"ҚазАвтоЖолдың" жаңа басшысы Алматы - Нұр-Сұлтан жолының құрылысын 2022 жылы аяқтауға уәде берді

22 ақпан 2022, 16:10

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының жаңа басшысы Алматы - Нұр-Сұлтан жолын 2022 жылы толықтай іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ведомостваның мәліметінше, жол салушылар биыл еліміздің бірнеше өңіріндегі республикалық маңызы бар жолдардың құрылысын толықтай аяқтап, көлік қозғалысын ашуды жоспарлап отыр. 

"Біз биыл, 2022 жылы Нұр-Сұлтан - Алматы, Қалбатау - Майқапшағай, Атырау - Астрахань, Талдықорған - Өскемен және т.б. өңірлердегі жол жүруді қамтамасыз етуіміз керек. Сонымен қатар, біз Жезқазған - Қызылорда жолының құрылысын бастап жатырмыз", - деді "ҚазАвтоЖол" АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев.

 
Оның айтуынша, ұлттық компания сапасыз салынған жолдарды қабылдамайды.

"Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекет тапсырысын орындағысы келетін кез келген мердігердің басты міндеті - сапалы жұмыс, сондықтан оларға қойылатын талап та қатаң болуы керек. Біз президенттің тапсырмасын орындап, республикалық маңызы бар жолдардағы сапасыз жұмысты қабылдамаймыз. Бұндай жағдайда мердігер келісім шартқа сәйкес өз қаражаты есебінен қалпына келтіреді", - деп қосты Қасымбаев.
Ол биылғы жылы жол салушылар басталған жобаларды аяқтайтынын атап өтті. Ауа райы жылығаннан кейін жол жұмыстары жалғасады. Әзірге жаңа құрылыс маусымына дайындық жұмыстары басталды. Яғни, мердігерлермен келіссөздер жүргізіліп, Қазақстан жол жұмысшылары қауымдастығымен және Жол активтерінің сапасы орталығымен жұмыс жүргізіліп бастады.

"Былтыр ұлттық компанияның ашықтығы мен қызметін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық кеңес пен тұрақты комиссия құрылды. Демек, әркім учаскелердегі атқарылып жатқан жұмыс түрлерімен, жобалар бойынша қабылданған инженерлік-техникалық шешімдермен жеке таныса алады. 

Сонымен қатар, "ҚазАвтоЖолда" тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығы жұмыс істейді. Ұлттық компания филиалдарының жұмысына көңілі толмаған жүргізушілер осында өтініш бере алады. Жолда апатты жағдайға тап болған әрбір көлік иесі де байланыс орталығына хабарласа алады. Қалалық телефоннан да, ұялы телефоннан да қоңырау шалу тегін", - деп түйіндеді сөзін "ҚазАвтоЖол" басшысы.