Каспий теңізі соңғы 15 жылда 2 метрге тартылған

02 қаңтар 2023, 22:48

Каспий теңізі соңғы 15 жылда 2 метрге тартылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Ал, биыл жаздан бері судың деңгейі тіпті, түсіп барады.

Көк айдынның ахуалы көпті мазалап отыр. Осы мәселеге Президент алаңдаушылық танытып, теңіздің проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырды.

Ольга Бачкова метеостанцияда 40 жылдан бері жұмыс істейді. Айтуынша, осы кезге дейін су деңгейін өлшейтін бағана 4 рет төмен түсірілді. Себебі, теңіз тартылған сайын бағанадағы өлшем бірліктері жетпей қалады, деп жазады qazaqstan.tv.

Теңіз деңгейі 80-ші жылдары жақсы көтерілген, дейді. Бірақ содан бері тек төмендеп келеді.

“Біз тек бақылап отырамыз. Әр өлшеген сайын төмендегенін байқаймыз. Бұл мәселеге ғалымдар кірісу керек. Тек Маңғыстаудағы емес, Каспийдің жағасындағы барлық метеостанциялардағы көп жылдық мәліметтерді салыстырып, нақты себебін анықтау қажет деп ойлаймын”, - дейді метеостанция қызметкері Ольга Бачкова.
Президент «Каспий теңізін зерттеу институтын құруды» тапсырған еді. Осыған байланысты қазір Каспий маңы мемлекеттерімен бірлесіп, тұжырымдама әзірленіп жатыр. Жоспар бойынша, институт келесі жылдың соңында ашылады. Бірақ қайда құрылатыны әзірге белгісіз.

“Институт негізінен осы Каспий теңізінің таяздануын, биоалуантірлігін, экожүйесін зерттейді деп жоспарлануда. Не себепті таязданып жатыр, қай өзендерден су жеткіліксіз келіп жатыр соның бүкілі зерттелетін болады деп қазіргі таңда жоспарлануда. Экология жағынан да сонымен қатар трансшекаралық өзендердің келуі жағынан да мұқият қаралады”, – деді ҚР Су ресурстары комитетінің баспасөз хатшысы Ақылжан Қартбаев.
Жаһандық жылыну салдарынан теңіз суы қарқынды булануда. Оның үстіне жауын-шашын аз. Сонымен қатар, Каспийге Еділ мен Жайық өзендерінен келетін судың көлемі азайған. Теңіздегі су деңгейінің төмендеуіне әсер етіп жатыр факторлардың бірі осы дейді мамандар. Қалған себептерін ғылыми түрде зерттеу керек.