Қазақстанда борышкерді баспанасынан шығаруға уақытша тыйым салынады

18 қаңтар 2022, 13:24

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жоспарды ұсынды. Онда түрлі бағыт бойынша 51 тармақ енгізілген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

 

Тармақтардың бірі халық пен кәсіпкерлікті қолдау шараларын қамтиды. Атап айтқанда, салықтық және кедендік тексерістерді 2022 жылдың 1 ақпанына дейін уақытша тоқтату және кейінге шегеру, утилизациялық алым ставкаларын қайта қарастыру.

 

Жоспардағы тағы бір тармақ борышкерлерді үйінен шығаруға қатысты.

 

"2022 жылдың 20 сәуіріне дейін үйінен шығару, көшіру және ғимараттарды сүрумен байланысты атқарушылық іс-әрекеттерді жүргізуге уақытша тыйым енгізіледі", - деді Әлібек Қуантыров.

 

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша жоспарда 11 іс-шара қарастырылған. Олар күш құрылымы қызметкерлерінің рухын көтеру, жауынгерлік дайындықты арттыру, бүлінген нысандарды қалпына келтіруді қамтиды.

 

Үкімет бүгін аталған жоспарды мақұлдады.