Жамбылда асылып қалған сарбаздың өліміне қатысты тың деректер айтылды

23 қаңтар 2023, 17:01

2022 жылдың 19 тамызында Жамбыл облысында қайтыс болған сарбаздың өліміне қатысты тергеу тағы бір айға ұзартылды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Halyq Uni тілшісі күдіктінің адвокаты Сержан Пралиевке сілтеме жасап жазды.

Ұлттық қауіпсіз комитеті шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген 2004 жылы туған Бекбол Мираш асылып тұрған жерінен табылған. Содан кейін қылмыстық іс қозғалып, cержант Айбек Нұртаев қамауға алынды.

 

«Сержант Айбек Нұртаев шекара қызметінде 20 жыл жұмыс істеген. 4 баласы бар. Оған қайтыс болған Бекбол Мирашты ұрып-соқты, қадір-қасиетін қорлады деген айып тағылған. (...) Басында сарбаздың кездесіп жүрген қызымен ұрысып қалғаны айтылды. Содан кейін қыз ақпаратты жоққа шығарды. Бір-екі күн өткен соң қызымен ұрысып қалған деп жауап берген сарбаздар сөзін өзгертіп, сержант Нұртаев ұрып-соққан, ақша сұраған деп жауап берген», - деді адвокат Сержан Пралиев.

 

Адвокаттың айтуынша, қайғылы жағдайдың алдында бес аадм бірігіп ішімдік ішкен.

 

«17 тамыздан 18 тамызға қараған түні бес адам арақ ішкен. Оның ішінде Бекбол Мираш (марқұм) та бар. Жарты жылдан бері бірге қызмет етіп келе жатқан жолдастары жанында болған. Арақ ішкен. Бәрі саралауда бар. Мирашта старшина Кәрібаевтың кабинетінің кілті болған. Сол жерде бағасы қымбат үш шөлмек арағын ішіп қойған. Сол старшина келесі күні бәрін тауып, ұрысқан. Сержан Нұртаевқа жұмыс жүргіз деп тапсырған. Нұртаев «неге ішесіңдер?» деп ұрысқан», - дейді Пралиев.

 

Ал сарбаздар Нұртаевтың оларды сабағанын, содан кейін сарбаз Мираштың асылып қалғанын айтқан.

 

24 қыркүйекте сот-биологиялық сараптама нәтижесі шықты. Ол жерде марқұмның киімдерінен бірнеше адамның шәуеті табылған.

 

«Сол кезде марқұмның ауыз қуысынан, ішкиімі мен футболкасынан, әскери шалбарынан шәуіт (сперма) табылды. Оны тапқан соң кімдікі екенін анықтауды сұрадық. «Өзінікі» деген жауап алдық. Күдікті сержант Нұртаевтың ДНҚ-сы табылмады. Сол жерде жұмыс істейтін үш адам тапсырды, үшеуі де табылмады. Алматыда сараптама жүргізілді. Шәует марқұмның өзінікі және екі адамнан көп ер адамға тиесілі деп жауап берді. Әскери бөлімде 74 адамнан қан алды. Соңында 3 адамды тапты. Ішкиімі мен футболкасындағы шәует марқұмның жан жолдасы Райымбек Қайратұлына тиесілі болып шықты. Шалбарынан келісімшарт бойынша жүрген Қыпшақбаев пен Әуеспаевтың ДНҚ-сы табылды», - деді адвокат.

 

Тергеуде марқұмның жақын досы болған Райымбек Қайратұлынан жауап алынған.

 

«Қайратұлы «Білмеймін, ішкиімдеріміз бір машинада жуылады, сол кезде жағылып кеткен шығар» деген. Ал футболкадағыға қатысты «моншада жалғыз қалған кезде өз-өзімді рахатқа бөлеп, сол жерде жатқан бір футболкаға сүрттім» деп айтқан. Соған тергеу сеніп отыр», - дейді адвокат Сержан Пралиев.

 

Адвокаттың сөзінше, сараптама көрсеткен басқа екі адамның кім екенін тергеу анықтамай отыр. Себебі зорлық-зомбылық бабы бойынша іс қозғалмаған.

 

Іс бойынша 10 куәгер бар. Бесеуі сол күні арақ ішкен, қалғаны не болғанын көрген. 19 тамызда Мираш асылып қалған. Сол күні сарбаз Қашаған бір телефонды сындырған. Соның ішінде бірдеңе болуы мүмкін. Тағы бір телефон табылды, - дейді адвокат.

 

Сондай-ақ адвокат сарбаздың өз белбеуіне емес, басқа сарбаздың белбеуіне асылып қалғанын айтты.