Кемшілікті жасыратын еңбек инспекторы кімге керек?!
Еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы өндіріс орындарындағы қайғылы оқиғағалардың орын алып жатуына себеп болып жататыны жасырын емес. Әсіресе, мұндай жағдайлар құрылыс саласында көп ұшырасады. Ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, өткен жылдың тоғыз айында еліміздегі өндіріс орындарында 1200 төтенше жағдай орын алған. Ал, құрылыс саласы бойынша, бір ғана Астана қаласында былтырғы жылдың он айында жүзге тарта адам зардап шекгіп, 20-дан астам адам қаза тапқан. «Алаш айнасы» осы тақырыпты талқылап көрген еді.
Мамандардың айтуына қарағанда, құрылыс саласында төтенше оқиғалардың жиі орын алуы бақылаудың жоқтығынан. Өйткені, бақылау жүргізуі тиіс еңбек инспекторлары құрылыс басшыларымен сыбайластыққа барып, тексеру кезінде бәріне көз жұмып қарайды. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, бұл сөздің де жаны бар сияқты. Жыл басталмай жатып, Астана, Қарағанды, Жезқазған қаласында еңбек инспекциясының шенділерінің парамен ұсталуы осының дәлелі спетті.
Естеріңізге салсақ, астаналық еңбек инспекциясы бастығының орынбасары таңбаланған 150 мың теңге ақшамен қолға түсті. Ол, бұл ақшаны құрылыс алаңындағы кемшіліктер мен қайғылы оқиғаны әшкерелемеу үшін алған көрінеді. Дәл осындай жағдай Қарағандыда қайталанды. Ағымдағы жылдың 23 қаңтарында Қарағанды облысы еңбек инспекциясының басшысы М. Қаракекілев екі мың АҚШ долларын алып жатқан жерінде ұсталды. Бұл қылмысқа оның орынбасары А. Мақатов және Еңбек инспекциясының Жезқазған бөлімінің басшысы С. Ауезованың да қатысы болған. Қарағанды облысы Қаржы полициясы Департаментінің мәліметіне қарағанда, еңбек инспекциясының басшылары параны жұмыс орнында болған жазатайым оқиғаға қатысты «жұмыс беруші кінәлі емес» деген қорытынды шешім шығару үшін алған.
Бұлар тек қаржы полициясының құрығына іліккендер ғана. Ал, ілікпей жүргендері қанша екені белгісіз. Тіпті, сол құрыққа ілікпегендерді «судан таза, сүттен ақ» деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені, жалақысы аз болғанмен, олардың қарыны тоқ, көйлегі көк. Яғни, көлденең табысы бар.
Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:
– Жемқорлықтан арылту үшін бақылаушы орган қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы ұсыныстар айтылып жатады. Бірақ, барлық салада оның тиімділігі бола бермеуі мүмкін. Сондықтан, мен еңбек инспекторларына өндірілген айыппұлдың белгілі бір пайызын бонус ретінде беруді ұсынамын. Яғни, айыппұлды қанша көп өндірсе, бонусы сонша көбееді, табысы артады. Сонда ол кемшілікті жасырып пара алуға емес, айыппұл өндіріп, заңды табыс табуға ұмтылады. Әрине, бұл осы саладағы жемқорлықты түбегейлі жойып жібермес, дегенмен оның азаюына ықпал етері анық. Екіншіден, кәсіпорын басшыларын еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға мәжбірлейді. Ал, бұл өз кезегінде төтенше оқиғалардың азаюына септігін тигізеді.
Маманның ұсынысы да негізсіз емес. Әйтсе де, біздегі шенділерді санасын емдемейінше, ақшаға деген ашкөздіктен арылтып, қос қол сиып кететін құлқынын тыю қиын-ау!
Бақылаудың әлсіздігі құрылыс компаниясы қожаларын еркінсітіп жіберген. Тіпті, тексерушілерден де қаймықпайды, шамасы, ебін тауып құтылатынына сенімді болса керек. Соның бір көрінісі Елордадағы құрылыстың бірінде орын алды. Нақтырақ айтсақ, таяуда Астанадағы құрылыс алаңдарының бірінде 37 жастағы құрылысшы он қабатты үйдің шатырынан құлап, ауыр жарақаттанды. Абырой болғанда, аман қалды. Десе де, оның мүгедек болып қалмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Белгілі болғаны, құрылысшы он қабатты үйдің шатырында сақтандыру белдігінсіз, каскасыз жұмыс жүргізген. Құрылыс алаңына жедел барған телеарна тілшілері қайғылы оқиғадан соң да өзге жұмысшылардың қауіпсіздік ережелерін сақтамай, анайы киімсіз, каскасыз жүргеніне куә болған. Болған оқиға жайлы құрылыс басшылары қандай да бір түсінік беруден бас тартып, «байқамай аяғы тайып жығылды, өзі кінәлі» дегеннен әріге бармаған.
Тағы бір айта кетер жайт, аязды күндері сыртта жұмыс істейтін жұмысшылардың жұмыс күнінің уақыты қысқартылуы тиіс. Алайда, аязға байланысты мектептерде оқу процесі тоқтатылып жатса да, астаналық құрылысшылар таңның атысы, күннің батысы, күніне 10-12 сағат жұмыс істейді. Мұның басты себебі – бақылаудың жоқтығынан.
Еңбек инспекциясының араласуымен қарапайым еңбек адамының құқығы қорғалғаны жайлы ести бермейміз. Есесіне, олардың жұмыс берушілердің кемшілігін жасырып, «сыйақы» алатыны жайлы жиі айтылады. Оның дәлелі жоғарыда келтірілді. Егер еңбек инспекциясы жұмысшының құқығын қорғау орнына жұмыс берушінің қылмысын жасыратын болса, онда мұндай органнның қажеті қанша? «Алаш айнасы»
Жұлдыз
Радиосы