Мәселе

ҚАЗАҚСТАНҒА КРЕМАТОРИЙ КЕРЕК ПЕ?

  • ҚАЗАҚСТАНҒА КРЕМАТОРИЙ КЕРЕК ПЕ?

    ҚАЗАҚСТАНҒА КРЕМАТОРИЙ КЕРЕК ПЕ?

Мұсылман халқының түйсігіне жат «крематорий» десе қазақтың денесі түршігеді. Бақилыққа аттанған адамын ақ жуып, арулап қоятын біздің халық үшін мәйітті отқа тастау ақылыңды отқа тастаумен бірдей. Десек те, осы тақырыпты зерттеп көрсек, өлікті өртеудің тарихы тереңде екен. Тамыры сонау тас дәуірі мен қола дәуірінен тартылады. Ертедегі адамдар өліктерін жаппай өртейтін болса, көне Грецияда да бұл әдіс кеңінен қолданылып, содан ертедегі Римге ауысқан. Адам өлігін өртейтін салт Европаға 18-ші ғасырдың соңында келген екен.

Берідегі тарихта Үндістан, Жапония және Индонезия елдерінде өлікті ашық отқа өртепті. Әлі де өртейтін сияқты. Басқа елдерді білмеймін, соңғы жылдары біздің экранды жаулап алған үнді фильмдерінде өлікті өртегендерін көзбен көрдік.
Ал, патшалық Ресейде алғашқы крематорий обадан өлген малдарды өртеу үшін салыныпты. Кейіннен жұқпалы аурудан өлген адамдардың денесін өртеуге де пайдаланылған. Мысалы, 1905-1907 жылдары оба дертін зерттеуші екі дәрігер В.Турчинович-Выжникевич пен М.Шрейбер өздеріне оба жұқтырып, олардың денелері де өртеліпті. Келе-келе кәдімгі салтқа айналып кеткен сияқты. В. Маяковский, М. Горький, В. Чкалов, С. Киров, В. Куйбышев, С. Орджоникидзе сияқты белгілі тұлғалардың да мәйітін отқа жағып, күлін арнайы колумбарияларға қойған. Ленинград қаласы фашистердің қоршауында қалған жылдары да соғыс зардабынан өлген адамдардың көптігінен олардың мәйіттерін өртеу кеңінен қолданылды. 1933 жылы Мәскеуде көз жұмған алаш қайраткері Смағұл Садуақасовтың мәйіті де өртелген. Ғаламторды ақтарып отырсақ, оның өмірбаянында С. Садуақасовтың сүзекпен ауырып, қайтыс болғаны жазылыпты. 2011 жылы оның мәйіт күлі салынған қобдиша туған еліне жеткізіліп, қайта жерленді.
Қазір де Ресейде мәйіттерді өртеу сақталған. Бүгінде ірі қалаларда 30-ға жуық крематорий бар. Тіптен Ресейдің Мәскеу және Санкт – Петербор қалаларында кремациялау үлесі 70 пайызға дейін жетіпті.

Крематорий салудағы басты себеп – зиратқа бөлінетін жердің жоқтығы. Осындай сылтаумен Мәскеу кеңес кезінің өзінде-ақ Қазақстанға «өлікті өртеу» әдісін ұсынған. Сол кездегі басшымыз Дінмұхаммед Қонаев өзінің табандылығының арқасында Мәскеу билігінің тізеге салар пәрменінен жол тауып шыққан болатын.
Қазақстанда қазір крематорий салу мәселесі ауық-ауық көтеріліп тұрады. Яғни жерлеу рәсімдерін өткізетін кәсіпорын басшылары Алматы қаласының әкімдігіне крематорий құрылысын салу туралы ұсыныс бергенде оны қолдаушылар да, қарсы болғандар да көп болды. Бұл ұсынысқа әсіресе дін өкілдері қатты қарсылық көрсетті. Исламда да, христианда да мәйітті өртеу күпіршілік саналады. Діни түсінік бойынша топырақтан жаралған адам, Жер-анаға қайта оралуы керек.
Иә... топырақтан жаралғанымыз ақиқат болса, қайтадан топыраққа айналуымыз да ақиқат болуы керек.
О, шіркін, өріне өмір келер ме едік,
Келіп ап көкжиегін көрер ме едік.
Сан ғасыр өткеннен соң күл-сүйектен,
Тым құрыса бір тал шөп боп өнер ме едік!- дейді Омар Һәйям. Ал, Мұқағали:
Тастама мені,
Тастама мені, Шырағым!
Шуағың түссін,
Шөп болып, мейлі, шығамын,-дейді.

