инновация департаменті жетекшісінің орынбасары Гаухар Байдильдинова.

Айтуларынша, зерттеуге қалыпты темекіден қыздыру жүйесі арқылы шегілетін темекіге көшкендер, әр түрлі нәсілдік топтардан және алынған нәтижелер есепке алынған. Және, тағы бір айтарлығы, америкалық зерттеушілер тышқандарға тәжірибе жасап көріпті, сонда ұрғашы тышқандардың өкпесіне зақым келсе, еркегі қыздырылған темекі аэрозолінің құрамына ешқандай әрекет танытпаған көрінеді. Ал адамдарға мұндай тәжірибе жасалмаған. Ғалымдар зерттеуе әйгілі Philip Morris компаниясының қаржы бөлгенін жасырмайды, «бірақ ол нәтижеге әсер еткен жоқ» дейді. Сөз соңында ғалымдар өз мақсаттары жайлы былай дейді:

«Зерттеу темекіні ақтауға немесе насихаттауға бағытталмаған. Есепте біздің қандай шетелдік басылымдарға иек артқанымыз көрсетілген. Айта кетерлігі, дәрілік құралдарды зерттеу қашанда ынталы топтың бастамасымен жүзеге аса бермейді, себебі ол өте көлемді қаржыны талап етеді. Тәртіп, талап бойынша ТҚЖ зерттеуді тәуелсіз ұйым не мемлекет жүргізуі керек. Бірақ, бізде ондай жоқ», – деді Назарбаев университетінің жетекші ғылыми маманы Александр Гуляев.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?

Ал енді осы тұста аталған университеттің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің директоры Қайрат Дәулетов өзінің Фэйсбук желісіндегі парақшасына осы мақалаға қатысты пост жазды. Онда ғалым былай дейді: «көптеген оқырмандар оқып үлгерген бұл мақалаға мен бейжай қарай алмаймын, себебі денсаулық сақтау саласының кәсіби маманы ретінде беделді басылымдардың көптеген мақалаларымен және ДДСҰ-ның осы реттегі ресми ұстанымымен жақсы таныспын.Ал, ДДСҰ-ның осы мәселе бойынша ұсынымы қандай? «Темекіні тұтынудың, соның ішінде ТҚЖ да адам ағзасына зиян келтіреді. Темекінің табиғатының өзі улы және тіпті табиғи формасының өзі канцерогенді. Сондықтан ТҚЖ/IQOS ДДСҰ-ның темекіге қарсы Жақтау Конвенциясына сәйкес шектеу мен ережелер жүруі тиіс. Ал, ДДСҰ ЖК ҚР тарапынан ратификацияланғандықтан, //online.zakon.kz/document/?doc_id=30079281), меніңше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық университеттің ақпаратына қатысты өз пікірлерін білдіруі керек сияқты, өйткені ДДСҰ темекі өндіруші компаниялар қаржыландыратын зерттеуге рұқсат бермейді».

Шынында, ДДСҰ ЖК-нің темекіге қарсы күрес туралы 5.3 бабы тараптарды ұлттық заңнамаларға сәйкес қоғамдық денсаулық сақтау саясатын темекі өндірісінің коммерциялық және басқа да корпоративті қызығушылықтарынан қорғауға бағытталған іс-әрекеттерге міндеттейді. Ол бойынша үкімет темекі өнеркәсібімен бірге қарым-қатынас жасауды шектеп, онымен қандай да бір серіктес болудан бас тартуы керек. Сондай-ақ бұл бап бойынша қандай да бір үкіметтік мекеме темекі өнеркәсібі немесе ұйымынан олардың көзқарасы мен мүдделерін қорғайтын ұйымдардан қаржылай немесе басқа да жарналарды қабылдамауы керек.

Ендеше, біздің аты дырдай С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ғалымдары, басшылығы бұл Конвенцияны білмей ме? Білсе де, белден басып отыр ма? Әйтеуір олар өздерінің бұл зерттеуді жүргізулеріне қаржыны әйгілң Philip Morris компаниясының қаржыландырғанын ашып айтып отыр.

