Сіз білесіз бе, жер шарында 4,021 миллиард адам интернет қолданады екен. Оның 3,196 миллиарды күнделікті 3-5 сағатын түрлі әлеуметтік желілерді «шарлаумен» өткізеді. Ал ұдайы ұялы телефон пайдаланушылар саны – 5,135 миллиард.
Бұл «WeAreSocіsl» компаниясы келтірген деректер. Бұл компания жыл сайын ғаламтор қызметін пайдаланушылар мен әлеуметтік желілерге тіркелушілер статистикасын жүргізеді. Биылғы дерек интернетті қолданушылардың – 13, ал әлеуметтік желіге тіркелгендердің қатары былтырғыдан 39%-ға артқанын көрсетеді.
Заманыңнан қалмаған жақсы, әрине. Бірақ кез келген нәрсенің екі жағы болатыны сияқты, мұның да жаман тұсы көп екен: Ұлыбритания ғалымдары бүгінде ұйқысы қанбайтын және ұйқысыздыққа шалдыққан адамдардың тым көбейіп кеткенін анықтапты. Және оған әлеуметтік желілер себеп дейді. Бұл елдің зерттеушілері 18-46 жас аралығындағы адамдардың 82%-ы күніне 3-5 сағатын желіде «өткізетінін» анықтапты. Сонымен қатар әлеуметтік желілердің белсенділігі әсіресе кешкі және түнгі уақытта өршитініне көз жеткізген. Олар 70-75 жыл өмір сүретін адамдардың ғұмырының тең жартысы желіде «тұтқында» отырумен өтетінін айтып дабыл қағады.
Ал ұйқының қанбауы түрлі ауруларға тікелей себеп болуда. Мұны медицина мамандары, зерттеуші-сарапшылар айтып отыр.
Ұйқысы қанбаған адамның зейіні төмендеп, ашушаң, тез шаршағыш болады. Бұл әсіресе орта жастағы және жасы ұлғайған азаматтар үшін қатерлі. Бір ұйқысыз түннің өзі түптің-түбінде ауыр дертке себеп болуы мүмкін екен. Әсіресе бұл қант диабетіне қатысты. Ғалымдар ұйқының жетіспеушілігі тіпті жас, дені сау адамдардың да ағзасында инсулинге сезімталдықты төмендетеді дейді.
Ұйқының жетімсіздігі жүрекке түсетін салмақты арттырады, одан артериялық қан қысымының артуы туындайды, жүрек-қан тамырлары аурулары өршиді.
Нашар ұйқы мен көп уақыт ұйқы қанбауы қандағы иммундық жасушаларды жояды, өкпенің, асқазан-ішек жолдарының жұмыс ырғағын бүлдіреді, созылмалы шаршаңқылыққа, депрессияға, көңіл құлазуына апарады, адамның жұмысқа қабілеті кемиді.
Қысқасы, тұрақты түрде ұйқы қанбауы адамның жиырма жыл өмірін қысқартады екен. Мұны неміс ғалымдары ұзақ жылдар бойғы зерттеу жұмыстары нәтижесінде анықтаған. Сондықтан олар әрі кеткенде түнгі сағат 11-де ұйқыға жату керек дейді. Сондай-ақ ұйқы 8 сағаттан кем болмау керек екен.
Ал егер ұйқыңыз қашып жүрсе ше? Онда, әрине дәрігерге көріну керек. Сондай-ақ тез ұйқы шақыруға септігі тиетін мына халық емдерін қолданып көріңіз:
- Бір стакан сүтке бір ас қасық әсел қосып ішкен адамның ұйқысы тез келеді әрі тыныш болады;
- Кәдімгі дәріханада сатылатын валерьянка да тез ұйықтауға сеп;
- Бір ас қасық сасықшөп (пустырник) пен меруертгүлдің (ландыш) бір ас қасық шырынын араластырып, тоңазытқышта сақтау керек. Жатар алдында 15 тамшысын ішіп тұрса, жақсы көмектеседі;
- Көкнәр гүлінің 10 грамын бір стакан сүтте демдеп, қайнауға дейін жеткізу (қайнатпау) керек. Осы дәрмекті жатардан жарты сағат бұрын ішсе, ол тез ұйықтап кетуге көмектеседі.
Есіңізде болсын, төрт-бес күн бойы ұйқыңыз қанбай жүрсе, онда жүйке жүйесінің ұйқы кезіндегі қалпына келу механизмі бүлінеді, оның соңы психиканың бұзылуына соқтырады. Сақтаныңыз.
А. МҰХАММЕД