Мәселе

Қасқырмен қасарысқан қыз

  • beon.ru

    beon.ru

Бала кезден ауылдың топырағымен ойнап, күліне аунап өстім. «Қара шаңырақтың» қазақи болмысын бойыма сіңіріп, әкемнің ертегісіне әбден қанықтым. Айрандай ұйыған он екі балалы үйдің сүт кенжесімін. Сондықтан да маған Кенжегүл деген ат беріпті.

Әкем марқұм болған соң Айнабұлақ деген аядай ауылдан аудан орталығына қоныс аудардық. Айтып отырған ауданым, Шығыстың шұрайлы жерлерінің бірі – Зайсан қаласы. Сол киелі топырақта туғанымды мақтан етіп, кейде өзімді «Зайсанның жайсаңымын» деп таныстыратыным бар.

Әдебиет пен өнерге жақындығымды байқаған «Зайсан хабаршысы» газетінің редакторы мені редакцияға тілшілік қызметке шақырды. Қуана-қуана келістім, себебі журналист болу менің бала күнгі арманым болатын. Қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат болу, елмен етене жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе еді. Редактор қайда жұмсаса да сөзге келместен «шапқылай» беретінмін. Жиырмадан жаңа асқан, алып-ұшып тұрған шағым еді. Бір жолы бастығым мені қызмет бабымен «Жаңатұрмыс» дейтін ауылға жұмсады. Сондағы мақсат – «Жаңатұрмыстың» тумасы, он саусағынан өнер тамған шебер туралы мәлімет әкеліп, мақала жазу болатын.

«Жаңатұрмыс» Сауыр-Сайқан тауының етегіне қоныстанған, қашан да сарыжайлаудың самал желі есіп тұратын кішігірім елді мекен. Жиырма шақты ғана үйі бар осы ауыл халқының негізгі кәсібі – мал өсіру. Қысы да, жазы да төрт түлікке қолайлы, шөбі шүйгін құтты қоныс.

«Жаңатұрмысқа» көлік сирек жүреді. Жаяулатып жолға шықтым, жол-жөнекей көлік кездессе отырып кететін ойым бар. Бірақ кездеспеді. Оңаша қалғанда құмарымды қандырып, қазақтың халық әндерін айтатын әдетім. Сол әдетіме басып, тамағым қарылғанша «Сары бидай», «Бір бала», «Дедім-ай-ау», «Бүлдірген» сияқты тамаша әндерді әуелетіп, деттеген ауылыма лезде жеттім. Ауылға жеткен соң бірден қол өнерші ағаның үйіне барып, оның жасаған зергерлік бұйымдары мен жиһаздарын тамашалап, сұхбат алып, суретке түсіріп дегендей, барлық шаруамды бітірген соң қайта жолға шықтым. Ауылдан шыға берісте орта жастағы, қараторы әйел кездесіп: «Біздің ауылға келген журналист сізсіз бе?» - деді. Мені қайдан біледі дегендей таңырқай қарап, басымды изедім. Кіп-кішкентай ауыл болғандықтан ба бөтен адамдардың келгенін бірден біліп отыратын болуы керек. Бейтаныс келіншек сөзін жалғастырып: «Ойбай, қалай қорықпай жүрсіз?! Қазір қасқыр деген көп. Тапа-тал түсте ауыл шетіне иіріп қойған қойларды тамақтап кетіп жатыр. Сіз қолыңызға таяқ алып жүріңіз» - деді. Аңшының қызы болсам да бойымды қорқыныш биледі. Рахметімді айтып, жылжи бердім. Топырақ жолмен жортып келе жатып, жол үстінен мылтықтан айнымайтын ағаш тауып алдым. Құрығырдың салмағы да баршылық екен, лақтырып жіберсем қайтеді, маған не керегі бар деп те ойладым, бірақ ішкі даусым оны бірге алып жүр дегендей болды. Топырақ жол тас жолға түйісуі тиіс, сол тас жолды «тоғыз жолдың торабы» десе де болғандай. Өйткені, «Шүршітсу» сынды ауылдарға апаратын түрлі топырақ жолдардың барлығы осы сол тас жолға ұласатын. Көлік ұстасаңыз да осы тас жолға шығуға мәжбүрсіз. Сонымен не керек, тас жолға жеткен соң қолымдағы көк пакетімді астыма салып, отыра салып әнге бастым:

«Айт дегенде өлеңді-ау, аңырмаймын

Көлден ұшқан аққудай мамырлаймын

Дедім-ай-ау.

