Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Халықтық IPO: кімде қанша акция бар?

22 желтоқсан 2012, 14:38

Күні кеше ғана «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын сатып алған азаматтардың тізімі Қазақстанның қор биржасына тапсырылды. Алдағы дүйсенбі күні олардың есепшотына еліміздегі ірі мұнай компаниясының құнды қағаздары аударылады. Ал желтоқсанның 25-і күні биржада ашық сауда-саттық басталады. Дәл сол кезде акциялардың нарықтық бағасы белгілі болмақ.
Негізі, ел Үкіметі биылғы Халықтық ІРО бағдарламасының алғашқы кезеңі сәтті өтті деп отыр. Себебі «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының акцияларын сату барысында халықтың сұранысы ұсыныстан екі есе көп болды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төр­аға­сы Өмірзақ Шөкеевтің хабарлауынша, «ҚазТрансОйлдың» акцияларын сатып алу бойынша ел азаматтары мен жинақтаушы зейнетақы қорларынан түскен өтініштердің жалпы құны 59,4 млрд теңгені құрады. Ал бир­жаға шығарылатын акциялардың жалпы сомасы тек 28 млрд теңге көле­мін­де ғана бекітілген болатын. «Демек, сұраныс ұсыныстан екі есе асып кетті», - дейді Ө.Шөкеев. Қазақстандағы мұнайдың 59 пайызын тасымалдайтын ірі компанияға акция арқылы иелік етуді көздейтіндерді жіктейтін болсақ, зейнетақы қорлары мен маркетмейкерлер тарапынан 37,3 млрд теңгенің өтініштері түссе, қарапайым халық 18,6 млрд теңгенің акцияларын сатып алуға ниет білдірген екен.
Әркен АРЫСТАНОВ, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:
– Биылғы Халықтық ІРО бағдар­ла­масына қатысу жағынан еліміздің батыс аймақтары ерекше белсенділік танытты. Атап айтқанда, Ақтөбе, Аты­рау және Маңғыстау қалаларының тұр­ғындары «ҚазТрансОйл» компа­ния­сының акцияларын көптеп алды. Әри­не, Алматы мен Астана да құнды қағаздардың біраз бөлігіне ие болды.

Қайыргелді ҚАБЫЛДИН, «ҚазТрансОйл» компаниясының бас директоры:
– Желтоқсанның 4-і күні өтініштерді қабылдау науқаны аяқталған болатын. 5-10 аралығында оның барлығы сара­ланып, акция иелерінің тізімі жасалды. Желтоқсанның 10-19-ы кезінде ол тізім бойынша компания акциялары тара­тыл­са, енді 24-іне дейін биржада соңғы есеп-қисап жұмыстары жүргізіледі. Сол уақытта акция иелеріне арнайы бир­жа­лық куәліктер беріледі.

Сонымен, бүгінде «ҚазТрансОйл» ком­па­ниясы акция иелерінің тізімін жасап, Қазақстанның қор биржасына тапсырды. Оған сәйкес, Қазақстан Республикасының 33 989 азаматы барлық акциялардың 79,1 пайызына ие болса, қалғаны 10 жинақ­тау­шы-зейнетақы қоры және 1 маркет-мей­кер­ге (брокерлік фирма – авт.) бұйырды. Компанияның жоспары да сол болды: ең алдымен, ел азаматтарының өтініштерін қарап, олардың арасында акцияларды тарату. Осының арқасында 28 млрд теңге көлемінде бекітілген акциялардың басым бөлігі халықтың еншісіне тимек. Ал қалған бөлігі зейнетақы қорлары мен маркет­мей­керлер арасында таратылса да, ел аза­мат­тары ол акцияларға да жанама түрде иелік етпек. Себебі жинақтаушы зейнетақы қор­ла­рының ақшасы – елдің салымдары. Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақ­стан­ның 8 млн азаматы өз ақшаларын жинақтаушы зейнетақы қорларына ауда­рып тұрады.

P.S.
Келесі жылы Үкімет «КЕГОК», «Қазтеңізтрансфлот», «Самұрық-Энерго» және «ҚазТрансГаз» компанияларының акцияларын биржаға шығаруды жоспарлап отыр. Сол кезде «Қазпошта» ел азаматтарының барлық өтініштерін интернет арқылы қабылдауы тиіс.