«Қарнымыз ашты деп нан сұрайды да жүреді»: Қызылордадағы жеке оқу орталығынан шу шықты

20 мамыр 2022, 08:23

Қызылордада басы дауға қалған жеке оқу орталығында жағдай ушықты. Мектепалды даярлық тобына баратын балалардың ата-аналары мекеменің жабылуын талап етуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

 
Өйткені айына әр бала 20 мың теңге төлеп отырған орталықта бүлдіршіндерге еш жағдай жоқ. Тойып тамақ жемейді, ал ұйықтағанда еденде жатады деп шулады. Мұны осы уақытқа дейін білмей келгендерін айтып ашынды. Ал, кәсіпкердің өз уәжі бар.

Аата-аналардың сөзінше, олар ішке кіргенде балалары жұқа жамылғының үстінде, кейбірі лас еденде ұйықтап жатыпты. «Ал келісімшарт негізінде ол уақытта балалар арнайы үйірмелерге қатысуы керек болған» дейді.

 «Санитарлық талаптарға сай емес тамақ ішетін орындары. Газ баллонмен жұмыс істеу деген бала жүрген жерде өте қауіпті. Санитарлық тораптарында мұздай су ағады екен. Жылы су жоқ. Жағдайы мүлде кеткен баламыздың. Баладан сұрасақ қорқытқан. Осы кезге дейін айтпаған. Мына мекеменің жабылуын талап етемін. Келесі жолы өзгелердің біз сияқты қателікпен балаларын әкелмеуін сұраймын», - дейді қала тұрғыны Жадыра Мерденова.

Ата-аналар осы уақытқа дейін ғимараттың ішіне кіре алмапты. Айтуларынша, санитарлық талаптарды алға тартқан оқу орталығының басшылығы есіктен әрі аттатпаған көрінеді. Ал 17 мамыр күні жұмыстан кетіп жатқан тәрбиеші жағдайды ата-аналарға жеткізіпті.  Маңдайтер ақымды уақытылы ала алмадым деген ол білім ордасының сырты бүтін, іші түтін деп отыр.

 «Мен баланың өмірін қорғағым келді. Себебі бала 11 сағат аш.  Газды қиып кеткен бір, жарықты қиып кеткен екі, септиктің боғы сыртына ағып жатты, сарайда тамақ істелініп жатты кеше мен түсіріп алғанымда. Сарайға барып істейді тамақты. Сосын бір қазан рожкиді алып келеді де төбемізден төніп тұрады. Балалар апай тағы беріңізші қарнымыз ашты деп нан сұрайды да жүреді», - дейді оқу орталығының бұрынғы қызметкері Аида Мырзағұлова.

Ал оқу орталығының басшылығы мұның барлығын жоққа шығарды. «Мені қаралау мақсатында әдейі ұйымдастырылған» деп отыр. Сондықтан жалған ақпаратпен күресті заң шеңберінде жүргізбекші.

 «Прокуратураға арыз жазылды. Өзім облыстық СЭС-ке өтініш жаздым. Тексеріп бізге қорытынды берсін деп. Облыс прокуроры мені шақырды. Кәсіпкер ретінде маған көп қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Бұл жерде көп шикілік бар екенін, қолдан жасалғанын түсініп отыр. Бұл істің міндетті түрде нүктесін қоямыз», - деді оқу орталығының құрылтайшысы Айнұр Сүндетова.

Келеңсіздік әлеуметтік желіде тарап кеткен. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мониторингтік топ өкілдері орталыққа тексеру жүргізіпті. Оның қорытындысы негізінде құзырлы орындарға ұсыныстар жолданбақшы.

 «Жалпы оқу орталығы дегендер лицензияланбайды. Олар белгілі бір уақытта ғана балаларға қосымша білім беру ретінде жұмыс жүргізу керек. Бұл кісілерде мектепке дейінгі жастағы балалар азаннан кешке дейін білім алады деген мәлімет алып отырмыз. Сол бағытта зерделеу жұмыстарын жүргізетін боламыз», - деді Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Айгүл Мырзағалиева.

Қоғамда үлкен наразылық тудырған бұл мәселеге қатысты құқық қорғау органдары әлі тексеру жұмыстарын бастамаған. Бұған кәсікерлік нысандарды тексеруге жарияланған мораторий қолбайлау болып отырған көрінеді. Ата-аналар, тәрбиеші мен басшылық тарап болса, бірінің үстінен бірі арыз түсіріп жатыр. Тек тұтанған даудың жалыны балаларды шарпып өтпесе игі.