ГИТЛЕР ЖАРЫЛҚАПТЫҢ ҚЫР-СОҢЫНАН ҚАЛМАЙ ҚОЙДЫ...
Жарылқап Қалыбайға - «Аңыз адам» журналына Гитлерді шығарғаны үшін сан түрлі айып тағып, соттан сотқа сүйреп жүргендер неміс фюрерінен де қиын болып тұр. Естеріңізде болса, «Жұлдыздар-отбасы – Аңыз адам» журналының сәуір айындағы нөмірінің шығуына орай, ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі басылымды «ҚР Конституциясы мен заңнамалық актілерін бұзған. Соның ішінде әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты тудыру фактілері кездеседі (ҚР Қылмыстық Кодексінің 164 бабы)» деп айыптаған болатын. Одан кейін Алматы қаласында тұратын бір топ ардагер журнал басшысын «Гитлерді насихаттап, біздің ар-намысымзға» тиді деп бір даурықты. Енді Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасы Жарылқап Қалыбайды Гитлер арқылы экстремизмді насихаттады деген айыппен әкімшілік сотқа беріп отыр. Шілденің 18-інде өткен сот отырысына «Алаш айнасы» тілшілері де қатысып қайтқан еді.
Алматы қаласы Алмалы аудандық ІІБ барлық қазақ зиялылары, ғалымдары мен қоғам қайраткерлері жақтап отырған «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналын экстремизмді насихаттады деп айыптауда. Ішкі істер департаментінің сарапшылары Адольф Гитлерге арналған №92 нөміріндегі «Гитлер – фашист емес» деген бір ауыз сөзге бола тұтастай журналдың мазмұнын жоққа шығарып отыр.
Жарылқап Қалыбайдың үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 344 бабының 2 тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналының 92 нөмірінде экстремизмді жақтау белгілері бар деген күдікпен сараптама тағайындаған болатын. Құқық қорғау органдарының сарапшылары Гитлерге арналған 52 беттік журналдағы сауалнама айдарында «Гитлер – фашист емес» деген мақалада экстремизмді насихаттау белгілері болуы мүмкін деген қорытынды жасаған. Яғни, сарапшылардың өзі аталған материалда «мүмкін» деген бір сөзбен экстремизмді насихаттаудың нақты белгілерінің бар екеніне көз жеткізбегені көрініп тұр. Сотқа құқық қорғау органдарының сарапшылары Равилов пен Мұқанова сотқа қатысқан жоқ.
Соттан әбден мезі болса да, өзін нақақтан нақақ кінәлауға жол бермеуге тырысып жүрген Жарылқап Қалыбай бұл жолы сотқа екі бірдей адвокатпен келіп, өзінің кінәсіздігін дәлелдеп бақты.
Шымқуат БАЙЖАНОВ, адвокат: – «Аңыз адам» журналының бірінші бетінде бас редактор Жарылқап Қалыбай не үшін Гитлерді журналға шығарып отырғанын, оның адамзатқа қасірет әкелгендігін ашық жазған. Журналдың сыртында Гитлердің суреті қызыл фонға, яғни қанның түсіне қойылған. Ал фашизмнің свастикасының бөлшектенген суретін салған. Ал енді «Сауалнама» айдарында 5 ғалым «Сіздің ойыңызша Гитлер қандай адам» деген сұраққа пікір білдірген. Соның ішінде Нағашыбай Есмырзаның «Гитлер – фашист емес» деген сөзі оны фашизмді жақтап, халықты экстремизмге шақыру мақсатында айтылмаған. Егер автор мәтінде халықты бүлік шығаруға айдап салып, ұлтаралық наразылық тудыруға итермелесе, оны осындай сөздерін редактор журналға басса, онда әңгіме басқа. Редакторды эксремизмді насихаттады деп айыптау үшін сауалнамадағы пікірдің авторын сот экстремист деп дәлелдеу керек алдымен. Ең алдымен мәтіннің мазмұнына мән берілу керек. Осы мәтінде экстремизмді насихаттайтын белгілердің жоқтығын сарапшы ғалымдар анықтап отыр. Біз журналдың Гитлер туралы санына арнайы маманның сарптамасын жасаттық Осындай сарапшылардың бірі «Әділ сөз» қоғамдық қор жанындағы Ақпараттық даулы құжаттар бойынша лингвистикалық сараптама жасайтын маман Р.Қарымсақова.
Рахиля ҚАРЫМСАҚОВА, сарапшы-маман: – Мен тіл маманымын, 42 жылдық еңбек өтілім бар, 12 жыл сараптама саласында қызмет етіп келемін. Экстремизмге қатысты даулы құжаттар сараптамасы методикасының авторының бірімін. 26.06.2014 жылы «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналының 2014 жылғы №8 санына сараптама қортындысын шығардық. Мұндай сараптаманы жасау үшін материалмен толығымен таныстық және негізгі мазмұнына мән беріледі. Одан кейін мәтіннің қандай мақсатта жазылғаны анықталады. Сараптама қорытындысын қысқаша түсіндіре кетсем, журнал негізінен Гитлер туралы емес, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Гитлердің рөлі туралы және екінші айтайын деген ойы Ресей тарапынан төнген қауіпке қатысты пікір білдіру. Журнал толықтай бір тақырыпта жазылғандықтан ондағы бір материалға ғана сүйенуге болмайды. Журналдың алғашқы бетінен бастап соңына дейін барлық айдарларға сараптама жасалды. Мұнда ешқандай экстремизмді насихаттайтын белгілері табылмады. Жалпы жер бетіндегі адамдардың көбі Гитлерді жауыз, қанішер деп танитын болса, көпшіліктің арасында оны мықты саясаткер, неміс халқының көшбасшысы деп қабылдайтындар да бар. Егер Нағашыбай мырза, Гитлердің білімді, ұлтшыл екенін айта келіп, халықты алаңға шығуға шақырса, онда экстермизмді қоздыруға әрекет етті деп айыптауға болар еді.
Сарапшы сот барысында журналдағы әр тақырыпқа жеке тоқталып, сараптап, түсініктеме жасады. Нақтырақ айтқанда, 52 беттік журналды жіліктеп, жіктеп берді. Ондағы әр сөздің орнымен қолданылғанын дәлелдеп бақты. Өкінішке орай, сарапшының сөзін түгелдей басу мүмкін емес. Дегенмен Рахиля ханым өзінің маман ретінде сараптаманы өте сауатты жасағанын айта кеткеніміз жөн.
Қазақ басылымының түбіне жетуді түпкілікті мақсат етіп алған кім болса да, Гитлерді өзінің ойынына сәтті пайдалануда. «Гитлер фашист емес» деген сөзді айтқан Нағашыбай Есмырза сотқа шақырылмаса да өзі келіп қатысуды жөн санапты. Алайда сот Есмырзаны куә ретінде қабылдамады. Сонымен тағы да сот аяқсыз қалды. Үш сағатқа созылған соттың нүктесі қойылмаған күйде тарасты жұрт. Келесі сот отырысы 24 шілде күні болады. Алдағы сот отырысына құқық қорғау органдарының сарапшылары шақырылып отыр.
Егер елімізде сөз бостандығы, ой еркіндігі бар екені рас болса, «Жұлдыздар отбасы –Аңыз адам» журналына қатысты сот оңтайлы шешіледі деген үміттеміз.
Автор: Айнұр Сенбаева
Жұлдыз
Радиосы