Қазақстандықтар жаппай төлқұжаттарын жырта бастады

25 мамыр 2022, 14:24

Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін қазақстандықтар арасында төлқұжат жырту трендке айналды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Төлқұжатын жыртып, онда чип жасырылғанын көрсеткен ер адамның бейнежазбасы желіде кеңінен тарады.

 

Автордың сөзінше, құзыретті органдар чиптің көмегімен ел тұрғындарын аңдып, жүріс-тұрысын қадағалап отырады.

 

ІІМ аталған видеоға қатысты ресми мәлімдеме жасап, бұл микросхема – электрондық паспорт екенін түсіндірген еді.

 

Мұндай үлгідегі құжат 2009 жылдан бастап шығарылып келеді. Ондағы чип азамат туралы жеке деректерді сақтауға арналған және жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік береді.

 

Чипі бар төлқұжат Қазақстан азаматтарының электронды жүйелері арқылы шекара бекетінен өтуін және паспорт-визалық бақылауды жеңілдету үшін енгізілген.

 

Десе де, министрліктің түсіндірмесі құжатты бүлдіруді трендке айналдырған ел азаматтарын тоқтатар емес. Чиптің бар-жоғын тексеру үшін төлқұжатты жыртушылар қатары көбейіп кетті.

 

Ең сорақысы, олар бұл әрекеттерін видеоға түсіріп, желіге жүктеу арқылы дәл осы істі қайталап көргісі келетіндер санын одан беттер арттыруда.