Қазақстанда ит төбелестіруге тыйым салынады

08 қазан 2021, 22:11

Қазақстанда ит айқасын өткізуге заңнамалық түрде тыйым салынбақ. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын таныстыру кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Бүгін назарларыңызға ұсынылған заң жобасы жануарларға қатысты келеңсіз көріністерге тосқауыл қояды. Мұндай көріністерге, атап айтқанда, ит айқастыру, анестезиясыз ветеринариялық операциялар жүргізу, жануарларды өлтіргені үшін жазасыз қалу, жануарларды аш ұстау және оларға уақытында көмек көрсетпеу, қатігездікпен аулау, жеуге және өнім алуға арналмаған жануарлардың еті мен майын пайдалану жатады», - деді вице-министр.

 

Оның айтуынша, заң жобасының ережелерін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға, атап айтқанда Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, Ветеринария туралы, Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

 

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын қабылдау Қазақстанның прогрессивті, заманауи мемлекет ретіндегі имиджін нығайтады, барлық тіршілік иелеріне адамгершілік пен ізгі қарым-қатынасты қалыптастыруға, үй жануарларына қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға мүмкіндік береді деп санаймыз», - деп түйіндеді вице-министр.