Жапаровтың өкілі Қазақстанға қатысты мәлімдемеден кейін депутаттарға ескерту жасады

11 мамыр 2022, 18:26

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Эрбол Султанбаев Жогорку Кенеш депутатының Қазақстанға және суармалы суға қатысты мәлімдемесіне пікір білдірді. Бұл туралы Тengrinews.kz тілшісі Kaktus Media ақпарат көзіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Султанбаев депутаттардан көрші елдерге қатысты сын айтқан кезде және халықаралық қатынастар мәселесінде абай болуды сұрады.

 

"Депутат та саяси тұлға. Әрбір айтқан сөздеріңіз халықаралық аренада ескеріледі, артынан реакция тууы да мүмкін. Аллаға шүкір, бүгінде барлық елмен, соның ішінде көршілерімізбен де жақсы қарым-қатынастамыз. Әрине, белгілі бір мәселелер бар, бірақ жалпы алғанда жаман емес. Біз барлық мәселені екі жақтың мүддесін ескере отырып, келіссөз арқылы шешеміз", - деді ол.

 

25 сәуірде Қырғызстанның Мемлекеттік кеден қызметінің басшысы Самат Исабеков Қазақстан жүк тасымалдаушыларды шекарадан өткізбей, экономикалық блокада қойып отырғанын мәлімдеді.

 

"Қазақстан экономикалық блокада қойып отырса, біз де су блокадасын қоюымыз керек. Уақыты келгенде Қазақстанға су ағынын тоқтатуымыз керек", - деп жазды Tazabek басылымы Жогорку Кенеш депутаты Алтынбековтің сөзін.

 

Еске салайық, бұған дейін премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қырғызстан депутаты Айбек Алтынбековтің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген болатын.