Қарағандыда ер адам жалған куәлікпен жолаушылар автобусын жүргізген

25 ақпан 2022, 17:45

Қарағандыда полицейлер жалған куәлікпен жолаушылар автобусын жүргізген ер адамды ұстады. Ұсталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

Полицейлер жедел-іздестіру шаралары барысында жалған құжат жасатқан жүргізушіні анықтады.

 

"24 ақпанда полиция қызметкерлері әлеуметтік желілердің бірінде Қарағандыдағы автобуста болған жанжал туралы бейнероликті анықтады. Онда кондуктор жасөспірімді салоннан шығаруға тырысқан. Оқиғаға қатысушыларды анықтау үшін полицейлер іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде кондукторға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік материал жасалып, сотқа жолданды. Сонымен қатар, іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 25 жастағы ер адам басқарған басқа автобусты тоқтатқан. Ол полиция қызметкеріне жалған жүргізуші куәлігін көрсеткен. Жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-ның 385-бабы "Құжаттарды қолдан жасау" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр", - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі өкілдері.

 

Сондай-ақ, департамент кондуктор мен қарағандылық жасөспірім арасындағы кикілжіңнің мән-жайын айтты.

 

"Автобусқа мінген 15 жастағы оқушы билетін көрсетіп, кондукторға жол ақысы үшін 40 теңге берген. 21 жастағы кондуктор төлемді толық талап еткен, жасөспірім төлеуден бас тартқан. Бұл жанжалға себеп болды", - деп қосты баспасөз қызметі өкілдері.