"Жасамаған қылмысын мойындатып, үш миллион талап еткен": Шымкентте 35 жастағы ер адам азапқа шыдай алмай терезеден секіріп кетті

12 мамыр 2022, 17:17

Шымкентте 35 жастағы ер адам өз-өзіне қол салмақ болды. Анасының айтуынша, бір топ жігіт оған есірткі беріп, кәмелет жасына толмаған қызды зорлау ісі бойынша жасамаған қылмысты ұрып-соғу арқылы мойындатпақ болған, деп хабарлайды Otyrar.kz порталы. 

Оқиға 8 мамыр күні болған. 35 жастағы Асхат Сиқымбековтің анасының айтуынша, ұлы сағат 22.00-дер шамасында таныс қызымен кездеспек болған. Мекен-жайға жеткенде оның көлігіне белгісіз бес жас жігіт келіп, ер адамды пәтерге күштеп алып кіріпті. Оны түнімен азаптап, жасамаған қылмысты мойындатқызып, видеоға түсіріп алған екен. Ал бейнежазба тарап кетпеу үшін одан 3 миллион ақша талап еткен көрінеді. Ұрып-соғуға шыдамаған ер кісі 9 мамыр күні таңғы уақытта 3-қабаттың терезесінен секіріп кеткен.

"Ұлым басқа амалдың болмағанын айтты. Өйткені олар оны өлтіріп қояр еді. Ұлымның терезеден секіргенін көрші пәтердегілер көріп, жедел жәрдем шақырған екен. Ұлым ауруханаға бара жатып, полицейлерге өзі хабарласуға тырысқанымен арыз қалдыру мүмкін болмапты. Кейін тергеуші ауруханаға келген. Ұлымның екі аяғы сынған", — деді жәбірленушінің анасы.

Пәтерде болған жігіттер ұсталған. Бірақ көп ұзамай Асхат Сиқымбековтің анасы олардың ұлының көлігін айналшықтап жүргенін көргенін айтады. Бұдан кейін ұлына күмәнді адамдар телефон соға бастапты. Жәбірленушінің анасы ол телефон нөмірін полицейлерден бөтен ешкім білмейді деп отыр.

"Ол нөмір салынған телефонды ауруханаға біз апарып бергенбіз. Алты жасар немеремнің телефоны болатын. Балаларым мен немерелеріме үйден шықпау керектігін айттым. Өйткені біз өміріміз үшін қорқып отырмыз. Полиция бұл істі назарсыз қалдырмайды, кінәлілер тиісті жазасын алады деп ойлаймын", — деді жәбірленушінің анасы.

"Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша тіркелді. Жедел іздестіру шаралары барысында бес күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады", — деді Полиция департаментіндегілер.