Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Кительдегі кір кетеді, беделдегі дақ ше?

06 желтоқсан 2012, 14:07

Көпке топырақ шашқандық емес.  Бірақ қоғамдағы кереғар оқиғалар «ауызға келген түкірік, жұтып қойса, мәкүрік» дегізіп тұр. Беделі бетегеден де төмендеп кеткен полицияның еңбегі еш, тұзы сор болып тұр. Өйткені елдің қорғаны болатын бұл салаға көлденең көк аттының ат шалдыруы – бір кездегі милицияның басына қонған бақ құсын бүгінгі кей полиция қызметкері қатты шошытып, үркітіп-ақ жіберген. Содан болар, ел ішінде полицияға келгенде жұртты сенімнен гөрі, күдік кеулеп кетті...
Сөзіміз сүйексіз болмасын. Мысалы, алысқа ат шалдырмай-ақ, көз алдымыз­дағы оқиғалармен сабақтайық сөзімізді. Қарағанды облысы Теміртау  қаласының 15 жасар жасөспірімін негізсіз ұрып-со­ғып, ұрланған алтын әшекей бұйымдарды мойнына алуына мәжбүрлемек болған Теміртау қаласы ішкі істер басқармасы Шығыс  полиция бөлімінің қызметкер­леріне қатысты қозғалған қылмысты іс. Бұл – бір ғана мысал. Оның өзі қалт-құлт еткен по­лиция беделінің  тасын өрге емес, көрге сүйреп отыр.
Қарағанды облысы Қаржы полициясы департаментінің ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, мәселе былай болған... 2012 жылдың 13 қыркүйегінде аймақаралық Те­мір­тау қаласы бойынша Қаржы полиция­сы басқармасына Теміртау қаласы Шығыс по­лиция бөлімінің қызметкерлеріне қатыс­ты А.Лавреньтев есімді азаматтан шағым түс­кен. Онда ол 31 тамызда оның кәмелет­ке толмаған баласын ұрланған алтын әшекейлер дерегі бойынша мойындау түсінігін алу үшін ұрып-соққандығы тура­лы айтыпты. 29 қыркүйекте Департамент­тің АҚПБ арқылы аталған дерек бойынша, А.Лавреньтевтің кәмелеттік жастағы баласын полиция қызметкерлерінің ұрып-соққандығына қатысты қылмыстық  іс қозғалды. Ал 19 қарашада ол қылмыстық іс Қарағанды облысының арнаулы про­ку­ратурасының прокурорына  жөнелтілді.
Бұл аз болса, қарағандылық азаматтың өзі­не полиция қызметкерлерінің героин тастап, жазықсыз екі жыл түрмеде отырып шыққаны үшін соттасқаны тағы бар. Жоғар­ғы сот қарағандылықтың талабын, Ішкі істер министрлігінен талап еткен мате­риалдық, моральдық шығынын қа­нағат­­тандырды деп шулап жатыр ғаламтор. Осы тектес ішкі істер саласын­да­ғы кері кеткен жайттар полиция қыз­ме­тінің қадірін кемітіп барады. Әрине, біреу­ден қор­лық, зорлық көрсек, ел ішінде ұры-қары пайда болса, тентекті тезге салуға ша­­ғынатынымыз да – полиция. Елдің қор­ғаны деп ұғынғандықтан. Әйт­кенмен по­лиция қызметінің кез келгенге «қол жетім­ділігі» қадірін  кетірді.
Полиция қызметкері дегенде, көз ал­ды­мызға сайдың тасындай әбден іріктел­ген, екі иығына екі кісі мінердей еңсегей бойлы батыр болмаса да, палуан тұлғалы ер-жігіттер елестемейді бұл күні. Керісінше өз еркімен жүріп-тұруы күш болатын – бәкене «жігіттер» келеді ойы­мыз­ға. Бойы 1 метр 60 см-ден сәл-пәл асар-аспас. Өйт­ке­ні, шындық сондай. Бұл – физиологиялық тұр­ғыдан алғандағы өлшемдер. Ал олар­дың сауаттылығы қан­шалықты екені тағы жұмбақ  дүние.
Бұдан біраз бұрын  ішкі істер министрі өткен аттестация барысында 70 мыңнан аса тәртіп сақшысының 10 мыңы қызмет­тен шеттетілгенін айтқанын естідік. Ал кет­кен сол он мың полицияның денін оңалта ма? Қалған 60 мыңы Махамбетше айтқан­да, «қабырғасын қақыратып бір-бірлеп сөксе де, қабағын шытпайтын ер» екеніне кепіл бар ма? Сондай-ақ  министр тәртіп сақ­шысының бет-беделін енді кино арқы­лы көтеретіндігін де және хабарлаған-ды. Ресей де бір кездері абыройы айрандай тө­гілу­ге шақ қалған милициясының  жақ­сы атағын қайтару үшін бірнеше сериалдар түсіргені белгілі. 
Қасықтап жиған бедел шөміштеп төгіле­мін десе, қазір-ақ.  Құдай содан сақтасын. Мал-жанды сатып алған абы­рой­дан, бейнетпен жиған бедел құндырақ. Бірақ сол талай жақсы-жайсаңдар жинап беріп кеткен беделдің құны бір-ақ күнде қара бақыр болып қалса ше?  Кінәлі кім?
«Бұрын» десек, өткенді көксеген бола­сыз. «Қазір» деп аузыңызды толтырып ай­та­йын десеңіз, осы шақта оған лайықтар ке­міп барады. Бұрын «ерінбеген етікші болады» десе, қазір «таныс-тамыр тапқан полиция болады». Сонда қайткен жөн?
Совет АЛТАЙБАЕВ, полиция подполковнигі, заң ғылымының кандидаты:
– Ел тыныштығын, қоғам тәртібін сақтайтын – ішкі істер қызметкерлері. Қыста суыққа тоңып, шілдеде ыстыққа күйіп, қырағылықпен тәртіпті нығайтатын, төзімділікпен еңбек ететін, өмірлері қауіп-қатерге толы тәртіп сақшылары – полиция қызметкерлері. Сондықтан бір ғана полиция қызметкерінің теріс әрекеті бүкіл полицияның өлшемі болмақ емес. Соған қарап, барлық полиция қызметкерін күстаналау жөн емес. Сол сияқты, полиция беделін де солардың теріс әрекеттерімен бағалауға бола ма? Мәселен, қоғамда жұмыс бабында болсын, жұмыстан тыс уақытта да халық алдында борышын адал атқарушы қаншама полиция қызметкері бар. Көптеген полиция қызметкерлері ерлікке пара-пар әрекеттер жасайды. Жасады да. Оның бәрін жоққа шығаруға болмайды ғой.