Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Көкөзектегі ескерткіштер нені ескертеді?

31 мамыр 2011, 11:48

Қарағандыдан Алматы бағытына тартылған тас жолдың бойы ескерткішке толы. Ескерткіш болғанда да, күре жолдың қос қабағына тізілген  жол апатынан қаза тапқан жандардың рухына қойылған көктастар бір төбе де, кеншілер қаласынан 35 шақырым қашықта жатқан Көкөзек қолатындағы әскери тұтқындарға қойылған ескерткіштер бір жосын.
Шолақ сайды толығымен қамтып жат­қан төмпешіктер темір шарбақпен қор­ша­лып, бір шетінде басына ай тіккен мұ­сыл­ман жұртының ескерткішінен бастап, Айса пайғамбар үмбеттерінің қоңыраулы алып көк тасына дейін сап құрап, сес білдіріп тұр. Бұл – сонау ақсөңке аштық, қызыл қыр­ғын тұ­сында ашылып, кейін әскери тұт­қын­дар лагеріне арналған Спасск түр­ме­сін­де қаза тапқандар жерленген азалы ай­мақ.
Спасскідегі тұтқындар лагері мен қорым туралы газетімізде бұдан бұрын да жазған бо­латынбыз. Көкөзектегі азалы қорымға жыл аралатып әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі мемлекеттердің басшылары келіп, тағзым етеді. Бұрнағы жылы румындар келген, одан ертерек жапондар, Балтық бойы елдері, көрші орыстар, корейлер ке­зе­гімен келіп, гүл шоқтарын қойысады, әркім өз тілінде дұғасын қайырып, аруақ­тар­ға салауат тілеседі. Әр ұлт-ұлыстың на­ным-сеніміне орай, ескерткіштері де ерек­ше.
Спасскідегі ескерткіштердің ең жаңасы әрі қазақ таным-түсінігіне етенесі – көр­шілес қырғыз жамағайын қойған тас белгі. Қызыл мәрмәр баспалдақ үстіне тас тұғыр қондырылған. Жотасы жалдана қашалған тастұғыр үстіне шығыс халқына тән қиық қиғаш көз-жанары қойылыпты. Алып қара тас көздің алдын тікенекті сым темір тор­лап тұр. Жалғыз һәм жабылмай қалған жа­нар алдын торлаған тікенектен азалы заман зары аңқиды. Шығыстың қиық жанары нені көрмеді?! Көрері тікенекті сым темір ме еді?! Ал тас тұғыр етегіне қырғыз бай­келер мынадай өлең жолдарын қа­шап­ты:
«Айдалган Лагерине Караганды, Капас­та канча журок жараланды. Карек­тер­де кадалган тикенектин, Алдынан мүр­зөлөрүн табаламбы?»
Қырғыз ақыны өз жүрегіне қашағандай қылып жазған жырынан, жанарға қадалған тікенектен тұтас ұлттың қайғысы сезіледі.
Спасскідегі ескерткіштер бізге нені ескертеді? Әлемнің әр тарапына қуғын көріп айдалып кеткен, туған жерінен уыс топырақ бұйырмаған арыс ерлеріміздің басына біз осындай ескерткіш қоя алдық па? Ескерткіш орнатсақ, сол арыс­та­ры­мыз­дың басына дәстүр-салтымызбен барып, тағзым ету ойымызда ма?..

Дерек-дәйек
1944 жылдың 8 наурызында Қап тауларының етегін мекендеген бал­қар­лық­тардың бірнеше ауылы 18 вагонға тиеліп, бір күн бір түнде Сарыарқадан бір-ақ шық­қан. 37 мың балқарлық Қарлаг тұрғыны атанды.
Спасск қорымына ең алғаш болып ескерткіш белгіні 1987 жылы Жапон елінің аза­маттары орнатқан болатын. Жапон елінің өкілдері «Біз әлі ораламыз, бауыр­лар!» деп қашап жазған. Мұнда соғыс жылдары 22 мыңнан астам жапон азаматы түр­меге отырғызылған.