Алма ағаштың гүліндей-ау,

Текеметтің түріндей-ау

Өтіп дәурен бара жатыр,

Сіз бен бізге білінбей-ау...».

Қайырмасын қайыра бергенім сол еді, денем бір ысып, бір суып, алай-дүлей болып кеттім. Басымнан бәшпайыма дейін ып-ыстық болады да кері сұп-суық болып бәшпайдан басқа шабады. Атыма жалт қарадым. Көзі қанталаған, аппақ азу тісі ақсиған қасқыр тым жақын қалыпты. Баяу басып келе жатқанына қарағанда қарақұсымнан алмақ ойы бар. Сол сәттегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Орнымнан қалай атып тұрып, мылтыққа ұқсайтын таяқты қалай қолыма ұстағаным есімде жоқ. Қасқырға таяқты кезеп тұрып: «Кет! Атам! Кет! Атам!» - деп, айқайлай беріппін. Байғұс мылтық көрген қасқыр-ау деймін, жалт беріп қаша жөнелді. Айдалаға қашып кетсе арманың не, ол мені айналып желіп жүр. Айнала берді, айнала берді, онымен бірге мен де айналып тұрмын. Екі көзім қасқырда. Ірі малдарға шамасы жетпеген қасқырлар азығын осылай айналып арбап құлатады дегенді әкемнен естуім бар. Осындайда іштей неше түрлі ойға беріледі екенсің. Бүкіл өмірім көз алдымнан кино сияқты өтіп жатыр. Әкем марқұм атақты аңшы, мықты мерген болған. Талай қасқырдың терісін сылып, сыйлы қонақтарына сыйға тартушы еді, соның есесін қайтаратын кез жетті деп ойладым. Қасқырға қарап тұрып, іштей: «Е, әкетай, талай қасқырды қырып ең, енді қарымтасын қызыңа қайтаратын болды...» - дедім. Ойымды жиып болмай, желіп бара жатқан қасқырым, оқ тигендей омақаса құлады. Қандай тылысым күштің әсері екені мен үшін әлі жұмбақ, бірақ сол қасқыр алды-артына қарамастан ғайып болды. Енді жайбарахат отыратын жайым жоқ, аяқ-қолым дір-дір етеді. Тағы да қасқыр келіп қалатындай, алақ-жұлақ етіп жан-жағыма қарай беремін. Қолыма қағаз бен қалам алдым. «Мен, Кенжегүл Ілиясқызымын. Журналистік жұмыспен Жаңатұрмысқа барған едім... Егер, осы хатты тауып алсаңыздар, онда мені қасқыр жеп кетті деген сөз» - деп аяқталады. Сөйтіп тұрып, екінші параққа анама арнап хат жаздым. «Аяулы анашым. Еркелігімді, тентектігімді қашан да көтердің. Ренжіткен кездерім болса кешір мені. Мен сені жанымдай жақсы көремін...». Анама деген сағыныш, енді оны көре алмай қаламын ба деген қорқыныш көз жасыммен бірге сияға жағаласып қағаз бетіне түсіп жатты. Қорқатын жөнім де бар еді. Өйткені, Зайсанның қасқырларының адам таңғаларлық бір қасиеті бар, ол – ұйымшылдық. Азық көріп, шамасы жетпесе, қалған тобырын ертіп келеді. Бұл туралы талай естігенбіз.

Машинаның дүрілі естілді. Қуанғаным сонша, айқайлап жібердім. Қарағай тиеген жүк машинасының кабинасы лық толған кісі. Өтіп кетсе қайтем деп, екі қолымды екі жаққа жайып жіберіп, алдына көлденең тұра қалдым. Көлік тоқтауға мәжбүр болды. Жүргізушіге болған жағдайды айтып тауыса алмай жатырмын, ентігіп кеттім. Қыстырылып көлікке де отырып алдым. Сондағы жүргізушінің айтқаны әлі есімде: «Қарындасым-ау, қыз бала айдалада жалғыз жүруші ме еді. Қазір екі аяқты қасқыр бар, төрт аяқты қасқыр бар. Журналист болмақ түгілі кім болсаң да! Бастығыңда ес жоқ екен, сені жалғыз жіберген!» - деп ашуланған болатын. Осылайша Зайсанға жетіп, анамды құшағыма алып мауқымды бастым. Бастан өткерген оқиғам анамның ашуын келтіргені сонша, бірден редактордың үйіне барып, оған «әкесін» танытты. Содан бастап бастығым мені ауылдарға жұмсамайтын болды.

Автор: Кенжегүл Тергембаева, Астана қаласы




Көрілген: 2153    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 01.10.2014, 11:51

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30