Жаңа Қазақстан - олигархиясыз, жемқорлықтан ада мемлекет – Марат Бәшімов

18 ақпан 2022, 10:51

Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына қатысты сарапшы ретінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа Қазақстан бұл нақты әлеуметтік бағдарланған мемлекет. Бұл олигархиясыз, көлеңкелі экономикасыз және сыбайлас жемқорлық жоқ мемлекет. Егер көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлық болмаса, онда біз әділ және адал мемлекет бола аламыз. Бюджет те жөнімен жұмсалады, ал бұл дегеніміз әлеуметтік дамудың белгісі. Мен үшін жаңа Қазақстан - әділетті сот және кез келген азаматтың мүддесін қорғайтын құқық жүйесі. Бүгінгі құқықтық жүйедегі қорқыныштан арылу керек. Яғни билік пен халықтың өзара жауапкершілігі болуы керек», - деді Марат Бәшімов.

Сарапшының пікірінше, жаңа Қазақстан - әр азаматтың проблемасына мән беретін мемлекет. Сол сияқты азаматтар да заң талабы мен құқықты сақтауы тиіс.

«Сонда ғана әділетті қоғам мен тиімді мемлекет болады. Нақтысы осы. Дамимын деген мемлекет үшін әділетті қоғам, теңдік және адам құқығының сақталуы маңызды. Ал мемлекет ел игілігі үшін тиімді жұмыс істеуі тиіс», - дейді ол.

Сондай-ақ, спикер елімізде сапалы білім мен әлеуметтік медицинаның болуы керектігін тілге тиек етті.

Еске сала кетсек, биыл 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады», деген еді.

Сонымен қатар Президент жаңа Қазақстан құрудың мақсатын айтты.

«Жаңа Қазақстанның мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс алшақтығын жою, жұмыс орындарын ашу және инфляцияны тежеу. Біздің барлық күш-жігеріміз миллиондаған қазақстандықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайының сапасын жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстан экономикасы орнықтылығын көрсетті. Үкімет отандық, шетелдік инвесторлар мен сауда жөніндегі серіктестеріміздің сенімін арттыру үшін барлық қажетті шараны қабылдайды», - деп жазған еді Қ.Тоқаев Twitter парақшасында.