Мәселе

Кей әкелер әйеліне – қолқанат, ұлына құл болып жүр...

  • Кей әкелер әйеліне – қолқанат, ұлына құл болып жүр...

    Кей әкелер әйеліне – қолқанат, ұлына құл болып жүр...

Қазір көп әкелер – еркектер әйеліне «қолқанат-көмекші» балаларына «құл» болып жүр. 


...Алты жасар балам: «Су ішем, мама!» – деп еді, ана жақта бала емізіп отырған әйелім кітап оқып отырған маған: «Анаған су құйып бере салшы!» – деді. Осының алдында ғана «Намыс» сайтындағы «Әкенің беделі қалай өседі?» деген мақаланы оқымағанымда бұрынғыша орнымнан ұшып түрегелер ме едім... Бұл жолы әйелімнің дауысын естімегендей болып, міз бақпадым. Кітап оқып отыра бердім. 


Бір кезде емізіп отырған баланы сілке тастап әйелім жұлқына жөнелді. «Кішкентай ғана нәрсе ғой. Тұяғың қимылдаса өліп кетесің бе?!» – деп шаптықты кеп. Үндемедім. Ашуы басылған соң ештеңе болмағандай, жұмсақ қана: 


– Бері келші, – деп жаныма шақырдым. – Мен де мұны бұрын кішкентай нәрсе деп ойлайтынмын. Жоқ, бұл әсте кішкентай нәрсе емес екен. Отыр, сөйлесейік, – деп әңгіме бастадым. 


– Бүгіннен бастап баламның жұмысына мені қолқанат қылуды тоқтат. Оның шамасы келмейтін, әке ретінде атқаратын, көмектесетін жұмыстарды, көрсетер мейірімнің мөлшерін өзім білемін. Ол он минут кешігіп су ішсе, шөлден өліп қалмайтын еді. Балаңды емізіп болған соң жұлқынбай, бұлқынбай барып құйып бере сал, әйтпесе өзі құйып ішетіндей қылып үйрет. Дәл осылай кете берсек, бұл балалар ертең екеумізді де «құл» қылып, дегенімен жүргізетініне көзім анық жетті. 


Қысқасы, сен мені құрметтетіп, балаларды тәрбиелеуің керек екен. Балаларымыздың бойына қорыққаннан емес, құрметтегеннен сыйлайтындай дән егіп үлгеруіміз керек екен. Ертең үлкейгенде кішкене кезінде қорқытып басқар­ған амалың жүзеге аспай қалады. Сонда не амал істемексің? Міне, алты жас! Кешіктік, сонда да ештен кеш жақсы. 


«Балам, әкеңнің киімін жоғары көтеріп қой», «балам, әкеңнен ұят болмасын!», «әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой», «әкеңді тамаққа шақыр», «әкеңнен рұқсат сұра», «әкеңді шығарып сал», «әкең келе жатыр, үйді жинастырыңдар!», «әкеңнің мазасын алма» деген сияқты сөздердің бір күнде кем дегенде біреуі айтылып тұруы керек және мұны балаға істете біл. Ал мен «аналарыңа рахмет айтыңдар», «аналарың ренжіп қалмасын», «аналарыңа сыйлық әперейік», «аналарыңмен ақылдасыңдар» деген сөздерді айтып тұруым керек. 


Ойындағысы болмай қалса, жер тепкілеп, жер тырнап жылап, екеумізді боқтап жатқан мына боқмұрын ертең басымызды қай оңға қаратар дейсің? Сен мені қазірден бастап өзіңе қолқанат, балама құл қылмай-ақ қой. Мұны тыймасаң ертең-ақ сен де менің қатарыма қосылып, келініміз бен баламыз отырған арбаға жегілген қосар аттай қосаяқтайтынымыз анық іс. 


Ақырып қалайын десең, жүрек қабы жарылып кете ме деп, түртіп қалайын десең, терезеден секіріп кете ме деп, тірі күйік тартудан Құдай сақтасын! Баланы жұмсап үйрен. Ауылда өскен баламыз ғой, жұмсалғаннан жаман болған жоқпыз, – дедім әйелге. 


Оған мынадай мысал да айтып бердім: 


Баяғыда Жиреншеге біреу: «Қолқанатың бар ма?» – дегенде ат үстінде тұрған Жиренше: «Бар», – деп үш жастағы баласын көрсетіпті. «Үйбай-ау, мынау да қолқанат па?!» – депті жолдасы. Сонда Жиренше жерге қамшысын тастай салып, үш жастағы баласына: «Балам, қамшымды алып беріп жіберші», – депті. Баласы домалаңдап келіп қамшыны жерден көтеріп, әкесінің қолына жеткізіпті. Сонда Жиренше: «Қолқанат деген осы емес пе?» – деген екен. 


Оған қарағанда одан екі есе жастағы бала су құйып іше алмайды деген не сұмдық?! Баяғы демей-ақ қояйын, өз әкемді, өз ауылымдағы әкелерді көрдім. Кедейін де, байын да көрдім. Қонаққа барса да бала көтеріп безілдеп немесе шынашақтай баласына «сүйтесің бе?», «бүйтесің бе?», «кәне, мынаны көрші» деп маймылша билеп тұратын бүгінгідей әкелерді көрген емеспін. 


...Баласына әкесін сыйлата алған әйел – нағыз әйел. Ол әйелдің басы баласының алдында да, жарының алдында да қадірлі боларына күмәніңіз болмасын. Алладан алар сыйы басқа әңгіме. 


(Әлеуметтік желідегі әңгіме).


www.zamana.kz




Көрілген: 1294    Пікірлер: 0

жексенбі, 06.10.2019, 12:38

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31