Жеке сот орындаушылары кепілде тұрған үйлерді кәсіпкерге сатып жіберген

15 мамыр 2022, 17:44

Павлодарда жеке сот орындаушылары банк алдында берешегі бар 40-қа жуық борышкердің кепілде тұрған үйлерін сатып жіберіпті. Құны 30 миллиондық коттедждердің әрқайсысы аукцион арқылы небәрі 5 миллион теңгеге саудаланған деп. Бұл туралы Вaq.kz тілшісі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Ең қызығы, жылжымайтын мүліктің барлығын тек бір кәсіпкер сатып алыпты. Ал, үйлерінен айырылып қалған тұрғындар мұның «сыбайластық» екенін айтып, сатылымды негізсіз деп тануды талап етіп отыр. «Сот орындаушылары мен кәсіпкер өзара ымыраға келді» деген олар екі жылдан бері соттың табалдырығын тоздырып келеміз дейді. Дегенмен, облыстық соттағылар бұл істе шикілік жоқ деп отыр. Ақылбек Сіләмов баспананы несиеге алып, оның тек негізгі қарызын төлепті. Бірақ, 5 миллион теңге берешегі қалғанда қаржылық қиындық туындап, төлем жасай алмаған екен. Осы кезде жеке сот орындаушылары құны қымбат үйімді, сырттай 5 миллионға сатып жіберді дейді.

 

 Біз аукционның өткенін де естімедік. Сот орындаушысы келіп, үйді босатыңыздар дегенде ғана білдік. Кудиенко деген азаматқа 5 миллион теңгеге сатып жіберіпті. Ал, бұл үйдің нарықтағы бағасы 25-35 миллион теңге тұрады, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ақылбек Сіләмов.

 

Басындағы баспанасынан айырылған тұрғындар үйлерінің тым арзанға сатылғанына қарсы. Шағым түсірген тарап жеке сот орындаушылары, жылжымайтын мүлікті бағалаушы мекемелер мен бір кәсіпкер өзара сыбайласқан деп күдіктенеді. Сондықтан сатылымды негізсіз деп тануды талап етеді.

 

Тұрғындардың айтуынша, аукционға қойылған үйлер нарықтағы бағадан 5 есеге арзан сатылған. Заң бойынша үйдің құнын тек 25 пайызға түсіруге рұқсат бар. Ал, облыстық соттағылар бір адамның бірнеше мәрте аукционға қатысуына заңмен шектеу қойылмағанын, бастысы мүлікті сатылымға шығарғандармен туыстығы болмауы керектігін айтып отыр.

 

Әкімшілік істі қараған кезде сатып алушынының бірнеше аукционға қатысқан кездері болды. Заңда оған шектеу жоқ. Ал, сатылымға шығарылған мүлікке алдымен нарықтық баға қойылады. Егер екі мәрте сатып алушы болмаса, бағасы түсе бастайды. Бірақ нарықтағы құнынан 25 пайызға ғана арзан сатылуы керек, - дейді Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың судьясы Гүлмира Юсупова.

 

Дегенмен жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасындағылар жылжымайтын мүліктер сот шешімімен бекітілген баға бойынша сатылған дейді.

 

 Жеке сот орындаушыларының әрекеті заң жүзінде дұрыс. Себебі, пәтерлерге баға сот отырысында судьяның бекітуімен қойылды. Бұл азаматтар сот орындаушыларының жіберген хабарламаларына жауап бермеді. Берешектерін уақытылы төлемеді, - деді Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Асланбек Цечоев.

 

Амалы таусылған тұрғындар тағы да соттаспақ ниетте. Мәселе бұл жолы да шешілмесе, Президентке дейін хат жазып, әділдік сұраймыз деп отыр.