Мәселе

«Қонақ-жұмысшыдан» құтыла алмай жүрмейміз бе?

  • «Қонақ-жұмысшыдан» құтыла алмай жүрмейміз бе?

    «Қонақ-жұмысшыдан» құтыла алмай жүрмейміз бе?

Қонақ-жұмысшыға қойылмаған тосқауыл қайғылы оқиғаға апарып соғарын өмірдің өзі көрсетті. Өмір жай ғана емес, өзекті өртеген ащы сабақ берді. Сол сабақ алдағы уақытта гастарбайтерлердің көшін қатаң бақылауға алуы тиіс. Әйтпесе мигранттарды көп қабылдайтын АҚШ-тан асып түсуіміз әбден мүмкін. Оның салдары туралы айтып жатудың өзі әбестік.
Деректерге жүгінсек, елімізде осы күні 1 млн-ға жуық гастарбайтер жүр. Оның белгілі бір жұмысты көздеп кел­дім дейтіні 1 пайыз ғана. Қалғаны «ән­шейін» «қыдырып» келеді-міс. Арзан жұ­мыс  күшіне айналған гастарбайтер­лер ту­ра­лы жиі айтылады. Бірақ қолда­ныл­ған шара аз. Жұмсақтық танытқан соң олар біздің елге емін-еркін кіріп шыға береді. Ал сол көңілшектіктің ақы­ры қандай жарға соққанын көзіміз көр­ді.
Базар – қырғыз бен тәжіктікі. Құры­лыс – өзбектікі. Жыл басында Мәжі­ліс­тегі депутаттар жария еткен мәліметтер олар­дың біздің елге келіп, жұмыс істеп, өз Отанының жалпы ішкі өніміне ықпал етіп отырғанын көрсетті. Қырғыздық гас­тар­байтерлердің елде­рі­не аударған табысы Қыр­ғызстан ішкі жалпы өнімінің 29 пайызын құрайды. Бұл банк­тік опе­ра­цияларды тіркеудің нә­ти­жесінде ғана мәлім болғаны екен. Мұның сыртында қолма-қол жеткізілетін ақша бар.
Еуразия даму банкінің жүргізген зерттеуі айыр қалпақты ағайынның сау­да мен ауыл шаруашылығында көп еке­нін анықтаған. Дәлірек айтсақ, Қазақ­стандағы қырғыз мигранттарының 41 пайызы сауда-саттықта жүрсе, 5 пайызы ауыл шаруашылығында. Ал олардың Қазақстанға келіп, орнығуына туған-туысы, жерлестерінің көмегі тигенін айтып­ты. Сөйтіп, гастарбайтерлер құ­мыр­сқадай құжынағанын да байқамай қалып­пыз.

Ал Тәжікстанға еңбек мигранттары та­ра­пынан сырттан құйылатын қаржы көлемі 3 миллиард долларға жетіпті. Құры­лыстағы өзбектердің де қоржыны құр қайтып жатқан жоқ. Халықаралық көші-қон ұйымының 2010 жылғы са­нағы бойынша Қазақстанда жарты мил­лионнан 1 миллионға дейін мигрант жұмыс­шы жүр депті. Олардың үштен екісі – Өзбекстаннан, 25 пайызы – Қыр­ғызстаннан, қалғандары Тәжікстан және ТМД-ның тағы басқа елдерінен келгендер екен. Былтыр Ішкі істер министрлігі жария еткен деректер кейінгі екі жылда мигранттар саны 2,5 милион нан асып, өсіп бара жат­қанын көрсеткен. Оның 1 миллионға жуығы – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары. Тіпті олардың әрқайсысын бақылап, соңында шам ұстап жүру мүмкін еместігін де мәлім­деген еді.
«Алдағы жылдары мигранттар саны 3 миллионға дейін жетеді және олардың 200-300 мыңдайы ғана заңды түрде тіркеліп жұмыс жасайды деп болжайды» кейбір дерек көздері. Бұл – мықтап ойлантатын болжам. Мәселе олардың тапқан табыс­тарында емес, заңсыз келіп, қылмысқа баруында.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Мигранттар санының өсуі ел қауіпсіздігі үшін де әжептәуір салмақ салатынын естен шығармауымыз қажет.  Кейбір жылдары бір реттік акция тұсында немесе төрт-бес ай көлемінде 170 мыңға жуық шетелдік заңдастырылған. Мұндай науқандық шара кезінде шетелдіктер үшін де, өзіміз үшін де ыңғайсыз әрі қажетсіз жайттар көп туындайды. Әсіресе, дәл осы науқандар тұсында шақырылатын адаммен сыбайластық байланысқа түсу мүмкіндігі де артатыны белгілі.

