Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қазақтың «миы» басқаға да керек

02 шілде 2013, 16:23

Оқушылардың жүйкесіне жүк салған биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу артта қалды. Тестілеуден тәуір ұпай алғандар өздеріне ұнаған мамандықты таңдап, мемлекет бөлген оқу гранттарының иесі атану үшін құжаттарын тапсырып жүр. Бірақ мемлекеттік тапсырыс бойынша еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға талпынушылар арасында Қызылжардың жастары жылдан-жылға азайып келеді. Оған себеп – Қызылжар ғана емес, Ресеймен шекаралас өзге де облыстар­дың білімді оқушыларын көрші мемлекеттің университеттері іріктеп әкетіп жатқандығы. Ал оқуын бітірген соң олардың елге оралатын­дары тым сирек, көбі көрші елде түпкілікті тұрақтап қалады екен.
Солтүстік Қазақстан облысындағы орта мек­тептерді биыл төрт жарым мыңдай оқу­шы тамамдап шықты. Ал жоғары оқу орын­дарына түсуге мүмкіндік беретін ҰБТ-ны тапсырғандар солардың 58 пайызы ғана. Бұл – республика бойынша тестілеуге қа­тысушылардың ең төменгі көрсеткіші. Кейбір облыстарда оқушылардың 80-90 пайызына дейін қатысқаны белгілі. Ал қызыл­жар­лық оқушы­лар­дың жартысына жуығы­ның тест тап­сыру­дан бастартуына не себеп болды екен? Әдетте мұғалімдер мектептің көрсеткішін төмендетіп жібереді деп үлгерімі нашар оқу­шыларды қатыстыр­мау­­ға тырысады. Бір­ақ биыл білім саласын ба­қылау депар­та­менттері жер-жерлерде білім ошақтары­ның басшылары мен мұға­лім­дері тарапы­нан тестіге қатыстырмау фактілерін бол­дыр­мау мақсатында бақы­лау жүргізді. Яғни түлектің таңдауына еш­кім де кедергі келтіре алмады. Бұған қарамастан, Қызылжарда екі мыңға жуық бала жоғары білімді маман атануға мүм­кіндік беретін ҰБТ-дан бас тартты. Білім басқармасы мамандарының айтуынша, тестілеуден халықаралық білім байқаулары мен олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері білім және ғылым министрі­нің бұйрығымен босатылған екен. Деген­мен ондай дарындардың саны мұнда аса көп емес.
Тестілеуден теріс айналып жүрген бір топ бар және кей өңірлерде қарасы қалың, олар – шетелдерде білім алуды қалаған жас­тар. Шекарадан асқан соң, біздің ҰБТ-ның нәтижесі ескерілмейтіндіктен, олар аттестат алу үшін дәстүрлі емтихан тап­сыра­ты­ны белгілі. Әрине, жастарымыздың шет­е­лдің алдыңғы қатарлы университет­те­рін­де оқығаны – құптарлық жайт. Елба­сының өзі бастамашы болып қабылдаған «Болашақ» бағдарламасының бүгінде же­місін көре бастадық. Дегенмен «Болашақ» ар­қылы мемлекеттің ақшасына білім алып, кейін туған жеріне қайтудан бастартқандар да бар екені жасырын емес. Яғни бұл – жас­тарымыздың білімін өзге мемлекеттер пайдаланады деген сөз.
Қазақстандағы орта білім беру жүйесі шетте жоғары бағаланатыны айтылып та, жа­зылып та жүр. Сондықтан да болар, шет­ел­дік оқу орындары Қазақстанның мек­теп­терінде әртүрлі байқаулар ұйымдас­тырып, білімділерін ерте бастан іріктеп алып, тегін оқуға мүмкіндік беретін серти­фи­каттар табыстап қояды. Баласының шетте оқитынына бірінші кезекте ата-ана мәз, ұстаздары да еңбегінің ақталғанына қуа­нышты, мемлекет те шығын шығармай жас­тарымызды оқытып аламыз деп ойлай­ды. Соңғы жылдары Ресейдің жоғары оқу орындары солтүстік облыстардың мектеп оқушыларын іріктеп, дарындыларын алып кетуді әдетке айналдырған. Манаш Қозы­ба­ев атындағы Солтүстік Қазақстан мемле­кет­тік университетінің аға оқытушысы Сай­ран Есетов бүгінде әлем елдері білімді жас­тарға таласып жатқанын айтады.
Сайран ЕСЕТОВ, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы:
 – Жастар – мемлекеттің болашағы. Бү­гін­де осы жастардың «миына» талас бас­тал­ды. Біздің облыстың көптеген жастары көр­ші елге кетіп жатыр. Олардың жоғары оқу орындары біздердікі сияқты оқуға кім келер екен деп күтіп отырған жоқ. Күзден бастап біздің мектептерде 11-сынып оқушылары арасында байқаулар өткізіп, әсіресе физика, химия, биология сияқты нақты ғылымдарға бейімді балаларды іріктеп алып, оларды тегін оқуға шақырады. Ал сол шетте оқығандардың диплом алған соң елге оралып жатқандары сирек.

