Жамбыл облысында 4 млрд теңгеге канал қазуға жалданған шетелдік компания жер сипатып кетті

02 маусым 2022, 08:23

Жамбыл облысында 4 млрд теңгеге канал қазуға жалданған шетелдік компания жер сипатып кетті. Салдарынан мыңдаған суармалы жер шаңғытып, диқандары бау-бақша еге алмай қаңғып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

 
Үш жылдан бері тамшы суға тарыққан жұрт бұл мәселеге Президенттің өзі араласса дейді. Өйткені жергілікті билік те, басқасы да проблеманы жақсы біледі. Бірақ нәтиже жоқ.

Бір жыл бұрын бітуі тиіс су жүйесінің бүгінгі сиқы осы. Тендерден ұтқан Түрік компаниясы "тамағын жеп, табағын теуіп кетті" дейді тұрғындар.

 «Түріктер алған. Олар ештеңе тындырмағаннан кейін олар ойыннан шықты да биыл ирандықтар келді. Он метр жерді бетондап еді. Дұрыс жасамағандықтан оны бұзып тастады. Сонымен сол қалпында тұр», - дейді Бөлтірік шешен ауылының тұрғыны Әлжан Кебісбаев.
Бұл Бөлтірік шешендіктердің бір басындағы мәселе емес. Шу өзенін жағалай жайғасқан жалпы жұрттың жан айқайы. Бас аяғы 5 мың гектар суармалы жердің нәсібінен айырылып отыр. Бес миллиардқа жуық теңгеге 50 шақырымға жете ғабыл канал былтыр жаңалануы тиіс еді. Бірақ канал іші қаңсып, жағасындағы суармалы алқаптың аңқасы кепкені қашан.

«Сұмдық қой бұл деген. Қалай енді? Өзіңіз ойлаңызшы үш жыл бойы су жоқ. Су көрмедік. Бір-ақ жылдың ішінде істеп береміз деген. Қатырып береміз деген. Не су жоқ, не басқа нәрсе жоқ», - дейді дихан Құдайберген Шонаев.
Осылайша 2019 жылы басталған жұмыс жарым жолда қалған. Билік бұдан бейхабар емес. Айтуларынша, канал басына келмеген адам жоқ. Алайда келгендерден қайыр жоқ. Сондықтан амалсыз бұл мәселенің "батасын" Ақорда жақтан берсе дейді. 

Тендерді ойнатқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті, Дүниежүзілік даму банкінен қаржыландырылған Түрік компаниясын қазір сотқа берген. Айта кетейік бұл қаржының 70 пайыз үлесін Қазақстан төлейді. Созбалаңға салынған жобаны жалғастыру үшін биыл тағы бір шетелдік Иран компаниясын тартқан. 

 «3 миллиард 750 миллион теңгеге ұтып алған болатын. Бірақ кестесіне сай жұмыс істемегені үшін келісімді үзуге мәжбүр болды.  Ал Иран компаниясы 2023 жылдың қараша айында аяқтау керек. 4 миллиард 875 миллион теңгеге ұтып алды. Ол міндеттемені бітіруі керек, болмаса айыппұл санкциялары кетеді оларға», - деді «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев.
Шетелдік Түрік компаниясынан аузы күйген жұрт Ирандықтардың да істі ширататынына иланбайды. Кесте бойынша істеген күнде де екі жылсыз иегіндегі судың игілігін көре алмайды