Клебанов зардап шеккен екібастұздықтарға 240 млн теңге төлеумен шектелмек

27 желтоқсан 2022, 18:41

Олигарх Александр Клебановтың бақылауындағы "ОАЭК" АҚ Екібастұздағы апат кезінде зардап шеккен тұрғындарға 240 млн теңге төлеумен шектелуі мүмкін, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы  "Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы" АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Орал мәлім етті

 

"Біз қалыпты режимде бір айлық электр энергиясын тұтыну көлемін негізге алдық. Ай сайын Екібастұз шамамен 220 млн теңгеге электр энергиясын тұтынады. Сондықтан 240 млн теңге аудару туралы шешім қабылданды”, - деді компания басшысы.

 

Ақша қала тұрғындарының дербес шоттарына, яғни 48 172 дербес шотқа аударылады.

 

Бағдат Орал сондай-ақ зардап шеккен пәтерлердің тұрғындары бүлінген жиһаз, тұрмыстық техника және пәтерлер үшін өтемақы алатынын хабарлады. Айта кетерлігі, бүгінде Екібастұзда 400-ден астам пәтер жөндеуді қажет етеді.

 

Еске салсақ, 27 қарашада Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалған еді.

 

Қоғам белсенділері қала тұрғындарының қыстың көзі қырауда жылусыз қалуына олигарх Клебановты айыптады. Екібастұзға барып, қиын жағдайға тап болған жергілікті тұрғындармен тілдескен Мәжілістің бір топ депутаты премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдаған.

 

Бұдан бұрын қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бір апта ішінде Қазақстанның бірнеше жылу электр орталығында апат болуы қауіпті сәйкестік екенін айтқан еді. Оның пікірінше, апаттар қасақана ұйымдастырылуы мүмкін.

 

Апта басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев Екібастұздағы апаттың себебін анықтау үшін тергеу жүргізуді тапсырды.