Қайрат Дәулетов сондай-ақ өз жазбасында «темекі өнеркәсібі мен соның төңірегіндегі ұйымдар басқа да темекі өнімдерімен байланысты қауіп тұрғысынан қоғамды адастырып жатыр. Ал, мұндай құйтырқылық әрекетерді, Big Tobacco компаниясы 1960 жылдары бастаған. Әлі сол көзқарас, сол мақсат, ол – үкімет пен қоғамды жаңа темекі өнімінің бұрынғы темекіге қарағанда «қауіпсіздеу», «әлдеқайда таза» немесе «зияны аздау» екеніне сендіру немесе көндіру, ал турасын айтқанда ашық түрде арбау», - дейді күйініп. «Мейлі ғой, тым құрыса мұндай зерттеуді басқа тәуелсіз зерттеушілер жүргізсе, бұл жерде мәселе «қыздырылып жанатын темекінің зияны аз» деген сөздің ҚазҰМУ ғалымдарының аузынан шыққандығында болып тұр ғой? Біріншіден, зерттеу нәтижелері халықаралық рецензияланған журналдарға жарияланды ма? Және бұл жерде қандай да бір басылымның аты аталып, түсі түстелмейді, әйтеуір «беделді басылым» деген бір сөз қайта-қайта айтылады? Ал ғылымда сілтеме деген нәрсе болмай ма? Сілтемесіз еңбек ғылыми еңбекке жата ма, өздеріңіз ойлаңыздаршы. Яғни, жасалған зерттеулер кімнің еңбегінен алынды, қандай нақты ғалымдардың тұжырымына арқа сүйейді, оған дәлел қандай? Осы сұрақтар әлгі «зерттеуде» мүлдем ашып көрсетілмеген», - дейді Қ.Дәулетов.


«Кімнің арбасында отырсаң, соның әнін айтасың»...

Ал екіншіден, тағы бір айтатын мәселе, әлгі темекі өнімін зерттеудің Philip Morris компаниясының қаржысымен жүзеге асқандығы. ДДСҰ-ның Конвенциясында бұл нәрсеге жол беруге болмайтыны ашық жазылып тұр. Былай логикамен ойлап қарасақ та, түсінікті емес пе? «Кімнің арбасында отырсаң, соның әнін айтасың», дейді қазақ. Яғни, темекі компаниялары ақшаны бергенде, «темекінің зиянын анықта» деп бермесі анық қой. Кім өзі отырған ағаштың бұтағын кеседі? Ендеше, темекі жайлы зерттеуге кететін қаржыны олардың өзінен алу да бір, қасқырға қой баққызған да бір.

Ғалымдарымыз өз зерттеулерінің негізі жайлы әлдебір «беделді басылым» дейді. Жарайды, солай-ақ болсын. Осы тұста да Қайрат Дәулетовтің өз айтары бар. «Мен үшін беделді басылым дегеніміз ол – 2018 жылдың 23 қазанында осы басылымда жарық көрген мақалада ең бірінші IQOS тегіс қамтитын тәуелсіз сараптамалар жиынтығы басылған BMJ тобының Tobacco Control журналының арнайы нөмірі. /сілтемесі: https://tobaccocontrol.bmj.com/content/27/Suppl_1/ Әлемнің 30 елінің ғалымдары жазған 20-дан астам мақалада IQOS-тің бауырды улап, жүрек қан-тамырларын зақымдап, өкпені мен иммундық жүйеге айтарлықтай улы зақым келтіретіні анық жазылған. Болды, бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома" дегене келтіреді ғалым.

Әрине, бұл төңіректегі дау жуық арада таусылмайды. Алайда бір нәрсе анық, ғалымдар өздері айтпақшы «жүргізген зерттеулерінде» темекі өніміне қатысты қандай жылы-жұмсақ сөз қолданып, өз істерін жуып-шайса да, көздегендері біреу-ақ, ол – қыздыру жүйесі арқылы шегілетін темекіні жақтау болып табылады. Егерде осы темекін жақтаған қандай да бір ғылыми мақала жарияланып жатса, ол С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің беделіне нұқсан келтірмесе, зәредей де пайда келтірмесі анық. Өзіңіз ойлаңыз, арам асты мың жерден «адал» деп атағанымен генмен, ол шынымен адалға айналмайды ғой, яғни, абсурд. Бұл да бір, молданың жалпақ жұрттың алдына шығып қандай да бір алкогольді өнімді арақпен салыстырып, «бұл өнім халал, денсаулыққа, адамның психикасына зияны аз» деп айтқанымен бірдей. Ал сіз молданы осылай елестете алар ма едіңіз?.. Яғни, басқасы басқа, елдің көзін ашатын ғалымдарымыз бен адамзатты ажал аузынан арашалап қалатын болашақ дәрігерді даярлайды деп сеніп отырған Қазақ ұлттық медицина университетінің атышулы ғалымдары мен ректоры темекіні жақтап, осындай тұжырым жасап отырса, басқасына не жорық? Мұны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі назардан тыс қалдырмауға тиіс! Себебі бүгін темекіні жақтап шыққан ғалымдарымыз ертең арақты, арғы күні басқа да адамға зиянды заттарды ақтап шықпасына кім кепіл? Сонда халық кімге сенуі керек? «Ет сасыса тұз себеміз, ал тұз сасыса не себеміз?..» Қысқасы осы...


 




Көрілген: 849    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 20.05.2019, 17:20

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30