Мәселе

Келіннің беташары карантинге қарамай тұр

  • Келіннің беташары карантинге қарамай тұр

    Келіннің беташары карантинге қарамай тұр

 Бұл той-думаннан нәпақасын тапқан шоу-бизнес өкілдеріне жазылмаған «үкіммен» бірдей болғаны анық. Сол себепті кейбір өңірлерде асабалар мен тойханалардың иелері бейбіт митингке шығып, өз шағымдарын да білдірді. Бірақ билік коронавирус кеселі ауыздықталмай, той тойланбайтынын анық аңғартты.

Жалпы, Тараз төрінде еліміз бойынша төтенше жағдай жа­рияланған күні той өткенін ел жақсы біледі. Одан кейін де арагідік отбасылық мерекелер әрбір жерден қылаң беріп жатты. Тіпті, «коронавирус кет-кет» деп ән шырқап, беташар өткізген тараздық тұрғын да қатаң жазаланды. Сол секілді арнайы құрылған мобильді топтар да тойханаларға дүрбі салып, әрбір қадамын аңдып басты. Мұндай жіті қадағалаудан кейін той бизнесі саябырсығандай көрінген. Алайда өткен аптадан бастап жер-жерлерден қайтадан той үні естіліп, адамдар аулаларында беташар өткізуде. Бұдан билік бейхабар дей алмаймыз. Себебі жуырда ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен облыстық штаб отырысында «Каспийский берег» мейрамханасында той өткенін аймақ басшысының өзі айтып, сала мамандарының жұмысын қатаң сынға алды. Әсіресе, облыстық Қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті нысандарды қада­ғалаусыз жібергенін баса айтып, облыс орталығында құрылған 50 мобильді топтың да жұмысын түкке тұрғысыз етті. Өңір басшысының сыны орынсыз дей алмассың. Өйткені карантин шаралары сәл жеңілдетілгені сол еді, еркіне кеткен ел мейрамхана болмаса да, есік алдында дүркіретіп той өткізіп жатыр. Ал беташарлар мен отбасылық мерекелердің суреттері қазір әлеуметтік желілерде желдей есіп кетті. Мұны тойдың көркі саналатын асабалар да жасырмауда.

Есімін газет бетінде атамауды өтінген Абзал ( аты өзгертілді) асаба өткен сенбіде екі беташар жүргізгенін айтады.

– Шындығы керек, бұрнағы жылы осындай кезде аптасына алты күн тойға шығатынбыз. Карантин жарияланғаннан бері қол қусырып қарап қалдық. Негізгі күнкөрісім той бизнесі болған­дықтан, бала-шағаны қалай болса да асырау керек. Сондықтан қоңырау шалып, беташар, есік алдындағы шағын тойларға тапсы­рыс қабылдап жатырмын. Халық та қазір отбасылық мерекесін ұзаққа созылмауын қалайды. Сол себепті бір күнде екі беташардан өткізудеміз. Оларды да түсінуге болатын шығар. Көптен күткен қуаныштарын қашанғы кейінге шегере беруге болады? Әйтеуір адамнан айла артылған ба? Тараздықтар қазір жаппай той өткізіп жатқаны анық. Бүйте берсе, ертең ел бұрынғыдай есік алдына палатка құрып, отбасылық мерекелерін тойлай беретіні анық. Енді мұны билік тоқтата алмайтын сияқты, – дейді Абзал.

Абзалдың сөзін Нұрбол (есімі өзгертілген) есімді асаба да қоштап отыр.

– Расында да, қатты қиналып кеттік. Жұмыссыз ретінде 42 500 теңгені бір алғанымызбен, екіншісі түспеді. Оған қоса, бір 42 500 теңгеге отбасыңды асырау оңай емес. Үйде жатып та мезі бола бастадық. Жұмыс іздеп бір жерге бара қалсаң, барлығы карантинді алға тартып өз қызметкерлерін әзер ұстап отырғандарын айтады. Содан жасырын болса да, қазір той өткізіп жатырмыз. Өткен аптада Ақкөл ауылына беташарға барып келдім. Сондай-ақ бір досымның інісінің үйлену тойын да шағын адаммен есік алдында өткіздім. Олар да билік бүгін-ертең той жасауға рұқсат бермейтінін түсініп, осындай әрекетке барып отыр.

Дәл қазір аудандардан келіп жатқан тапсырыс көп. Дені тойы ауласында өтетінін айтуда. Айыппұл арқалауымыз мүмкін екенін түсініп отырсақ та, бала-шағаның қамы үшін нар тәуекелге барып жатырмыз, – дейді Нұрбол.

Ал тойхана иелері Алматы, Шымкент қалалары сияқты бей­біт митингке шығуға жүректері дауаламай отырған секілді. Себебі аталған аймақтарда шеруге шыққан кәсіпкерлердің табысын құзырлы мекемелер тексеріп, жұмысшыларының санын жалған көрсетіп, салықтан бұлтарған бизнесмендердің әрекетін әшкере қылған болатын. Сол себепті қазір тараздық кәсіпкерлер көше­ге шығып, шағымын білдір­уге жүрексінетіндей. Десе де, барлығының бір ғана тілегі – тойханалардың қызметін қайта жандандыру.

Әрине, мұндай жағдайда «бы­лай тартсаң өгіз өліп, олай тартсаң арба сынатыны» анық. Алайда билік ең бірінші бұқараның қауіпсіздігі мен денсаулығын ойлап, қатаң сақтық шараларын сақтап отырғаны түсінікті. Бірақ бұған бағынғысы келмейтіндердің саны күн санап артуда. Ал той бизнесіне 5 жылдық мораторий жариялау туралы ұсыныс, тіпті отқа май құйғандай болды. Сондықтан бұқара жаз мезгілін пайдаланып, тойларын «тығылып» өткізіп, билікпен жасырынбақ ойнауға көшкен. Енді бұдан кім ұтып, кім ұтылатыны белгісіз.

 

Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы

aikyn.kz

 




Көрілген: 1760    Пікірлер: 0

сенбі, 27.06.2020, 14:21

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31