"Келін қылам": Абайлаңыз, Алаяқ енелер пайда болды

20 желтоқсан 2022, 16:30

Бірқатар журналистік зерттеулердің авторы, "Дау-дамайсыз" бағдарламасының жүргізушісі Жазира Бегалы халықты алаяқтықтың жаңа түрінен сақтандырды. Соңғы кездері жалған енелер "қызым, сені келін қылып аламын" деп тұрмыс құрмаған қыздардың басын шыр айналдырып, оларға банктен несие алдыртып алатын болған. Автор мұндай оқиғалардың соңғы кездері жиілеп кеткенін жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Адырна" ұлттық порталына сілтеме жасап. 

Журналист алаяқ ''енелердің'' әрекетін төмендегідей баяндайды.

 

- Соңғы кездері кезегіңді жылжытып, үй алып беремін, бизнес ашу, грант алу, жұмысқа орналасуға көмек беремін, шетелдік Төлегендер жіберген сыйлықты алу үшін де алданған жұрттан шағым жиілеп кетті. Жылағанда етегі жасқа толған халықты сан соқтырған суайттарға полиция неге іс қозғамайды? Алаяқтардың бұл әрекетін тоқтату үшін халықтың қаржылық, құқықтық сауатын жетілдіру керек. Он жыл бұрын банктер осындай бастама көтерген. Өздеріне тиімсіз болды ма, сол жоба құмға сіңген судай болды, - деп автор үй болуды желеу етіп, тұрмысқа шығуға ықыласты жандарды сан соқтырған алаяқтардың әрекетінен хабар берді.

 

Мұндай оқиғаны шынайы өмірден алға тартып, ел естімеген жаңалықпен бөлісті:

 

Енді тұрғындарды алаяқтардан сақтандыру үшін не істеу керек? Алаяқтардың айласы саналуан. Олар жасаған ісін қылмыс деп ойламайды. Көп жағдайда алданған жандар шағым, арызды полиция қарамайды дейді... Енді қыздарды келін қыламын деп банктен несие қарыз алдыруды кәсіпке айналдырған алаяқ енелер пайда болыпты. Абайлаңыздар.. Мен Тараз қаласының тұрғынымын. Онлайн арқылы танысып, сөйлесіп жүрген жігітім Алматыға шақырды. Ол түрмеден хат жазыпты. Маған оның шешесі 2 500 000 теңге банктен несие алдырды. Келін қыламын деп сендірді. Жігіттің анасы ақшаны алған соң үйінен қуып жіберді. Өтінемін, маған көмектесіңіздерші. Түрмедегі қылмыскерге ғашық болып, оның шешесіне қомақты қаржыны несиеге алып беруге махаббат мәжбүр етті дейді.. Сіз сенесіз бе? Әлі енесі атанбаған бөтен әйелге ақшаны бергенде қолхат та алмаған... Енді жылап отыр, - деді журналист.

 

Оқырмандар сезім жетегінде сан соғып қалған кейіпкердің тағдырына алаңдаулы. Олар:

 

"Қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша қандай жұмыстар жүргізсе де артық емес. Үкімет оған қаржы бөлгеннен ұтылмас еді. Тек мақсатты жұмсалмай, ол қаржы да талан-тараж боп жатыр ғой", "Осылай алданғандар көбейіп кетті. Алаяқтарға қарсы билік қатал заң дайындау керек" деп жазып жатыр.