«Кедейлер банкінің» пайдасынан зияны көп болып тұр

«Кедейлер банкінің» пайдасынан зияны көп болып тұр

Бүгінде сәл ақша қажет бола қалса, қолындағы сақинасын алып, ломбардқа қарай жүгіретіндер көбейді. Тіпті бұл кейбір жандар үшін әдетке де айналғандай. Сұраныс артқан соң, әрине, ломбардтар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Ірі қалаларды былай қойып, ауылдық жерлерде де ашылып жатыр. Қатты қысылғанда қол ұшын беретін бұл қаржы ұйымының пайдасымен бірге зияны да шаш етек­тен. Алған ақшасын уақытында қайтара алмай, астындағы көлігі мен басындағы баспанасынан айырылып қалғандар сөзімізге дәлел. Ал дәл сол ломбардтардың өзінде арзан бағаға сатылып жатқан алтын-күміс бұйымдардың қаншасы ұрлық жолымен келгені бір Алла­ға ғана аян. Ешбір мекеме тарапынан қадағаланбайтын ломбард­тар бүгінде лаңды салып тұр, халықты жоғары пайыздық үстемесімен қанағанымен қоймай, мүлкін алаяқтық жолмен алып қоятындар да көбейген.
Ломбард адамдардың есіне ақша іздеп қысылғанда немесе телеар­на­лардағы қылмыс жаңалықтарын көр­генде ғана түседі. Ал көшені бойлай, бірінен кейін бірі тізіліп тұрған бұл меке­мелерге әдетте көп назар аударылмайды. Мысалы, ұрылар Қызылжардағы ломбард­тардың біріндегі сейфті түнде көтеріп кет­кен. Ең қызығы, мұнда не күзет жоқ, не дабыл орнатылмаған екен. Ал Көкшетауда жас жігіт ломбардта жұмыс істейтін қызбен танысып, есіктің кілтін ұрлап алады. Шама­мен 4 миллион теңгенің алтын бұйымдары қолды болған. Ал Алматыда қарақшылар кассирдің шекесіне мылтық тақап тұрып, барлық алтынды және 400 мың теңгені алып кеткен екен. Тізе берсе, мұндай оқиғалар өте көп.
Бүгінде ломбардты еліміздің әрбір қаласынан кездестіруге болады, тіпті ауыл­дарда да бой көрсетуде. Ақша ойламаған жерде қажет болып қалуы мүмкін. Лом­бардтың пайдасы сол кезде тиеді. Ал, жал­пы, өткенге зер салсақ, лом­бард ең көне қаржы институттарының бірі екенін аңға­рамыз. Ертедегі грек, рим, қытай жазба­ларын­да кепіл­дікке әртүрлі бағалы заттарды алу арқылы ақша беретін мекемелер болған­дығы туралы айтылады. Ал «ломбард» атауы XV ғасырда пайда болған деседі. Ломбардия қаласының өсімқорлары кепілге әртүрлі заттар алып, ақша берген екен. Ал алғашқы ломбард 1618 жылы 28 қыркүйекте Бельгияның Брюс­сель қала­сында ашылған. Кейін Еуропада кең етек жайған бұл қаржылық жүйеге тіпті патша отбасылары да жүгінген деседі.
Кеңес заманында да ломбардтың жұ­мысы тоқтаған жоқ. Ал еліміз Тәуелсіздік алып, нарықтық жүйеге көшкелі тіптен көбейіп кетті. Сарапшылардың пікірінше, жоғары пайыздық үстемемен аз көлемде ақша беретін ломбардтар экономикасы енді дамып келе жатқан елдерде әсіресе қаржылық дағдарыс кезінде көбейеді екен. Ел арасында «ломбард – кедейлердің банкі» деген сөз бар. Шынында да, оған тұрмысы орташа отбасылар, ұсақ кәсіппен шұғылданатындар, жастар көп жүгінетіні белгілі.
Барлық дерлік ломбардтардың жұмыс істеу схемасы бірдей: алдымен кепілге әкелінген зат бағаланады, сосын келісім жасалады да, зат құнының белгілі бір мөл­шерінде қаржы беріледі. Келісілген мерзім аяқталмай тұрып алған ақшаны пайызымен қайтару керек, сонда ғана қалдырған затты алуға болады. Ал дер кезінде ақшаны салмаған жағдайда зат бірден ломбардтың меншігі болып шыға келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде соңғы жылдары орын алған оқиғалар көп нәрсені аңғартатындай. Алматылық азамат өзінің бағасы 18 мың АҚШ доллары тұратын жеңіл көлігін кепілдікке қойып, қарыз алады. Қарызын келісімшарттағы мерзімнен бір күн кешіктіріп алып келсе, көлігі сатылып кеткен екен. Ал Риддер қаласының тұрғыны баспанасынан айы­рылып қала жаздаған. 200 мың теңге ақша үшін екі қабатты кот­теджін кепілдікке қояды, қарыз алушының заңға шорқақ екенін аңғарған ломбард иесі оны нотариусқа апарып, үй иесінің рұқ­сатынсыз баспанаға иелік етуге, сатуға құқық беретін сенім хат жаздырып алады. «Және бұл ақшаны қайтармай қашып кеткен жағдайда қажет» деген сылтау айтады. Осылайша сенім хат арқылы үйді басқа біреулерге сатып жіберген, тек сот араласып, келісім­шарттың күшін жойған соң ғана үйді қайтарып алды.
Қызылжар қаласындағы ломбардтар жүйесінің директоры Гүлназ Ахметованың (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) айтуынша, ломбардтарды екіге бөліп қарау керек. Біріншілері – ұзақ мерзімге ашыл­ғандар, яғни жұртқа қарыз беру арқылы пайда табуды көздейтіндер, ал екіншілері – бүгін бар, ертең жоқ ломбардтар. Олар қа­рыз алушылардың кепілге қойған зат­тарын айлакерлікпен алып қоюды ғана көздейтіндер. Өкінішке қарай, күн санап қатары қалыңдап келе жатқан бұл қаржы ұйымдарына «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмай тұр. Себебі алғашында Ұлттық банк тарапынан қадағаланып, лицензия берілетін. Бүгінде лицензия қажет емес, кез келген адамға салық органдарында жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркеп, аталмыш кәсіппен айналыса беруге болады.
Гүлназ АХМЕТОВА, ломбардтар жүйесінің директоры:
 – Ломбардтар қадағаланбайды, сон­дықтан әрқайсысы ойына келгенін істеуде. Мысалы, пайызды өзі қояды, қарызды қайтаратын кепілді мерзімді де өздері қояды. Мысалы, кейбір ломбард­тарға бір күн кешіктірсең, затыңды қайтарып ала алмайсың. Немесе ал­ғашқы айда басқа пайыздық үстеме, ал одан кейін екі-үш есемен өсуі де мүмкін. Кепіл затты да әркім әртүрлі бағалайды. Заң бойынша лом­бардтар жеңіл көлік немесе жылжымайтын мүлікті кепілдікке алмауы қажет. Ал пысықайлар заңды айналып өтіп жүр.

