Мәселе

Келесі жылы Қазақстан тарихында болмаған сот басталады

  • ©Алаш айнасы иллюстрациясы

    ©Алаш айнасы иллюстрациясы

Банк секторында қордаланып қалған проблемалық активтер - қаржы ұйымдары үшін де, борышкерлер үшін де күрделі мәселе. «Ол өздігінен реттеле салатын дүние емес. Осылай қол қусырып отыра берсек, оның арты әлеуметтік дауға ұласуы мүмкін», - деп дабыл қаққан қоғамдық ұйымдар мүшелері үлескерлер құқын қорғауға бел шеше кіріскендерін жария еткендері кеше.
Оларды қолдап отырған Алматы қаласы бойынша монополияға қарсы комиссиясының өкілдері:
-Үкімет отандық банктер басына күн туғанда қарап қалмады. Оларды дағдарыстан алып шығуға бар жағдайды жасады. Алайда өгей бала сияқты несие алушыларды ұмыт қалдырды. 17-19 пайыз - қарапайым халық үшін аса жоғары, тіпті орта және шағын бизнеске беріп отырған 12 пайыздың өзі аз емес. Біле білсек, қолжетімді несие – үкіметтің өркендеуіне сеп болатын тиімді тетіктердің бірі. Халықты әлеуметтік қорғау туралы айтқанда алдымызға жан салмаймыз, одан не пайда, егер үлескерлер проблемасын оң шеше алмай отырсақ? Ал үлескерлер мәселесі – бүгінгі күннің күйіп тұрған тақырыбы, - дейді бірауыздан.
Бұл белсенділердің наразылықтары ғана емес екен, сөзден іске көшкенді жөн санаған қоғамдық ұйымдардың бірнешеуі бас қосып, отандық банктердің, яғни екінші деңгейлі банктердің 14-ін сотқа беріпті. Айта кетейік, еліміздегі екінші деңгейлі банктердің ұзын саны қазір – 38.

«Сөз жоқ, бұл отырыс - жылдың сот отырысы болмақ» дейді белсенділер. Демек, келесі жылды «банктер мен соттар жылы» деп атасақ болатын шығар... Өйткені, бір емес, 14 банкті бір мезетте сотқа беру біздің қаржы институттарының тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс. Сандаған томдардан тұратын істер еліміздегі елеулі оқиғаға негіз болары даусыз.
Ипотекаға баспана алғандардың жағдайлары шынымен де мүшкіл. 2009 жылдан бастап еліміздегі девальвацияның екі бірдей толқыны салдарынан ипотекаға баспана алғандардың несиелерінің 45 пайызға бірақ ұлғайғаны – айды аспанға шығарумен тең. Мысал үшін айтсақ, үкіметтің «Альянс банк» пен «БТА-ның» 70-80 пайыз қарызын кешіргенін білеміз. Бұл - бір. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазынаның» 2009 жылы отандық банктерге 19 миллирд доллар құйғаны тағы бар. «Ал ипотекаға баспана алғандардың негізгі қарыздарын жапқанға 500 миллион доллар керек екен» деп, екі соманы салыстырған проблемалық несиелері барлардың бастамашыл тобының басшысы Қағанат Тәкеевтың банктерге деген өкпесі қара қазандай.
Қағанат Тәкеевтің шырылдайтын жөні бар: қарызға белшесінен батқандардың арасында соттар мен коллекторлық компаниялардан қысым көріп, психиатрлардың көмектеріне жүгініп жатқандар қазір өте көп. Өз-өзіне қол жұмсағандар да жоқ емес. Тіпті олардың арасында банк алдындағы қарызын жабу үшін ағзасын сатуға мәжбүр болғандар да бар екендігін естіп жатырмыз.
14 банктің үстінен шағым жазғандар арыздарында банктер мен несие алушылар арасындағы келісім-шарттардан тауып алған 100-ге жуық қайшылықтарды тізіп шыққан екен. «Оны мойындап отырған соттар, сайып келгенде, үкімді банктердің пайдасына шешеді бәрібір» дейді белсенділер. «Бұл ретте соттар ол келісім-шартқа несие алушының қол қойғандарын алға тартады» дей келе, олар банктерді «қарапайым халықтың құқықтық сауаттарының жоқтығын пайдаланады» деп айыптауда.
«Қаржытұтынубақылау» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы Айдар Әлібаев:
-Банктер, егер несие алушы негізгі соманы қайтарса, қарыздарды кешіруге дайын. Алайда олар үкіметтің проблемалық займдарды бөліп өтеуін сұрайды. Бірінші кезекте, борышкерледің үйлерін тартып алуға тосқауыл қоюымыз керек.
Мынандай жағдайға не деуге болады? 70 мың АҚШ доллары көлемінде несие алғанның қарызы айыппұл мен өсімпұлдың есебінен 450 мың долларға артып кеткен. Менің ойымша, келісім-шарт шарттарын өзгертпейтін заңдық норма қабылдау керек. Әйтпесе, банктер қазір келісім-шартты біржақты тәртіппен керек кезде өздеріне ыңғайлап өзгерте береді. Міне, 70 мыңның 450 мыңға секіріуінің себебі қайда жатыр.
Қоғамдық белсенді Ермек Нарымбетов:
-Үйінен айрылған борышкердің бәрібір қарыз болып қалуы, банктердің көп қитұрқыларының нәтижесі деп білемін. Ұлттық банк пайыздарын екі еселеген банктерді анықтап, шара қолданбаса болмайды. Мәселен, «Kaspi-bank» пен «Альянс-банктің» пайызды екі еселеп қойғандарын дәлелдей аламын.
Жалпы, біздің ел үстеме пайыздан рекордшы. Тағы бір мысал, «Темір-банктің» ипотека 10 пайыз деген жарнамасын мұқият қарасаңыз, «несиелік ставка 30 пайыз» дегенді көрінер-көрінбес етіп жазған. «Тырнақ астынан кір іздеді» демеңіздер, үкіметтің келісім-шарттарды 14 қаріппен теру керек деген қаулысы бар екендігін ұмытпайық.
Сөз соңында айта кетейік, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов:
-Банктерге 2016 жылдың 1-қаңтарына дейін проблемалық активтерді 10 пайызға, ал үстіміздегі жылдың соңына дейін 15 пайызға дейін төмендеуді міндеттейтін боламыз (қазір барлық берілген несиелердің шамамен 30 пайыздан астамы қайтарымсыз немесе қайтару мерзімі өтіп кеткен, авт.). Сонда ғана, яғин осы талапты орындаған банктерге үкімет қолдау көрсетпек, - деп атап өткен еді көктемде. Банктердің проблемалық несиелер көлемін төмендетуде жолында кездескенді жапыруға тайынбай отырғандары содан. Алайда олардың бұл әрекеттері ешкімге де опа таптырмайды деп ойлайды «Алаш айнасы». Алда келе жатқан «банк пен соттар» жылында бір өзгеріс болатын шығар бәлкім...

Автор: Ләззат Билан




Көрілген: 1848    Пікірлер: 0

жұма, 17.10.2014, 09:49

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    1 Қаңтар, 23:37
    Ақшаның азабы
    28 Желтоқсан 2021
    Өмірді жалмаған селфи

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31