Жәрмеңкедегі ет тексеріле ме?

29 қыркүйек 2021, 11:34

Қала жұрты жәрмеңке дегенде азық-түлікті арзан бағада алып қа­ламыз деп қапы қалмауға ты­рысады. Әсіресе, ауыл жақтан ет аламыз деген қарапайым халық қарақұрым болып жанталаса­тыны рас. Дегенмен базарлар мен жәр­меңкелерде соңғы кезде сапасыз ет алып, салы суға кет­кен­дердің қатары жиілеп тұр.
Редакцияға жүгінген қала тұрғын­дарының бірі жағымсыз иісі шығып,  жарамсыз болып қалған қызылды тек­сертейін десе, тиісті ветеринарлық зерт­ханалар қабылдамай қапа болғанын айтады. Жәбірленуші ветеринарлық зертханадан, аумақтық инспекцияға одан сараптамалық орталыққа сілтеген соң бір мекемеден екіншісіне барып амалы тау­сылған соң жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатқанын жеткізді.

Ет жарамсыз болып қалған
Жаздың соңғы күндері болған об­лыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңке­сінде ет сатып алған Гүлия Орманбаева да (аты-жөні өтініші бойынша өзгертіліп алынды) әуреге түскен жандардың бірі. Жәрмеңкеден арзанға алған он келіден астам еті асуға жарамай, ақыры итке бе­руге мәжбүр болыпты. Ал қалалық вете­ринарлық зертханаға барғанымен, онда­ғылар етті тексеруге қабылдамай қойған.

«28 тамыз күні жәрмеңке болатынын естіп, ет алмақ болып, елмен бірге мен де жәрмеңкеге бардым. Етті сатқандар Ас­­­тра­хан ауданы Колутон деген ауылдан ке­ліпті. Сатып алған кезде еттен біртүрлі иіс шыққан. Бірақ олар «Семіз ет осын­дай бо­­­лады. Қайта сіз арзанға алып жат­сыз», – деп етін өткізіп жіберді. Үйге апа­рып кесіп бөлген кезде де келінім біртүрлі иіс шыққанын айтты. Ойда ештеңе жоқ, сөйтіп мұздатқышқа салдық. Арада екі аптадай өткенде үйде жөндеу жұ­мыс­тарын жасайтын адам келіп, ет аспақ болдым. Алған етім 6 сағат қой­сам да піс­пей, тіпті үйдің ішіне жағым­сыз иіс шы­ғып, сасып кетті. Болмаған соң асқан етімді түгелдей итке беріп, басқа ет асуға мәжбүр бол­­дым», – дейді Гүлия Орманбаева.

Жәбірленуші осыдан кейін қалалық ветеринарлық зертханаға барып алған етін тексертпек болған. Бірақ ондағылар етті қалалық аумақтық ветеринарлық инспекцияның рұқсат қағазымен арнайы өкілі келгенде ғана тексеретінін айтып, қабылдамаған. Ал инспекцияда алғаш­қыда ілеспе құжат беретінін айтқанымен, кейін айнып, сараптамалық орталыққа баруға жөн сілтеген.

«Ветеринарлық зертхана мамандары етті тексеруден бірден бас тартты. Кө­шеден алып келген етті олар тексере алмайтын көрінеді. Әрі өздері жәрмең­кеден мүлдем ет алмайтындарын ашық айтты. Олардың айтуынша, жәрмеңкеге келетін ет жөндеп тексерілмейді. Маған қалалық аумақтық ветеринарлық инс­пек­циядан қағаз алып, келу қажет екенін айтты. Содан баламмен қалалық ветинс­пекцияға бардық. Өзін Жанар деп таныс­тырған инспекция маманы алғашқыда дұрыс келгенімді, жұмыс аяғы болған­дықтан, бүгін болмайтынын, ертең сағат 11-де келіп ілеспе құжатпен бір маманды зертханаға бірге жіберетінін айтып, күте тұруымды сұрады. Бірақ одан кейін телефонымен біреулермен бір сағаттай сөйлесіп, етті қабылдай алмай­тындарын айтты. Мені одан әрі Құдай­бердиев көшесіндегі сараптамалық орталыққа сілтеді. Бірақ баламның жұ­мысы болып, онда бара алмадық. Кейін өзім де ауырып, ол жерге бара алмадым. Бұл жерде бір шикіліктің бары анық», – дейді Гүлия Орманбаева.

Малдың тамағына дәрі қосып семіртетіндер бар…
Жәбірленушінің айтуымен тағы да ет алып әуреге түскендердің бірімен тіл­дестік. Оның айтуынша, бір аяғы сынған малды танысы болған соң аяп, бір бөлігін сатып алған. Бірақ кейін бармағын шай­напты.

«Тұтастай бір сан етін сатып алдым. Мұндай болады деп ойлаған жоқпын. Ет базарына барып, қасапшылардың ара­сымен етті бөлгіздік. Бірақ еттің арасы түгелдей жап-жасыл ірің болып шықты. Барлық етті түгелдей итке тастадық. Өкі­нішке қарай, етті дәрілеп семіртетіндер көбейіп тұр. Бәріміз етті базардан алуға мәжбүрміз. Ал оның қандай ет екенін, қалай сойылғанынан ешкімнің хабары жоқ. Жәрмеңке мен базарға ет базардан жеткізіледі. Ал ауданнан тамыр-танысы арқылы етке құжат жасатып алатынына ешкім кепілдік бере алмайды», – дейді Шолпан Ысқақова есімді қала тұрғыны.

Жәбірленушілердің айтқанымен об­лыстық ветеринарлық инспекцияның басшысымен де тілдестік. Бірақ ол жәр­меңкеде сатылатын еттің барлығы ау­даннан тексеріліп келетінін, ал жәрмеңке кезінде де зертханалық тексеріс бола­тынын айтып азар да безер болды.

«Жәрмеңкеге әкелінетін еттің бар­лы­ғын әрбір аудандағы ветеринарлық ма­мандар тексерістен өткізіп, құжат бе­реді. Ал қалада ауданнан тексеріліп кел­ген­дік­тен, текеріс жүргізілмейді. Бізге осы кісі­ден басқа ешкім ет бойынша шағым­данған емес. Аудандардан 27 тон­надан астам ет әкелінді. Шағым берсе, біз тексе­ріс жүргі­зетін едік. Енді бұл адам­ға еттің дәл сол жәрмеңкеден алға­нын дәлелдеу қиын. Аумақтық инспек­цияға да арыз жазбаған. Ал арыз жазыл­маған соң біз қалай тексеріс жүргізе аламыз? Ветеринарлық зертхана егер аумақтық инспекциядан ілеспе хат болса ғана тексере алады», – дейді Ақмола об­лы­сы аумақтық ветеринарлық инспек­цияның басшысы Серік Ризұлы.

P.S. Ауылдағы кәсіпкерлер мен ша­руалар үшін де әрі қала жұрты үшін де жәрмеңкенің болғаны жақсы. Алайда жәрмеңке болғанымен, оған да бақылау­дың қатаңдығы қажет сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы

aikyn.kz