Қазақстандықтар дүкендерде жаппай қантқа таласуда: Әкімдіктегілер түсінік берді

12 наурыз 2022, 21:42

Әлеуметтік желіде Көкшетаудағы ірі сауда орындарында жұрттың жаппай қант сатып алып жатқаны туралы видео тарады. Осыған байланысты Ақмола облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасы түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жуырда сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда үш айға жететін қант қоры бар екенін мәлімдеді. Экономикалық санкцияларға байланысты Ресей билігі жарты жылға қант экспортына тыйым салған еді.

Дәл сол күні және ертесіне Қазақстанның көптеген қаласында қант ең көп сұранысқа ие өнімге айналды. Бағасы да шарықтады. Сатушылар бір адамға сатылатын тауар көлеміне шектеу енгізе бастады.

Мысалы, Көкшетауда супермаркеттердің бірінде қантқа кезекте тұрған сатып алушылар арасында төбелес шыға жаздады.

Қарағанды мен Теміртауда да дүрлігу байқалды: сатушылар қантты сөреге қоя бергені сол еді, адамдар талап әкетті. Пабликтердің бірінде қанттың бір келісі 500 теңгеге жеткені жазылды.

Солтүстік Қазақстан облысында қанттың бір келісі 420 теңгеге дейін қымбаттады.

Павлодарда да кешеден бері дүрлігу байқалады. Сауда орындардың бірінде қантты 4,5 кг келіден үлестеп сатып жатыр.

"Ақмола облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасы қазіргі уақытта көтерме саудаға "Тараз қант зауыты" ЖШС-де өндірілген қант түсіп жатқандығын хабарлайды. Онда бүгінгі күні сату бағасы 1 келісі үшін 390 теңгені құрайды.

Сондай-ақ көтерме сауда қоймалары мен бөлшек сауда кәсіпорындарында қант пен басқа да тауарлардың жеткілікті мөлшері бар, қорларды толтыру ағымдағы режимде жүргізіледі. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК" АҚ қант сатып алу жұмыстарын жүргізуде, осы аптада 100 тонна қант түсті.

Бұдан басқа, "KOKSHE-MARKET" әлеуметтік дүкендерінде бұрын сатып алынған (қалған 20 тонна) қант 1 келісі 320 теңге бағада сатылып жатыр (алыпсатарлыққа жол бермеу мақсатында қантты бір қолға жіберу көлемі бойынша шектеу белгіленеді)", - деп түсіндірді Ақмола облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасынан.

Сонымен бірге басқарма басшылығы азаматтардан араңдатушылық хабарламаларға бой алдырмауды және дүрлікпе жасамауды сұрайды.