Қазақстанды кедей ел деп айта алмаймыз − сарапшы

19 сәуір 2022, 11:02

Тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібін іске асыру барысы кезінде елдегі кедейлік мәселесін шешу бағыты қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ ТДМ жөніндегі Хатшылық директоры Бақытгүл Хамбар Үкіметтің кедейлік шегімен қалай күресіп жатқаны туралы айтты.

«Егер халықарылық көрсеткіштерге қарасақ, артта қалған елдермен салыстырғанда Қазақстанды кедей ел деп айта алмаймыз. Бай мен кедей арасындағы теңсіздік мәселесі біздің елде ғана емес, әлем елдерінде де болып жатқан жағдай. Үкіметтің атқарып жатқан шарасына қарамастан сыртқы факторлар да халықтың тұрмысының төмендеуіне әсер етіп отыр. Биылғы ерікті шолуда халықтың пікірін ескере отырып, кедейшілікті жою жөнінде терең талдау жасайтын боламыз. Қазір Үкімет халықтың табысын арттыруға басымдық беріп отыр. Бұған қоса, 2019 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек берудің механизімдеріне өзгерістер енгізілді. Қалған шаралар алдағы уақыттың еншісінде», - дейді сарапшы.


Оның сөзінше, кедейлік халықтың табысымен байланысты. Сондықтан осыған назар аудару керек. Екіншіден, орта кәсіптік мамандақтардың түрлерін уақыттың талабына сай қайта қарау қажет.

«Мысалы, еліміздің батыс өңірлерінде көгалдандыру аса маңызды. Сол үшін осы саламен айналысатын мамандықты дамыту керек. Халықтың еңбек қабілетін арттыру үшін бюджет қаражатын тиімді бөлу маңызды. Мысалы, кәсіптік техникалық колледждер жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Осы ретте белгілі бір мамандыққа ғана қаражат бөлмей, әр өңірдің ерекшелігіне сай мамандықтардың сұранысына қарай басымдық беру керек», - дейді Бақытгүл Хамбар.