Қазан айында Медициналық сақтандыру қорына 8,7 млрд теңгеден астам жарна түсті. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламаға сүйенсек, жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 қазанына дейінгі аралықта жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер төлеген жарнаның жалпы сомасы 113,8 млрд теңгеге жетті.
Оның 105,2 млрд теңгесі (шамамен 92,4%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,6 млрд теңге (7,6%) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі, делінген хабарламада.
Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.
Естеріңізге сала кетсек, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.