Қазақстанда мәйітті өртеуді құптайтындардың көш басында қаладағы жерлеу рәсімін ұйымдастырушы ұйымдардың өкілдері тұр. Олардың дәлелі де – қала аумағында зиратқа бөлінетін жердің тарлығы. Осыған қарап санаға салмақ салып ойланатын болсақ «Қазақстанға крематорий керек пе?» деген сұрақ миыңды шыңылдатады. Әрине, күннен күнге «алып қалашыққа» айналып бара жатқан «Кеңсайдың» проблемасын кремарториймен шешуге болмайтын шығар десек те, дәл бүгінгі таңда «Жұқпалы аурудан қайтыс болғандарды қайтеміз?» деген сұрақ атойлап тұр.
26 наурыз күні коронавирустан 64 жастағы әйел қайтыс болғанын естігенде «Енді оны қайда, қалай жерлейді?» деген сұрақ барлығымызды ойландырған шығар. Оның Ақмола облысының Қосшы ауылының маңына жерленгенін естігенде «Бұл қалай?» деп таң қалдық. Бірақ қарапайым халық пен журналистердің сұрағына не әкімшілік органдары, не жерлеу рәсімін ұйымдастыратын бюролар жарытып жауап бере алмады. Іле-шала Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеме жасап, өлгендердің санитарлық талапқа сай жерленетінін алға тартты. Жуырда тағы екінші науқас коронавирустан көз жұмды. Бұл цифрдың әлі қаншаға барып тоқтайтынын да ешкім болжай алмайды. Жақында ғана еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған адамдарды жерлеу тәртібі бекітілген жарлыққа қол қойды. Қазір біздің білетініміз «Қазақтар дәстүр бойынша денені табытқа салмайды. Бұл жағдайда коронавирустан көз жұмған адамның денесін дезинфекциялық ерітінді сіңірілген төсек жаймаға орап, сыртынан полиэтиленді пленкамен қаптайды. Артынан қайтадан тығыз матамен орайды» деген нұсқаулық.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 инфекциясын жұқтырып, қайтыс болғандарды жерлеудің ортақ ережесі жоқ екенін, әр мемелекет өзінше ереже бекіткенін алға тартты. Қазақстанда санитарлық нормаға сәйкес жұқпалы аурулардан қайтыс болғандардың моласының түбіне қалыңдығы 10 см хлорлы әк салынады екен. Мәйітті тасымалдауға болмайды. Алматы қаласындағы жерлеу және зираттарды ұстау жөніндегі Ереже бойынша мұндай адамдардың моласы әдеттегідей 1,5 метр емес, 2 метр тереңдікпен қазылады. Жерлеу бюроларында да әртүрлі ереже қолданылады. Тіптен мықты қара полиэтилен қапшыққа салып жерлеуді ұсынатын бюролар да бар. Сонда қалай? Мұсылманда топырақтан жаралған адам, топыраққа сіңіп кету үшін жұқа кебінге оралады. Өйткені сүйектен ажырап, суға айналған ет топыраққа тез сіңіп кетуі керек.
Негізінен Қазақстанда өлген адамның денесін кремациялауға мүлде тапсырыс жоқ деп айтуға болмайды екен. Осы мақаланы жазу барысында Алматыдағы «Амон» жерлеу бюросының директоры Сергей Александровичпен хабарласқан едік.
«Қазақстанда крематорий салу керек пе немесе керегі жоқ па?» деген сұраққа жауап беру қиын. Крематорий қажет дейін десем, адам денесін кремация жасауға өткен жылы 14 қана тапсырыс болды. Оның өзіндік себебі де бар. Біз тапсырыс болған жағдайда мәйітті Ресейдің крематорийлерінде жасаймыз. Бұл өте қымбатқа түседі. Ашығын айтқанда бір адамды кремациялауға мәйіттің иесі 500 000 теңге шығындауы қажет. Өйткені өлген адамның денесін Ресейдің крематоийлеріне жеткізу үшін де бірқатар дайындық жұмыстары қажет. Мысалы, тиісті құжаттарын жинау керек, денені бальзамдау керек, жеткізу шығыны, сонымен қатар крематорийдің қызмет көрсету құны да бар. Кремацияланған адамның мәйіт күлі салынған қобдиша тиісті мекенжайға жеткізіледі. Егер өзімізде крематорий болса, бағасы мұндай қымбат болмас еді. «Керек емес» деп те айта алмаймын, өйткені исламда адам денесін өртеуге тыйым салынғанмен, Қазақстанда осы салтты жат көрмейтін ұлт өкілдері де көп тұрады ғой».
Расын да, «Қазақстанға крематорий керек пе?» деген сұраққа жауап беру қиын. Мәйітті өртеуге тапсырыс берушілердің аз болуы қызмет көрсету бағасының қымбат болуына да байланысты екені сөзсіз. Бұл орайда тағы да бір ойланатын жәйт бар – ірі қалаларда үй-күйі жоқ қаңғыбастар да көп болады. Мысалы бір Алматы қаласының өзінде бір жылда жүзге жуық осындай адамдар қайтыс болады екен. Олардың арасында басқа ұлт өкілдері де жетерлік.
Крематорийдің қажеттілігін жоққа шығармайтын тағы бір мәселе бар. Мысалы, медициналық мекемелерден жиналатын биоқалдықтар да жерге көміледі. «Алматы қаласы мамандандырылған жерлеу рәсімдері бюросы» ЖШС мамандарының айтуынша бір молаға 70 килограмм биоқалдық (мерзімінен бұрын және өлі туған шақалақтар, медициналық аборт қалдықтары) көміледі екен. Мамандардың айтуынша мұндай биоқалдықтарды өртеу үшін крематорий қажет.
Бір сөзбен айтқанда ерте ме, кеш пе Қазақстанға крематорий салу қажеттігі туындайтыны анық. Әрине, бұл жерде өлген адамдарды жаппай өртеу қажет деген пікірден аулақпыз. Бізде көп ұлттың өкілдері өмір сүргенмен мәйітті қалай жерлеу керек екенін әр адам өзі шешеді.

Гулнар Магзумова
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 280    Пікірлер: 0

бейсенбі, 02.04.2020, 12:22

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31