Кедей отбасы балаларының біліміне алаңдаған министр одан шығар жолды ұсынды

18 мамыр 2022, 20:03

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларды қолдаудың жаңа тетіктерін әзірлегенін айтты.

Бұл туралы бас ұстаз өзінің әлеуметтік парақшасында жазды, деп хабарлайды Экспресс К.

Министрдің сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта білім беру мекемелерінде жағдайы жақсы және кедей отбасыдан шыққан балалардың теңдігін сақтайтын өзгерістер жүзеге асырылмақ.

Мектептер бойынша:


15 пайыздық квота.
Әлеуметтік осал отбасы балалары үшін мамандандырылған мектептерге түсуге жаңа 15 пайыздық квота енгізу туралы шешім қабылданды. Енді осындай отбасылардан шыққан 2 мыңнан астам бала жаңа квота бойынша БИЛ, Дарын және басқа мектептерге оқуға түсе алады.
"Бұл көп емес. Сол себепті мамандандырылған оқу орындары басшыларына мектептердің нәтижелеріне әсер етеді деп алаңдауына негіз жоқ. Жоғары академиялық жетістіктері бар балалармен қарым-қатынас және қоршаған орта осы оқушыларға оң әсер етеді және олардың тез бейімделіп, білімдерін шыңдауына және оқуда жетістікке жете алатынына сенімім мол", — деді Асхат Аймағамбетов.


Сандық репетитор.
Жаңашылдықтың мақсаты — әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға (500 мыңға жуық оқушы) апта сайын тегін математика, тіл немесе жаратылыстану пәндерінен кемінде 3 қосымша сабақ алу мүмкіндігін беру. "Қазақстан халқы" қорынан осы жобаны қаржыландыруға қолдау көрсету сұралды.


Колледждер бойынша грант саны ұлғайды
Әкімдік қаржыландыруы жеткіліксіз болғанынан, көбі колледжде оқуға тегін грант ала алмағаны жасырын емес. Сондықтан, биыл республикалық бюджеттен қосымша 45 мың грант бөлінді. Бұл әкімдіктер мен жергілікті колледждерге беріледі, — деп жазды министр.

Университеттер бойынша:
Былтыр гранттарды бөлу кезінде алғаш рет әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға университетте оқуға квота енгізілген. Нәтижесінде сондай білімгерлердің білім алуына мемлекет есебінен мүмкіндік берілді. Осы студенттердің бірінші оқу жылындағы үлгерімі мен сол шешімнің тиімділігін көріп, енді болашақта бұл квотаны одан әрі ұлғайту көзделуде. Яғни, грант саны 15 пайызға жеткізіледі. Осылайша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан тағы 5 мың бала мемлекеттік бюджет есебінен оқуға мүмкіндік алмақ.

Биыл ауыл мектептері түлектерінің жоғары білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында олардың квотасын 35 пайызға дейін ұлғайтып жатырмыз. Білім берудегі инклюзивтілік те әділеттілікті қамтиды, — деп қорытындылаған өз жазбасын министр.

Еске салайық, Экспресс К бұған дейін министрдің кедей отбасыдан шыққан балалардың білім деңгейіне алаңдаушылық білдіргенін жазған еді.