Милы жастарымыздың шетке кетіп жатқаны – шындық. Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының берген мәлі­метіне қарасақ, 2011 жылы 5428 оқу­шы мектеп бітірген, соның 472-сі Ресейдің университеттеріне түскен, ал 2012 жылы 656 адам оқуға кетіпті. Биыл да ҰБТ-ға қатыспаушылардың көптігіне қарап, көрші мемлекетке кететіндер аз болмайтынын болжауға болады. Бұл – бір облыстың ғана жағ­дайы, ал өзге өңірлерді қоссаңыз, кетіп жат­қандар көрсеткіші көбейе түсері дау­сыз.
Нұрсұлтан ШҰҢҒЫЛШИН, мектеп бітіруші:
 – Мен Есіл ауданы Бұлақ ауылындағы мек­тепті бітірдім. Алдымда мамандық таң­дау ісі тұр. Мен әскери адам болғым келе­ді. Сондықтан әскери оқу орындарын таң­дау­дамын, таңдауым Ресейдің оқу орын­­дарына түсті. Себебі ол жақта білім дең­гейі бізден жоғары деп ойлаймын. Ал оқуым­ды бітірген соң елге қайту-қайтпау мә­се­лесіне келсек, мен туған жеріме қызмет етуден қашпас едім. Ал шетте білім алып, елдеріне келгісі келмейтіндерді тү­сін­­беймін.

Жастардың бәрі алғашында осылай дей­тіні мәлім. Ал қаншама ақша жұмсап оқыт­қан маманды қай мемлекет жібере қояр дейсіз. Көбі оқу бітірген соң белгілі бір уақыт сол елде қызмет ету шартын жа­сатады. Ал шарт мерзімі біткенге дейін көбі отбасын құрып, сол ортаға бейімделіп те кетері белгілі.
Бұл жерде біздің жоғары оқу орын­дары­ның мемлекеттік мүдде үшін жұмыс істемейтіндігін көреміз. Олар білімді жасты тегін оқытқаннан гөрі ақшасы бар ата-ананың баласына білім беруді мақсат тұта ма деп қаласың. Жаңбырдан кейінгі саңы­рау­құлақтай қаптап кеткен жекеменшік университеттерді былай қойғанда, мем­ле­кеттік жоғары оқу орындарының өзі да­рын­ды жастарды іздеуді дағдыға айнал­дыр­маған. Егер жоғары білім саласында оң өзгеріс болмаса, қазақ жастарының «миы» түгел дерлік шетел асып кетуі де мүм­кін.

Қаперіңізде жүрсін:
1994 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдердегі универси­тет­терде білім алуға 9250 стипендия беріліпті. Солтүстік Қазақстан облысынан бар­ғандар саны – 120 адам. Ал өз қаржысына немесе шетелдік гранттарға оқы­ғандар туралы толық ақпарат жоқ.
ҰБТ енгізілген 10 жыл ішінде 1,33 миллион түлек тест тапсырыпты. Биыл 95,5 пайыз оқу­шы қатысып, олардың 71,2 пайызы жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік бе­ре­тін 50 балдық межеден өтіпті. Еліміздің жоғары оқу орындарына тегін оқуға биыл 35 053 грант бөлінді, бұл 2012 жылғыдан 738-ге көп.