Оған қоса, олардың денсаулығын жіті қадағалап жатқан бір құзырлы ұйым жоқ. Санэпидемстансы мамандары, айталық, дәл қай жылы екені есімізде жоқ, Қараған­дыда жеміс-жидек сатып тұрған гастарбай­терден туберкулездің ашық түрін анық­таған болатын. Осындай кепті қазір гастар­байтерлер еңбек етіп жүрген қоғамның кез келген саласынан көруге болады.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Шетелден келетін азаматтардың денсаулығын анықтау үшін медициналық тексерістен өткізу қажет. Олар кім? Шетелден жұқпалы ауруды әкеле ме, есірткіге тәуелді адам ба, соны білуіміз, анықтауымыз керек. Бұл Ресейдің заңында бар. Үшіншіден, жұмысқа алмас бұрын біз алдымен өзіміздегі ауылдағы, аудандағы жұмыссыз жүрген азаматтарға еңбек қызметін ұсынсақ. Олар келмеген жағдайда ғана шетелдік мигранттарға рұқсат берсек.

Биылдан бастап, бұл гастарбайтерлер екі айлық есептік көрсеткіш 3,5 мың теңге көлемінде салық төлейтін болып парла­мент­те мақұл­дан­ған еді. Салық төлеу ағылып жатқан өзбек, қырғыз, тәжіктерге тізгін тартуға мұрындық болады, әрі бюджетке біршама кіріс түседі деп күтілген. Бірақ соның гастарбайтерлерді тыятынына үміттен гөрі, күдіктің басымдығын жасы­рып жабудың қажеті жоқ. Оның үстіне Ре­сей өзіндегі мигранттар көшін кері қайтару үшін қатаң тәртіпке баратынын ашық хабарлаған еді. Атап айтқанда, Ресей территориясына шетелдік төлқұжатпен ғана кіруге болатын тәртіп. Мұны олар 2015 жылдан бастап күшіне енгіземіз дегені аян. Сөйтіп, Ресейдегі 4 миллионнан астам мигрантты алдағы жылдары 1 жарым миллионға кемітеміз деп алақанына түкіріп отыр. Сол сәтте Ресейден шыққан гастарбайтерлер Қазақстанға қарай ағыларына да тағы күмән жоқ. Бүгіннің өзінде ие бермей отырған олар сол уақытта ноқтаға бас сұқпай кетпей ме? Бұл қауіпті Қазақстан және Орталық Азиядағы еңбек миграциясы бойынша ХКҰ-ның үйлестірушісі Светлана Бекмам­бето­ва да қадап айтқан-ды. Оның айтуынша, егер Ресей шетелдік төлқұжат арқылы тәртіпті енгізсе, мигранттардың саны күрт өсуі әбден кәдік. «Егер Ресей ішке өтуді шектейтін болса, онда тәжіктер табыс табу үшін біздің елге келеді. Оның үстіне, біздің елде квота арқылы келіп, еңбек ететін мигранттар аз ғана. Олардың көбісі, негізінен, қонаққа келіп, содан кейін жұмыс істей бастайды-мыс. Көші-қон заңнамасын бұзып, депортацияға ұшырап жатады» деген болатын ол. Ресейдің вице-премьері Дмитрий Рогозин «біздің ел кім көрінген кіріп-шыға беретін «проходной двор емес» деп тепсінген-ді. Сол тепсінісі тек емес. Келімсектерге теперіш болатын түрі бар. Біз де ше?
Асымызды ішіп, аяғымызға түкіріп жатса да, шаңырақты ортаға түсіріп, ошақтағы отымызды өшірсе де, үнімізді шығара алмайтынымыздың соңы сан соқтырып, өзегімізді тағы өртемесін дейік...
Қуандық ТӘШЕНОВ, экономист:
– Жергілікті жұмыс күшінің «абыройсыз» жұмыстан бас тартуы немесе жұмыс берушінің төлейтін еңбекақысын азсынғандықтан, сырттан келетін гастарбайтерлерге сұраныс пайда болады. Ал жергілікті жұмыс күші өздерін қанағаттандыратын жұмыс немесе жоғары жалақы төленетін жұмыс таба алмағандықтан, Үкіметтің беретін жеңілдіктеріне, кездейсоқ жалақыға күнелтеді. Олардың басым көпшілігі ата-анасының немесе өзге де туысқандарының арқасында күнін көріп, оларға масыл болып жүреді.




Көрілген: 824    Пікірлер: 0

бейсенбі, 22.08.2013, 14:34

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31