Ломбардтар ақша іздеген халыққа қарыз беретін қолдаушыдан қанаушыға айналып бара жатқандай. Себебі жартысы болмаса да, біраз бөлігі алған қаржысын дер кезінде қайтара алмай, алтын-күмісінен немесе басқа да қымбат бұйымдарынан айырылып қалады екен. Ал жұрт көбіне қандай зат өткізеді дегенге келсек, статис­тика ломбардтан алатын қарыздардың жартысынан көбіне кепілдікке әшекей бұйымдарын қояды екен.
Соңғы кездері ломбардтардың төңі­регін­де жасалатын қылмыс да өршіп тұрғанын айтуымыз керек. Өздері ұрылар­дың нысанасына ілігуімен қатар, ұрланған заттардың қоймасына ұқсап кетті. Себебі өткізген алтынның қандай жолмен келгенін тексеріп жатқан еш жан жоқ, алтын болса болды, қабылдай береді. Осының кесірінен ата-анасының әшекей бұйымдарын бала­лары ломбардқа сатып жіберген жағ­дай­лар жиілеген. Тіпті мектеп оқушылары арасында бопсалаушылық қылмысына да түрткі болып отырған – осы ломбард. Жасы кіші балаларды қорқытып, әке-шешесінің әшекейлерін алдыртып, ломбардқа өткізген оқиғалар сөзімізге дәлел.
Жалпы, ломбардтың қажеттілігіне ешкім шек келтірмейді. Себебі қаржы қажет бола қалған жағдайда екінші деңгейлі банктер кез келген адамға несие бере бермейді. Берген күннің өзінде көп уақыт күту керек. Ал ломбардтар жедел және қол­жетім­ділігімен ерекше, сондықтан да болар, тұрғындары аса көп емес банктер бас сұға бермейтін елді мекендерде де ашылып жатыр. Біздің қосарымыз, бұл қаржылық ұйымдарды бетімен жіберуге болмайды, қатаң қадағалауға алу қажет, халықты қанатып қойып қарап отыру жарамас.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста