Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Кенішті өңірдің реніші көп

02 ақпан 2011, 12:37

Әлемдегі көмір қорының төрт пайызын құрайтын елімізде бір қарағанда көмір жөнінен мәселе туындамауға тиіс секілді көрінетіні рас. Алайда көмірді өз жерімізде өндірсек те оның бағасын ырықтай алмай келеміз. Әр өңірдің өз бағасы бар. Атырау­да – бір баға, Алтайда – бір баға.
Еліміздің кеніштерінен шығарылатын «қара алтын» тоннасының бастапқы бағасы шамамен алғанда 1200-1500 тең­гені құрайды екен. Алайда ақыр соңын­да жол құны бар, алыпсатарыңыз бар, басқасы бар – бәрі қосыла келгенде көмір тоннасының бағасы 10-11 мың теңгеге дейін шарықтайды. Бұл – өзіміздегі ба­ға. Ел ішіндегі. Ал шетелге саудаға шыға­ры­латын отандық көмірдің құны тоннасына шаққанда 15-20 долларға шығады екен. Ресми ақпарат осылай дейді. Сонда өзіміздің «қара алтынымыз» өзімізге қым­бат, шетелге арзан бағада сатылады екен. Хош. Бұл – өз алдына бөлек әңгіменің өзегі.
Көмірдің сапасын білгіңіз келсе, Қарағандыға барыңыз
Кейінгі кездері жұрт, әсіресе шығыстағы ағайын көмірдің бағасына емес, сапасына жиі шағымданып жүр. Тұрғындар өңірдегі бірден-бір көмір өндіруші мекеме «Қаражыра» кеніші көмірінің күлінің көптігін, қызуының жоқтығын айтады. Тұрғындар ғана емес, аймақтағы жылу мекемелерінің басшылары тарапынан да кейінгі кездері осындай пікірлердің көп айтылып жүргені рас. Бір ғана мысал. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жаңа жылдан кейін Өскемен қаласындағы бірнеше жылу орталықтарын арнайы аралаған кезде олардың кейбірінде көмірдің бір апталық қоры ғана қалғанына көз жеткізіп, себебін сұрағанда орталық басшылығы «Қаражыра» кенішінен келетін көмірдің сапасының нашарлығын алға тартып, сол себепті 2011 жылға келісімшарт жасамағандығын жеткізген-ді. Жақында бұл іске облыс басшылығы тікелей аралас­қаннан кейін жағдай біршама түзеліп, «Қаражыра» кеніші жылу орталықтарына енді сапалы көмір жеткізіп береміз деп уәде берген көрінеді.
Рас, шығыс өңірінің тұрғындары көмірді Алматы немесе еліміздің кейбір елді мекендері секілді 10 мыңнан асып жығылатын бағаға сатып алмайды. Бірақ әр адам ақысын төлегеннен кейін соған лайықты сапалы дүние алуға құқылы. Өңір тұрғындары осыған алаңдайды. Көмірдің сапасыздығы бір мәселе болса, оның сапасыздығын дәлелдей алмай, барар жер, басар тауының жоқтығы – тұрғындар үшін екінші мәселе.
«Өңірдегі көмірдің сапасын анықтайтын мекеме бар ма?» деген сауалымызға жауап іздеп, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына телефон шалғанда маңыздылығы азық-түліктен бір елі кем түспейтін көмірдің сапасын анықтайтын мекеменің өзімізде емес, Қарағанды облысында екенін білдік. Көмір кенішіне иелік етсек те, өңірде сол өнімді қадағалап, бақылайтын бірде-бір мемлекеттік орган жоқ екен бізде. Егер тұтынушы сатып алған өнімінен кемшілік тауып жатса, оны дәлелдеу үшін Қарағандыға бару керек екен.
Бұл ретте Өскемендегі көмір жеткізуші мекемелердің бірі «Вэус» ЖШС директоры Иван Тимофеевтің тұрғындарға айтар ақылы мынадай:
– Алған көміріңіз сапасыз болып шықса, әуелі сол жерден өнім алғаныңызды дәлелдейтін құжатыңызды өнімді сатып алған компанияға көрсетіңіз.
Дұрыс қой. Бірақ компанияның өзінен тікелей көмір алатын мүмкіндік қай тұрғында бар? Бәрі де алыпсатарлар арқылы алады. Оларда қайдағы құжат?! Осындай түсініксіз жайттар көп. Тұрғындар қанша алаңдағанымен, шағымын айтып барар жер, басар тауы жоқ. Абайша айтсақ, «іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ».
Екінші бір мәселе – көмірдің әр жерде әртүрлі бағада сатылып жатқаны. Бірыңғай жүйе жоқ. Бір ауданда 5 мың теңге болса, екінші өңірде – 6 мың теңге. Бұған Жаңа жылдан кейін оның бағасының өскенін қосып қойыңыз.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың да кенішке айтар реніштері жоқ емес. Обалы қане, ондай азаматтарға «Қаражыра» көмірі әлеуметтік баға ретінде 3850 теңгеге сатылады. Дегенмен әлеуметтің әлеуметтік бағамен берілген көмірге күмәні бар. Олар «жеңілдікпен» берілген көмір сапасының төмен екендігін, қызусыз, жылусыз отынның азабын қыс бойы тартып шығатынын айтады.
Міне, шығыс өңірі тұрғындарының көмірден көрген көрешегі осындай. Сапасыз көмірге кімнің жауап беретіні белгісіз. Кеніш басшылығы ма әлде алыпсатарлар ма? Әрине, әуелгі кезекте кеніш басшылығы жауап беруге тиіс.
Мән-жайды анықтап, көмір сапасының неге нашар екеніне, өзге де тұрғындар са­уалына жауап алмақ ниетпен «Қаражыра» ЖШС Семейдегі өкілдігіне хабарластық. Өкінішке қарай, ешкіммен тілдесе алма­дық. Хатшының айтуынша, бастық бір жаққа іссапарға кетіпті-міс. Орынбасары орнында болғанымен, ол кісімен тілдесу­дің де сәті түспеді. Неге екенін қайдам, маңыз­ды шаруалары болды ма, орынбасар телефон тұтқасын көтермеді. Міне, халыққа қызмет көрсетуге тиіс мекеменің халыққа «қызмет» көрсеткен түрі осындай. Біз олардың жауаптан жалтарып, бір-біріне сілтеуін өз істерінің бұрыстығын сезініп отырғандығы болар деп түсіндік.

Виталий ЧЕРНЕЦКИЙ, Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:
– Кейінгі кездері өңірдегі көмірдің сапасы мен бағасына қатысты сыни пікірлердің көп айтылып жүргенін білемін. Дегенмен оның өзіндік себептері де бар. Мәселен, теміржол бойында көмірдің бағасы аса қымбат емес. Оның бағасы теміржолдан алыстаған сайын тиісінше қымбаттай түседі. Сонымен қатар оның сатылу көлеміне байланысты көмірді арзан бағада алуға болады. Көптеп сатып алатындарға арзанға түседі. Облыстың кейбір қала, аудандарында көмір бағасына байланысты меморандумдарға қол қойылған. Ол өңірлерде көмір бағасы бірқалыпты. Келісілген бағамен сатылады. Жалпы алғанда, көмір бағасының ауытқушылығы 2-2,5 мың теңгеге дейін жетеді.

Татьяна ЗИНОВЬЕВА, Шығыс Қазақстан облысы «АЭК» АҚ экологы:
– «Қаражыра» көмірінің сапасы төмендегені туралы соңғы кездері жиі айтылып жүр. Рас, оны өздері де жоққа шығармайды. Былтыр күзде «Қаражыра» кенішінен ресми хат кел­ген. Хатта көмірдің сапасы тө­мен­дейтіні жөнінде айтылған болатын. Бірақ біз олардың бұл ұсыны­сы­мен келіскен жоқпыз. Менің ойым­ша, тұрғындар сапасыз көмірге ұры­нып қалмас үшін әрбір сатып алу­шы әуелі олардан сертификат сұрауы керек.

Рахат ТҰРСЫНОВ, Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау агенттігінің Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының бастығы:
– Көмірдің бағасын бақылау біздің құзыры­мыз­ға кірмейді. Дегенмен «Қаражыра» көмірі сапа­сы­ның төмендегенін де жоққа шығара алмаймыз. Тағы бір мәселе, өңірдегі жылу орталықтарының жүйесі негізінен «Кузбасс» көміріне негізделген. «Қаражыра» көмірі Кузбасс көміріндей жылу бере алмайды. Мәселенің туындауына бірден-бір себеп сол болды деп ойлаймын. Бағаға келсек, бағаны тұрақ­­ты ұстау қай кезде оңай болмаған. Біз бақы­лау­да ұстағанмен, өңірдің жол қатынасы, өзге де себептерге байланысты оның құнының жоғарылайтыны рас.