"Қазақстан халқына" қорына жіберілген өтініш жоғалып кетті

11 наурыз 2022, 08:42

Мүгедек баласының еміне ақша сұраған қарағандылық ананың "Қазақстан халқына" қорына жіберген өтініші жоғалып кетті.
 
"Тексерейін деп сайтқа кірсем, өтінішіміз жоқ. Оның орнына мақұлданбаған үш өтініш жатыр. Олар баспана, жұмысқа тұрғызу туралы және ақшалай қаражат сұраған өтініштер. Олар қаралмай кері қайтқан ретінде тұр. Мен қаражатты баламның еміне сұрадым", - дейді Екатерина Сартаева.
 
11 жастағы Эмиль Сартаев бір жыл бұрын құлындай шауып жүрген. Ойламаған жерден жүрегі сыр беріп, жағдайы қиындай түсіпті. Тексере келгенде 3-ші дәрежелі жүрек талмасы анықталған. Дерттің дауасы Қытайдан табылған, деп хабарлады КТК.

Бейжіңдегі ақ халаттылар Эмильдің жүрегін емдеуге 10 миллион теңге сұрапты. Бірақ бұл отбасында ондай ақша жоқ. Сондықтан олар "Қазақстан халқына" қорынан көмек сұраған. Алайда баланың диагнозы мен жағдайды суреттеп жазған өтініші аяқ асты жоғалып кеткен. Ал қор өкілдері бұл сайтты жетілдіру барысында туындаған "техникалық қиындық" дейді. Ол берілген өтінішті қарауға кері әсер етпейді екен.

"Порталдың жұмысын жақсарту мақсатында тестинг өткізілген. Сол тестинг кезінде дәл Екатерина Сартаеваның ақпаратына қатысты бір ғана қате тіркелген. Ол қате қазір жойылды және Екатерина ханым уайымдамаса болады. Дәл өзінің атынан жіберілген өтініш қарастырылып жатыр", - деп түсіндірді "Қазақстан халқына" қорының ресми өкілі Айкерім Есенәлі.

sputnik.kz