Жауынгерлер өліміне армия ғана кінәлі емес – Қорғаныс министрі

08 маусым 2022, 12:43

Мәжілістің кулуарында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскердегі сарбаздар өлімінің жиілеуіне байланысты пікір білдірді.

Бірінші кезекте неге жас жігіттер өзіне қол жұмсағанын түсінуіміз керек. Бұған армия ғана кінәлі емес қой. Әрине, олардың әскерге келгені, өміріне деген жауапкершілік командирге жүктелетіні түсінікті, бірақ адам азаматтық қоғамнан пісіп-жетіліп, бізге өз проблемаларымен келіп отыр ғой, - деді министр Руслан Жақсылықов журналистерге берген сұхбатында.
Бұған дейін өткен сенбіде Маңғыстау облысы Бейнеу шекара қызметінде мерзімді әскери борышын өтеп жүрген 2003 жылы туған сарбаздың дарға асылып қалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Әскери бөлімде тағы бір сарбаз қаза тапты.

Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударып, тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысы осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды.

BAQ.KZ