Қаңтар көтерілісіне қатысты алғашқы үкім: Екі адам 5 жылға сотталды

21 ақпан 2022, 16:29

Қаңтар көтерілісіне байланысты алғашқы сот шешімі шықты. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұловтың шешімімен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының тұрғындары Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісхан 5 жылға сотталған. Бұл туралы Азаттық радиосына сотталушылардың туыстары хабарлады.

Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісхан жөніндегі тергеу 26 қаңтарда аяқталып, қылмыстық іс 1 ақпанда сотқа түскен, сот үкімі 17 ақпанда шыққан.

Қаңтар көтерілісіне байланысты көптеген азаматтар үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, әзірге сотқа жетпеген еді.

Сотталушының бірі Бақыт Оңтайдың анасы Ақмарал Байсейітова баласын 13 қаңтарда Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алып кеткенін айтады.

- 13 қаңтардың кешінде көлігіне бензин құю үшін шыққан. Түнгі 23:00 шамасында баламды алып бір топ полицей келіп, үйді тінтті. Баламды қайта әкетті, содан кейін көрмедім. Үш күннен кейін адвокат Құралай Қалиасқарова баламның үстінен қару-жарақ ұрлауға қатысты іс қозғалғанын айтты,- дейді.
Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісханға мемлекет бекіткен адвокат Құралай Қалиасқарованың сөзінше, оларға Қылмыстық кодекстің 291 бабы 3 бөлігі бойынша ("Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу") айып тағылған.

- Айыпталушылар қылмыстарын толық мойындап, "Алпамыс" дүкенінен қару-жарақ ұрлап, тауға апарып тығып қойған жерлерінен алып бергенін айтты,- дейді адвокат.
Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісханның сотталғанын Алматы қалалық сотының ресми өкілі Абай Жарылқасынұлы да растады.

2022 жылы қаңтардың басында газ бағасын 50 теңгеден асырмау туралы талаппен ереуілге шыққан Жаңаөзен тұрғындарын қолдау үшін Қазақстанның көптеген аймағында басталған акциялар біртіндеп саяси талап қойған наразылыққа ұласқан. Ресми мәлімет бойынша, 227 адам осы оқиғада қаза болған.

Осы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары түрлі айыптармен азаматтарды ұстап, қамауды бастаған. Қамалғандарды азаптап, "қылмысын" күшпен мойындатып жатқаны жайлы хабар көбейген. Бас прокуратураның 16 ақпандағы мәліметіне қарағанда құқық қорғау органдарының әрекетіне байланысты 363 шағым түскен, азаптау және тергеудің заңсыз әдістері бойынша 178 қылмыстық іс ашылған.

Бас прокуратура мәліметіне қарағанда, қаңтар оқиғасына байланысты сотқа дейінгі 3096 іс тіркелген. Арнайы прокурорлар "жаппай тәртіпсіздік және терроризм актісі" бойынша 181 істі тергеп жатыр. 741 күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. 157 күдіктінің бұлтартпас шарасы денсаулығы және өзге жайттарға байланысты қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылған.