Мәселе

Карантиннің де пайдасы бар екен

  • Карантиннің де пайдасы бар екен

    Карантиннің де пайдасы бар екен

Әлемдік пандемия қай қырынан келсең де халыққа қиын соққаны белгілі. 7 айдың бедерінде індеттің ойран салмаған жері қалмады. Экономикаға соққы беріп, әлеуметтің әлеуетін әлсіретті, оған медицинаның шарасыздығы мен адам шығынын қоссаңыз, пандемияның қаншалықты ауыр зардап әкелгенін бірден аңғарасыз. Десе де, карантиннің өзіндік тиімді тұстары болған секілді. Бұл, әсіресе отбасылық құндылық пен демо­графиялық дүмпуде байқалады.

 


Ажырасу төрт есеге дейін азайды

Ең әуелі отбасы жақсылығына келер болсақ, карантин кезінде Жамбыл облысында ажырасу төрт есеге дейін азайған. Облыс әкімдігі аппаратының азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, ка­рантин бастау алған 1 наурыз бен 3 қыркүйек аралығында 3 102 неке қиылып, 431 отбасы ажырасқан екен. Өткен жылғы дәл осы кезеңде 4 105 адам некеге тұрса, 1 692 азамат некесін бұзған. Бұл сандарға қарап отырсаңыз, был­тырға қарағанда биыл некеге тұру да, ажырасу да азайғанын көруге болады. Әсіресе, шаңырағы шай­­қалып, ортасына түскен от­басылардың саны үш есеге ке­міген. Бұл, әрине жанға жылу бе­ретін ақпарат.

 

– Көрші үйден коронавирус жұқтырған тұрғын анықталған соң біздің үйді де карантинге жапқан болатын. 14 күнге жете­тін азық-түлік қорымыз бол­маса да, Тараз қаласы әкім­дігінен келген азаматтар екі ап­та бойы азық-түлікпен, қа­жет­ті тұрмыстық зат­тармен қам­тамасыз етті. Сол кезде тіпті көр­шілермен де сөйлесуге ты­йым салынғандықтан, үйде бала тәрбиесімен отырдық. Са­бақтарына барынша көңіл бө­ліп, спортпен шұғылдандық. Жол­дасым жұмыс бабымен бір­де Қы­зылордада, бірде басқа қа­лада жүретіндіктен түсіне алмай қалатын кездеріміз көп болып жүр­ген. Карантиннің бір пайдасы күйеуіммен түсінісіп, балаларым да әкелерімен ойнап, құмарлары қанды, – дейді Тараз қаласында карантинге алғаш жабылған Қарасу алқабы №38-үйдің тұрғы­ны Аягөз Маялиева.

 

Демек, карантин жұптардың түсінісуіне жәрдемдескен. Был­тыр­ғы жылға қарағанда облыс кө­лемінде де, Тараз қаласында да ажырасу фактілері 3-4 есеге азайғаны осыны айғақтап тұрған­дай. Осы қырынан келгенде ай­лап карантинде жатқан отбасы мүшелері жұмысты ұмытып, от­басына көңіл бөлуге мүмкіндік алған. Сондықтан әлемдік пан­демияға әйелдер қауымы алғыс айтатын сияқты.

 

Жастар жаппай үйленіп жатыр

 

Енді карантин кезінде үйлену неге азайып кетті дегенге келсек, оған нақты жауап та бар. Бұл ке­зеңде тойханалардың есігі жа­былып, көпшілік қуанышын бө­лісе алмады. Алайда карантин шаралары жеңілдетілген бойда неке қиюға өтініш бергендердің саны күрт өсіп отыр. Мәселен, 9 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында бір ғана Тараз қаласы бойынша 651 жұп некесін қиюға құжат тап­сырған. Карантиннің 6 айында қала бойынша 1 297 адам ғана үй­ленгенін ескерсек, 1 ай ішінде 651 адамның өтінім беруі сөз жоқ үлкен ілгерілеу.

 

– Жыл басынан үйленуді жос­парлап жүргенмін. Сөз байласып қойған қызым да дайын болатын. Алайда карантин қолды байлап, той күнін кейінгі шегеруімізге тура келді. Содан ай-айға жалғанып, күзге бір-ақ жеттік. Осылай отыра берсек, биылдан қалып кететінімді түсініп, оған қоса карантин ша­ра­лары жеңілдетілгендіктен «қол­дан ұзатып береміз» деп отыр­ған құдалардың рұқсатымен қыз­ды алып қаштым. Сөйтіп, есік алдында шағын беташар жа­сап, енді тойды кейінге қал­дырып отырмыз. Мұны қайын жұртым да қолдауда. Себебі қа­зіргідей қиын кезде той жасау оң­айға соқпайды. Алайда бір таң­ғалғаным күз келген бойы өз көшемдегі үш жігіт үйленді. Сол секілді тамыр-таныстарымның арасында да үйленіп жатқандар көп. Осылайша, жастардың жап­пай үйленуіне карантин ша­раларының жеңілдетілуі түрткі болған секілді, – дейді Тараз қала­сының тұрғыны Нұрбек Оспанов.

 

Иә, байқап тұрсаңыздар ка­ран­тин шаралары жеңілдетілген бойы жастар жаппай үйленіп жатыр. Бұл да болса әлемдік пан­демияның бір пайдасы десек бо­лады.

 

Жүкті әйелдердің саны артты

Естеріңізде болса, корона­вирус кеселі әлемді шарпыған алғашқы айында Қытай мемле­кетінде ажырасу фактілері жиі­леп кеткенін естігенбіз. Ал Жам­был облысында, керісінше ажы­расу азайып, жастардың некеге тұруы кейінгі айда қарқын алу­да. Бұдан бөлек, әлемдік пан­демияның демографиялық дүм­пуге де өзіндік әсері болған се­­кілді. Мәселен, облыстық Ден­саулық сақтау басқармасы бер­ген ақпаратқа сүйенсек, соңғы 8 айда 6 255 нә­ресте дүниеге кел­ген. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда, 46 балаға артық. Ал ең қызығы – 1 наурыз бен 1 қыр­­күйек аралығында 382 әйел жүкті ретінде емханаға тіркелген. Медицина мамандарының ай­туынша, әйелдің жүктілігі 12 ап­­тасына дейін тіркеуге алынады екен. Демек, наурыз айынан бас­талған карантин кезеңде ерлі-зайыптылардың үйде болуы от­басы мүшелері санын көбейтуге өз үлесін қосқаны анық болып тұр. Енді аталған 382 әйел жақын айларда босанса, бұл жыл соңына дейінгі көрсеткішімізді тағы жақ­сарта түсетіні даусыз.

 

P.S. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Жаңа жағ­дай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында от­басылық-де­мографиялық ахуал зор алаңдау­шылық тудырып отырғанын баса айтты. Президент, әсіресе кейін­гі жылдары ерлі-зайыптылар ара­сында ажырасу фактілері жиілеп кеткенін, оған бірден-бір себеп жас от­басылардың бала сүйе ал­мау мәселесі екенін өзекті етіп кө­­­тер­ді. Осыған орай, Қасым-Жомарт Кемелұлы келер жылдан бас­тап «Аңсаған сәби» жобасын жандандыруды тапсырды. Әрине, мұндай ауқымды шаралар отбасы құндылығын сақтауға өзіндік үнін қосатыны анық. Ал карантиннен кейінгі қазіргі жағдайда – бұл бастама жамбылдықтар үшін нұр үстіне нұр болғалы тұр.

 

Саятхан САТЫЛҒАН

Aikyn.kz




Көрілген: 639    Пікірлер: 0

сенбі, 12.09.2020, 02:24

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Қазан, 22:51
    ЖАҚСЫ ЕНЕНІҢ 15 әдеті
    26 Қазан, 23:05
    Кімге ренжиміз?..

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31