Қазақстанда ана капиталы енгізіле ме

29 мамыр 2021, 11:40

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарының елімізде ана капиталын енгізуге қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«2020 жылдың қазанында ресейлік тәжірибені тыңғылықты зерделеу мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халқы еңбегі, жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік қорғалуы жөніндегі консультациялық кеңестің XXXIII отырысында бұл мәселе қарастырылды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде «Ана капиталы» тууды ынталандыру және «табиғи кему» сынды құбылысты еңсеру үшін уақытша іс-шара екендігін атап өткен орынды. Ынталандыру іс-шарасы енгізілген кезде Ресей Федерациясындағы туудың жиынтық коэффициенті 1,4-ті құрады. Ал аталған бағдарлама жүзеге асырылған кездегі туудың жиынтық коэффициенті 0,1 тармаққа артты немесе 1,5-ке жетті. Бұл бағдарламаның тиімсіздігін көрсетеді. Бұл ретте Қазақстандағы туудың жиынтық коэффициенті 2007 жылы 2,47-і болса, 2020 жылы 3,13-ке дейін өсті», - деді вице-премьер жауабында.

 

Ералы Тоғжановтың атап өтуінше, Қазақстанда қолданыстағы ана мен баланы қолдау жүйесі уақыты әрі мерзімді жәрдемақы төлеміне кепілдік береді.

 

Ол жүктілікке және тууға байланысты әлеуметтік төлемді (орташа айлық жалақының шамамен 40 пайызы), бала тууына арналған жәрдемақыны (1, 2, 3 балаға 110 846 теңге, төрт және одан көп балаға 183 771 теңге), бала 1 жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған төлемді (16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін) қамтиды. Бұл төлемдер отбасының кірісіне қарамастан беріледі.

 

Бұған қоса, бала 1 жасқа дейін күтім жасайтын әйелдерге орташа айлықтың 10 пайызы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялау қарастырылған.

 

2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға отбасыдағы бала санына байланысты сараланған мөлшерде жәрдемақы тағайындалып, төленіп келеді.

 

Табысы төмен аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады.

 

Аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама беріледі.

 

«Бұған қоса, бүгінде еліміздің барлық өңірінде және елордада аз қамтылған және көпбалалы отбаыларға «бір терезе» қағидатымен қызығушылық танытқан барлық сауалдарына консультациялық қызмет көрсететін «Жанұя» және «Шаңырақ» отбасына қолдау институты орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар орталықтарда балаларға және олардың отбасыларына, оның ішінде мүгедек жандарға психологиялық әрі ынталандыру тренингтері, өзге де іс-шаралар өткізіледі», - деді Үкімет басшысының орынбасары.