Жас жігіттерді әскерге көшеден ұстап әкету қаншалықты заңды

14 сәуір 2022, 10:26

«Ұлымды көшеден ұстап алып, әскерге әкетті». Елордалық Ольга Нуртазина осылай деп шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

 
Тұрғынның айтуынша баласын түнгі 00.00 шамасында ұстап алып, әскери бөлімшеге әкеткен. Оқуын енді ғана тәмамдаған ұлын құдды бір бұзақыдай неге көшеден әкетеді деп түсінбей дал.

«Көшеде кетіп бара жатқан ұлымды бұзақыны ұстағандай алып кете салды. Оның үстіне, ешкім маған ұлымның іздеуде жүргені туралы хабар бермеген. Сосын олар базадан ұлыма СМС жібергенін көрсетті. Егер ұлым шетелде жүрсе, ол Қазақстанның номеріне қалай жауап береді деп ойлады? Олардың алдында менің құжаттарым, телефон нөмірім де тұр. Неге маған хабарласпады, ескертпеді? Соны түсінбедім», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ольга Нуртазина.
Елімізде қазір көктемгі әскерге шақыру науқаны өтіп жатыр. Шара 30 маусымға дейін жалғасады. Сол себепті әскери борышкерлерді анықтауға, оларды әскерге шақыру пунктеріне жеткізуге құқылымыз дейді жауаптылар.

«Көпшілік орындарда әскерге шақырушыларды анықтау, оларды әсерге шақыру пунктеріне жеткізу және қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, ел бойынша жүргізіліп отырған шара. Ел Президентінің қаңтардағы қойылған тапсырмаларына байланысты әскери қызметке жастарды тарту бойынша жұмыстар мұқият қолға алынып отыр», - деді Нұр-Сұлтан қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі Ғани Артықов.