Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Кәсіппен айналысу – экологияны бүлдіру деген сөз емес

28 қаңтар 2011, 12:03

Алматы шаһары қазір қарбалас үстінде. Қысқы Азия ойындарына дайындық қызу қарқынмен жүріп жатыр. Қала экологиясы мен тазалығына жауапты мекемелер мен кәсіпорындардың жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсті. Осыған орай, қазір алматылықтар арасында тазалық айлығы өтуде. Көшелер тазартылып, жол бойындағы жабайы сауда нүктелері алынып, қоршаған орта тазалығын сақтау шаралары күшейтілуде.
Адам денсаулығының ішкен суы мен жұтқан ауасының сапасына байланысты екенінде дау жоқ. Сондықтан әрбір адам өзін қоршаған ортаның тазалығына атса­лысуы керек. Мұны әрбір пенде жақсы біледі. Десек те, кейбір пайда қуған кәсіп иелерінің пенделікке барып, тазалыққа мән бермеуі қынжылтады. Мысалы, статис­тикалық мәліметтер бойынша Алматы қа­ла­сында 2446 кәсіпорын табиғат пай­даланушы ретінде ресми тіркелген екен. Ал бұдан өзге де халыққа қызмет көрсететін шағын кәсіпорындар (дөңгелек жөндеу, самса, кәуап пісіру сияқты айналасын лас­тап, ащы түтінге бөктірген) аз емес. Олар қоршаған орта мен ауаның шектен тыс ластануына себепкер болып отыр­ғандарын түсінгісі де келмейді. Арнайы жүргізілген зерттеу нәтижелері көрсет­кендей, қаладағы кәсіпорындар мен жекелеген ластағыш көздерден ауаға жылына 16 286 тонна зиянды улы заттар тарайды екен. Ал бұған қарсы қандай амал бар? Бұл арада бір ғана амал бар – белгіленген заң аясында қатаң шаралар қолдану.
Осы мәселеге байланысты Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Балқаш-Алакөл экология департаменті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, эко­логиялық қадағалау жұмыстарын кү­шейт­ті.
 Департамент қызметкерлері Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті бекіткен 2010 жылғы жеке кәсіпкерлік субъектілерді жоспарлы тексеру кестесі бойынша жыл басынан бері Алматы қаласында 532 тексеріс ұйымдастырды. Тексеріс нәти­жесінде 456 заңбұзушылық анықталды.
Соның ішінде қаладағы 76 техни­калық жөндеу орталығы («ВиаАвто» ЖШС, «Leon T+» ЖШС, «Асель» ЖШС т.б) бойын­ша табиғатты ластағаны үшін ақша­лай айыппұл салынды. Сондай-ақ кәуап­хана иесі болып табылатын «ИП Баки­роваға» да 21 мың теңге айыппұл салынды. Екі нысан­ның – «Мастер Стар» ЖШС мен «ИП Кры­ловтың» қызметі тоқтатылды.
 Бүгінгі күні медициналық қалдықтармен жұмыс істейтін кейбір кәсіпорындардың мүшкіл жағдайы экологиялық қадағалау органдарын қатты алаңдатып отыр. Мы­салы, «МОД и компания» ЖШС-і Алма­тыдағы ҚР Президенті Шаруашылық басқармасының Орталық клиникалық ау­­ру­­­ханасы, Кардиология және ішкі ауру­лар ғылыми-зерттеу институты, СПИД-пен күрес орталығы, №1, 4, 7, 12, 14-қалалық клиникалық ауруханалар, №4 және №5 перзентханалармен келісімшартқа отырып, олардан шыққан аса қауіпті меди­циналық қалдықтарды жоюға міндеттеме алған. Алайда тексеру барысында анық­талғандай, адам денсаулығына аса зиянды меди­циналық қалдықтар мен заттар нормаға сай арнайы жабдықталған пеште (мың градустан жоғары қыздыратын арнайы пеш) емес, «Қапшағайтяжстрой» кәсіп­ор­нының аула­сында өртеліп отырған. Бұл – экологиялық заңдылықты өрескел бұзу. Ал бұл кәсіпорынның арнайы техни­калық құрал-жабдықтары да жоқ бола тұра тен­дерге қатысып, 13 мекеменің арасында жеңімпаз деп танылуы кім-кімді болса да ойлан­дырмай қоймас.
Шектен шыққан экологиялық заң­бұзу­шылық салдарынан 46 нысанның, соның ішінде «Қазмұнайгаз өнімдері» АҚ Алматы филиалы, «Сонар мұнай өнімдері» ЖШС, «Арыстан авто» ЖШС-нің қыз­меттерін тоқтату жөніндегі материалдары сотқа өткізілді. Сот шешімімен өзен аңғарындағы «Сабантой» кафе-кешені бұзылды. Осы тексерілген нысандарға салынған айып­пұлдың жалпы көлемі 40 млн 900 мың теңгені құрап отыр. Қазіргі күнге дейін соның 32 млн теңгесі өндіріліп алынды. Бұдан басқа, табиғатқа келтірілген тікелей зиянның орнын толтыру мақсатында 17 млн 984 мың теңге көлеміндегі талаппұл салынды.
Заңды және жеке тұлғалардың барлығы да экологиялық құқық ережелерін бұл­жытпай сақтауға міндетті екенін ұмытпауға тиіс.