Танымал әлеуметтік желіде тікелей эфирге шыққан адамдар несие, бөліп төлеу мен уақыты өткен қарыздарын жабу үшін донат жинай бастады, деп хабарлайды Alashainasy.kz Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
TikTok желісінде тікелей эфирге шыққан кез келген азамат заңмен тыйым салынбаған дүниелерді айтып, сағаттап отыра алады. Оның үстіне, қазір бұл желі тікелей эфирге қосылған адамның парақшасын өзгелерге ұсынып отырады. Бұл балгерлер мен тарологтар үшін табыс көзіне айналған құрал.
Ал, қазір бұл құралды несиесі бар қазақстандықтар белсенді түрде пайдалана бастаған. Яғни, желіде тікелей эфирге шыққан адам экранға несиесі туралы ақпарат салып, қанша қарызы бар екенін айтады және оны жауып беру үшін елден көмек сұрайды. Ақпаратты көрсете отырып, осындай қиын жағдайға қалай тап болғандарын баяндап, халықтың аяныш сезімін оятады.
Мәселен, суретіне қарап, Павлодарда тұруы мүмкін деген Лиля есімді азаматша 988 718 теңге көлемінде төлей алмаған несиесі бойынша халықтан жылу жинаған. Келіншектің балабақшаға баратын екі бүлдіршіні бар. Ол тікелей эфирде бірнеше банкке қарыз екенін, сондықтан, қазір ешбір қаржы ұйымы оған жаңа несие бермейтінін айтып, проблема көтерген.
Мен аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат жұмыс істеймін, сонда да ақша жетпейді, сондықтан, несие алуға тура келеді. Бірақ, несиелерді жабатын ақшам жоқ, - дейді тікелей эфир жүргізген келіншек.
Әйелге жаны ашыған азаматтар шамалары жеткенше көмек қолын созған. Тікелей эфирге шыққан адам ақша жіберген азаматтардың аударымдарын көрсетіп отырады. Алайда, көмек сұрағандар әдетте халық нақты қанша теңге жібергенін және оған қандай несиесін жапқанын ашып айтпайды.