Қазақстанда балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жаза қатаңдануы мүмкін

25 ақпан 2022, 22:30

Сенатта балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазаны күшейтуді ұсынды. Депутаттар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорқынышты статистикасын келтірді. Соңғы бес жылда Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау фактілері бойынша жетекші елдердің ондығына енді. Зардап шеккендердің арасында жасөспірімдер де бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Рысқали Әбдікеровтың айтуынша, ғаламторда балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін сайттар мен ақпараттардың көп болуы да алаңдатады. Осыған байланысты сенаторлар білім беру ұйымының басшысына оқушыларға қатысты қорқыту, сондай-ақ кибербуллинг жағдайлары туралы хабардар етпегені үшін жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр.

"ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және білім беру ұйымының басшысын білім беру үдерісінде қорқыту және киберқорқыту жағдайлары туралы хабарламағаны үшін жауапкершілікті енгізу қажет. Әлеуметтік оңалтуды және оқушылар арасындағы кикілжіңдер мен текетірестердің алдын алу үшін мектептерде татуластыру қызметтерін іске асыру керек", – деді Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров.