Жамбыл облысындағы сарбаздың өлімі: Күдіктінің кім екені анықталды

03 мамыр 2022, 19:08

Бас әскери прокуратура Жамбыл облысында көз жұмған сарбаздың өліміне күдікті анықталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Жамбыл облысы Гвардейский елді мекенінде көз жұмған сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша күдіктіні ұстады. Ол сарбаздың әскерге бірге шақырылған әріптесі болып шықты", – делінген хабарламада.

 

Прокуратураның хабарлауынша, қамауға алуға куәгердің айғақтары және зорлық-зомбылық өлім белгілері бар сот-медициналық сараптаманың нәтижелері негіз болған.

 

"Материалдар сотқа қамауға алуға бұлтартпау шарасын санкциялау үшін жіберілді. Күдіктінің іс-әрекеті адамның өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу ретінде сараланған (ҚР ҚК 440-бабы 4-бөлігі). Сотқа дейінгі іс жүргізу жалғасып жатыр", - деп толықтырды ведомоства.

 

Айта кетсек, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы №30212 әскери бөлмішесінде борышын өтеп жүрген 18 жастағы сарбаз мерт болған еді. Ол Отан алдындағы борышын өтеу үшін 18 сәуірде барған, бірақ 4 күннен соң жақындарына қаралы хабар жетеді. Қаза тапқан сарбаз Әлібек Қалбайдың денесі өткен аптада туған жері Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылына жеткізілді.

 

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында көз жұмған 18 жастағы сарбаздың өліміне қатысты пікір білдірген еді.