Жеті жетімді бауырына басқан жамбылдық кейуана баспанасыз қалды

24 желтоқсан 2021, 17:44

Жамбыл облысында 7 жетімді бауырына басқан кейуана үйінді астында қаламын ба деп алаңдаулы. Оның айтуынша, ескі үйінің шатырын бір ай бұрын болған дауыл ұшырып әкеткен. Содан жабылмай қалып, енді жаңбырдан үй төбесінің сылақтары түсіп жатыр. Есі шыққан зейнеткер енді әкімдіктен көмек сұрауда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

 

«Басты мәселем – баспана» деген 70 жастағы зейнеткер туған баласы 2-топтағы мүгедек екенін, одан туған 7 баланы жеткізіп бас-көз болып отырғанын айтты. Ал келіні 2 жыл 7 ай бұрын тастап кеткен екен. Бір жарым ай бұрын болған дауылда үйдің төбесі ашылып, залал тиген. Соның салдарынан ескі тұрғын үй қабырғалары сетінеп, сылақтары түсе бастапты.  

 

«Осы үйде, бір бөлмеде тұрып жатырмын. Анау жақтың бәрі ашылып кетті. Әнеугүні аздап жауын жауған кезде, ожау, шелек қойып, ақққан суды тасумен әлек болдық. Қаттырақ жел тұрса, саусылдап топырақ түседі», – деді Дихан ауылының тұрғыны Қағаз Қалиева.

 

Қазіргі тұрып жатқан үйдің қабырғасы бір ғасыр бұрын қаланған. Сондықтан кейуана 5 жыл бұрын жиған-тергенімен жаңа үйдің іргетасын құйып бастапты. Әйтсе де, зейнетақысы – кемтар ұлы мен немерелеріне берілетін 180 мың теңге күнкөріс пен құрылыс материалдарына қатар жетпей отыр дейді.

 

«Маған тек осының төбесін жауып, құрығанда бір бөлмеге кіретін қылып берсе болды, қалғанын өзім істеп аламын. Бәлкім, төбесін ауыстыру керек шығар», – дейді Дихан ауылының тұрғыны Қағаз Қалиева.       

 

Ауылдық округ әкімдігі арасында ақша жиып, азық түлікпен көмектесіп тұратынын айтты. Дегенмен үй салып беру әзірге қиын шаруа дейді. Сондықтан аудан басшылығына қолғабыс айтқан екен.

 

«Өйткені басқа мұқтаждарға басымдық берілді. Ауыл әкіміне тапсырма бердім, алдағы 2022 жылы сол кісіге басымдық беруді жоспарлап отырмыз. Ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, асарлатамыз ба деп жоспарлап отырмыз», – деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл.

 

Айта кетер ақпарат, биыл ауданда «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 18 баспана мұқтаждарға тапсырылған. Ендігі жылы шамасы жоғын айтып шырылдаған зейнеткер де сол қатарға ілігуі әбден мүмкін.