Көкшетауда 20 мыңнан астам жұмыссыз бар

16 мамыр 2022, 08:09

Ақмола облысында 20 мыңнан астам жұмыссыз бар. Өңір қазір кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша үшінші орында тұр. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақ тұрғындарының 6,4 проценті елдегі ең төменгі күнкөріс көрсеткішінен де аз табыс табады.

Астықты Ақмола облысында қазір 730 мыңнан астам халық тұрады. Олардың жартысынан көбі қалалық. Ауыл жұрты негізінен егін және мал шаруашылығын кәсіп қылса, шаһар тұрғындары бюджеттік және жекеменшік салада жұмыс істейді. Себебі, аймақта шағын және орта бизнес жақсы дамымаған.

Облыста мыңдаған адамды еңбекпен қамтып отырған ірі кәсіпорын саусақпен санарлық. Сондықтан жұмыс табу да оңай емес, - дейді, тұрғындар.

БЛИЦ:

- Жұмыс табу қиын. Например, даже техничку найти невозможно. Малооплачиваемо.

- Оңай емес, қиындау. Ұлым іздеді біраз жұмыс.

Жұмыс табылған күннің өзінде еңбекақысы мәз емес, дейді жергілікті тұрғындар. Айтуларынша, айлық табыс күнкөрістен артылмайды. Кейде  тіпті, жетпей қалады.

БЛИЦ:

- Қазір бәрі қымбаттап жатыр ғой. Продукты қымбаттап жатыр. Конечно, аздау, зарплатамыз жетпейді енді.

- Айлық енді орташа ғой, шыны керек. Былай жетеді, былай жетпей қалады сол.  

Алайда, билік өкілдері мұнымен келіспейді. Сөздеріне сенсек, «жұмыс істеймін» деген адамның екі қолына бір күрек табылады. Жалақы да жаман емес, - дейді. Облыста былтыр 200 мың теңге болған орташа еңбекақы биыл 25 мың теңгеге өсіпті. Жұмыспен қамту бағытында да тиісті шаралар қабылданып жатқанын айтады.

Азамат Жанбеталин, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім жетекшісі: - Облыста биыл 10 мың 359 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл, Ұлттық жоба аясында жасалатын іс. Ол жерде білім, мәдениет, құрылыс, экономика, әйелдер арасындағы бизнес және жаппай кәсіпкерлік салалары қамтылады. Жалпы мақсатымыз 17 мың жұмыс орнын құру.

Жұмыспен қамту басқармасы өкілінің сөзінше, жұмыссыз азаматтардың өздері де еңбек етуге құлықсыз. Айтуларынша, аймақтағы 20 мыңнан астам жұмысы жоқ адамның  тек 10 проценті ғана жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген. Ал бізге келгендердің бәрі еңбекпен қамтылады, - дейді, маман. Себебі, кәсіпорындардан сұраныс көп. Мәселен, қазір өңірдің түрлі өндіріс ошақтарына 2 жарым мың қызметкер қажет.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный

24.kz